Бәріміз үшін маңызы зор
Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізудің маңызы зор. Бұл саяси оқиғаның біздер үшін атқарар рөлі ерекше деуге болады. Алдағы жылдары еліміздің экономикалық даму ырғағы төмендемеу үшін, халықтың әлеуметтік жағдайы күрт түсіп кетпеуі үшін ішкі, сыртқы саясат тұрақты болуы тиіс. Сондықтан да халқымыз көпке созбай өз Президентімізді таңдап, сайлап алуы керек екендігі бесенеден белгілі.
Жалпы, жұртшылық еліміздегі саяси өзгерістерді, кезектен тыс Президент сайлауының өтетінін түсіністікпен қабылдап, жоғары бағалады деуге болады. Халқымыз өзінің басшысын ашық, демократиялық негізде сайлап алуы әр қазақстандықтан үлкен жауапкершілікті талап ететіні анық.
Қараша айының 20-сына жоспарланып отырған сайлауға барлығымыз бір адамдай қатысып, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Шын мәнісінде бұл елдің болашағы үшін өте қажет саяси науқан. Мемлекетіміздің болашағына кепіл болатын осындай саяси науқан кезінде ел ішіндегі татулық, бірлік қана сырт көз қызығатындай маңызды іске жұмылдыратыны рас.
Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында көптеген мәселелердің астын сызып тұрып айтып өткен болатын.
«…Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз, –деді Президент. – Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз. Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру», деп нақты атап көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген мемлекеттің экономикалық діңгегі шағын және орта бизнесте екендігін айтудай-ақ айтып келеді. Кәсіпкерлікті қолдау – биліктің басты міндеттерінің бірі екендігін тілге тиек ете келіп, мынадай тұжырымды ойларын ортаға салған болатын.
«…Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет. Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс», деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керектігін, кез келген маңызды келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуы тиістігін айта келіп, бұл үшін тиісті заң қабылдау қажеттігін ескерткен. Сондай-ақ Президент өзінің соңғы Жолдауында сайлауға қатысты өзінің бірнеше ұсыныстарын айтты. «…Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді», – деген-ді Президент.
Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осынау құнды ойларына толық қосыламыз. Ең бастысы, елімізде тыныштық болуы маңызды.
Ахметқазы Жұмағазин, Аягөз аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы