Берелден шығып, биіктерді бағындырған
Еліміздің әр пұшпағы тұнып жатқан тарих, қасиет қонған құтты өлкелер десек, оның ішінде Шығыстың алар орны ерекше бөлек біздер үшін. Ал киелі, алтын тау, асқар Алтайымызды апталап жырласақ та бағасына жете алмаймыз. Осынау киелі өлкеде шыр етіп дүниеге келіп, бар саналы ғұмырын еліне, жеріне қызмет етуге арнаған азаматтарымызды санамаласақ, санына жетпейміз. Солардың бірі – бүгінде жетпіс атты асудың белесін бағындырып отырған, есімі елге белгілі катонқарағайлық атпал азамат Амантай Балтабаев.
Еңбекпен шыңдалып ержетті
Киелі өлкеден түлеп ұшқан Амантайды ауылдастары мен замандастары әуелден Амантек деп атайтын. Амантай Балтабаев 1952 жылы 1 мамырда Катонқарағай ауданы Берел ауылында дүниеге келді. Мектепті Сахатушкадағы орыс класынан бастап, онжылдықты Өрелден ойдағыдай аяқтайды. Оқушы, балдәурен балалық шағында ауылдағы қатарластарынан қалыспай, тіпті олардың алды болып спортпен шұғылданады. Кеңшардың бітіп бермейтін шөп, отын дайындау секілді түрлі шаруашылық науқандарына елмен бірдей араласып, қолғабыс етті, көмекші болды. Одан қалса, үйдегі ұсақ-түйек малға қарауды да, анасына көмектесуді де өзінің міндеті деп санады. Бала шағынан еңбекке араласқан ол шымыр да, еңбекқор болып шыңдалып ержетті.
Өрел орта мектебін бітіргеннен кейін, 1970-72 жылдары Ресейдің Амур облысында әскери борышын өтеді. Оның алды-артын терең ойлап, ақылмен ұтымды шешім қабылдайтын нағыз азамат болып қалыптасуына негіз болған осы әскердегі жылдары еді. Кеңес армиясының Қиыр Шығыстағы стратегиялық ракеталар әскери құрамында рота старшинасы ретінде Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарды.
Әскер қатарынан оралған жас жауынгер бірден қоғамдық жұмыстарға тартылып, еңбек жолын 1973 жылы Өскемен қаласының Бүкілодақтық түрлі-түсті металдар ғылыми-зерттеу институтында слесарь болып бастады. Сол жылы қыркүйек айында Катонқарағай ауданы, «Өрел» кеңшары комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, 1974 жылдың қараша айына дейін жемісті жұмыс атқарды. Бірер жыл аянбай еңбек етіп, біраз дүниеге қанықты. Қанықты да білімді ұштай түсу керектігін түсінді.
Сол мақсатпен Қазақстан түсті металлургиясының флагманы Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына балқытушы болып жұмысқа орналасады да, облыс орталығындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне сырттай оқуға түседі. Кейіпкеріміз алдымен 1979 жылы Өскемен педагогикалық институтының тарих, 2007 жылы Орталық Азия университетінің юриспруденция факультеттерін бітірді.
Қауіпсіздік қызметі сеніммен тапсырылды
1974 – 77 жылдары Өскемен қаласының қорғасын-мырыш комбинатында машинист-кочегар болып еңбек етеді. Жоғары білім алған соң жанұя жағдайына байланысты Зырян қаласына /қазіргі Алтай/ қоныс аударып, шахта құрылыс басқармасында жерасты үңгушісі болып істеді. 1978-80 жылдары Катонқарағай аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің инструкторы қызметтерін абыроймен атқарды.
Туған еліне оралып, аудан көлемінде жауапты қызмет атқарып, ел ішінде ақыл-парасатымен құрметке бөлене бастаған шағында КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құрамына қызметке алынды. Ол заманда бұл органға кез келген адамды қабылдай бермейтін. 1980-92 жылдары КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері болды. Тек адал, елмен жұмыс істей алатын, азаматтарға ғана Үкіметтің құпиясы сеніп тапсырылатын. Біраз жыл елде осы қызметте істеп тәжірибе жинаған соң, оны облыстық басқарманың барлау бөліміне жауапты қызметке өсірді. Қызметтегі жоғары көрсеткіштері ескеріліп, жоғары шенді офицер Балтабаев облыстың бір ауданының мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бөліміне басшылыққа тағайындалады. Онда өзінің ұйымдастырушылық қабілетін айқын танытып, қызметтік мекенжай, тұрғын үйлер салдырады. Аудандағы орын алған кейбір бюрократиялық кемшіліктерге ашық тойтарыс береді. Өзінің әділ де таза жолмен еңбек етуді алға ұстайтын принципшіл басшы екендігін нақты істермен көрсетеді. Кейіннен облыстық басқармаға басшылық қызметке ауыстырылады.
Катонды дамытуға зор үлес қосты
Артынан бұл саладан өз еркімен ауысып, туған жеріне қайта оралып, 1992-98 жылдары Катонқарағай «Кредо» ауылшаруашылық өндірісін құрып, оның директоры, ал 1998-2008 жылдары Катонқарағай «АСТ» шаруа қожалығына жетекшілік етті.
Абыройының арқасында аудандық мәслихатқа депутат та болып сайланды. Ал 2008-2017 жылдары Катонқарағай ауылдық округінің әкімі болып еңбек етті. Ел-жұрты әрқашан қолдау танытты. Саяси сауатты, ісіне тындырымды, жауапкершілігі мол басшы ретінде Катонқарағай ауылдық округінің дамуына зор үлес қосты. Катонда балалар саяжайы, балабақша ашылды. Су құбырлары тартылып, көшелер, үйлер жөнделді. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың сәні кірді. Бұдан бөлек қонақ үй, аурухана секілді халыққа қажетті нысандар іске қосылды. Катонның көшелерінде сиыр мен қойдың бей-берекет жайылып жүруі тыйылып, барлық мал жайлауға шығарылды. Бұл ісіне ауылдастары дән риза.
Ұзақ жылғы еңбегі өкімет тарапынан әділ бағаланып, мерекелік медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Катонқарағай аудандық мәслихатының екінші, төртінші шақырылымдарының депутаты. 2007 жылдан бастап «Нұр Отан» /қазір Amanat/ партиясының мүшесі болды. Өмірлік серігі Роза екеуі бес бала тәрбиелеп, жеткізді.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Амантай Балтабайұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Бақыты – балалары
Адамда арман таусылған ба? Бала күнінен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай әлпештеп өсірген, ел қатарлы азамат болса деп армандаған асыл анасы Бақтыбала шешейдің ұлының ел басқарып, атқа қонған, ел құрметіне бөленген кемелді шағын көре алмағаны, орындалмай қалған армандай болып, әлі күнге дейін жүрегін сыздатады.
Өмірлік серігі Роза екеуі ұлдары Марат, Талғат, Мұраттардың жоғары білім алуына бірдей атсалысып, әрдайым қолдау танытып, өз ұяларына қондырды. Бүгінде солардан балдай тәтті немере сүйіп отырған жайлары бар. Олар да өз мамандықтарына сай қызмет етіп, Қазақстанның әр жерінде әке мен анадан берілген тәрбиені төгіп-шашпай елге қызмет етуде. Төрт ұлдың ортасындағы көзінің қарашығы – мектепті үздік бітірген қызы Әйгерім Семей медициналық академиясын бітірген ақ желеңді абзал жан. Бүгінде ол да жанұялы, Өскеменде тұрады. Кенжелері Сымбат Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенті.
Қазіргі уақытта Амантай Балтабайұлы Катонқарағай ұлттық паркінде заңгер қызметін атқарады. Жаз айларында жұбайы Роза екеуі немерелерін алдырып, олардың бойына туған ел мен жердің табиғатына деген сүйіспеншілік пен отансүйгіштік мақтаныш сезімін терең сіңіріп, туған жерге деген махаббаттарын арттыра түсуге бар күш-қуаттарын, өмірлік тәжірибелері мен білімдерін арнауда. Бұл да бабалардан жалғасқан, Берелден шығып, биік белестерді бағындырған Балтабайұлының көрегендігінің белгісі, өнегелі өмір жолы болар.
Дәурен Аллабергенұлы