Қоғам

Берешекке белшеден батқандар жарықсыз қалды

Берешекке белшеден батқандар жарықсыз қалды


Семейде жылудан ғана емес, электр қуаты бойынша да белшеден қарызға батқандар аз емес. Бұл мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келе жатыр.

Бүгінде қаламызда заңды және жеке тұлғалардың электр қуаты үшін жалпы қарызы 717 млн. теңгеден асып кетіпті. «Шығысэнерготрейд» серіктестігінің сату жөніндегі менеджері Александра Чуркинаның айтуынша, тұрғындардан гөрі коммуналдық мекемелердің берешегі көп. Мәселен, «Жылукоммунэнерго» мен «Семей су арнасы» мекемелерінің жалпы қарызы 513 млн. теңгеден асқан. Уақтылы төлейтіндердің көбі – зейнеткерлер. Жеке тұлғалардың электр қуаты үшін жалпы берешегі 147 млн. теңге.

Қамтушы мекеме өкілінің айтуына қарағанда, абоненттердің берешегі былтырғыдан әжептеуір артып кеткен. Сондықтан да алдағы уақытта жарықтан ажырату шарасын жиі қолдануға тура келеді. Құрамында «Шығысэнерготрейд» пен ШҚ РЭК мекемесінің қызметкерлері, сот орындаушылар бар арнайы топ Қайрат Рысқұлбеков көшесіндегі 105-үйде тұратын тұрғынды электр энергиясынан ажыратты. Қарызы 80 мың теңгеден асып кетіпті. Оған бірнеше мәрте «берешегіңді төле» деген ескертпе жасаса керек. Нәтиже шықпаған соң, сот орындаушысы электрмен қамтушы мекеме өкілдерімен бірге үй иесінің мүлкін тәркілеуге келді. Бірақ өзін «үй иесінің баласымын» деп таныстырған адам үйге кіргізбеді. Жұмыстың мұнымен бәрібір тоқтамайтыны белгілі. Сот шешімін орындамағаны үшін үй иесі заң алдында жауап беретін болады. Арнайы топ бұдан соң академик Павлов, 32 көшесінде орналасқан үйге келді. Бұл үй жарық үшін 218 мың теңге қарыз болып шықты. Бірақ арнайы құрылған топ үйге кіре алмады.

– Үй қожайыны осында тұратыны анық,-деді мемлекеттік сот орындаушы Құралай Қайырбекова,- мұнда бірнеше рет болдық. Сыртқы есіктері ылғи бекітіліп тұрады. Ескертуді жазбаша да, ауызша да талай айттық. Ол сот шешімін ерікті түрде орындаудан бас тартып отыр. Алдағы уақытта ішкі істер басқармасы арқылы қарызы бар үй иесін мәжбүрлеп әкелу шарасын қолдануымызға тура келеді. Қарызын толық өтегенше бұл үй де мүлде жарықсыз қалатын болады.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button