ТОП

Берелде ауыл туризмін дамыту қолға алынады

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен Катонқарағай ауданының Берел ауылында ауыл туризмін дамытуға арналған жоба талқыланды.

Қойылған міндет аясында облыстық туризм басқармасы халықаралық тәжірибені зерделеген болатын. Сонымен, сарапшылар пікірінше, қазір біздің аймақ үшін ең оңтайлы нұсқа – әлемде кең таралған британдық модель. Бұл модель, ең алдымен, туристерді орналастырудың арнайы жүйесін ұсынады, ал маңыздысы – жергілікті халықтың өзіндік қарапайым өмір салты мен жайлылық стандарттарына қойылатын минималды талаптар.

– Бүгінде Катонқарағай ауданында осы типтес алты қонақүй бар. Берел ауылының тұрғындары туристерді көптен бері құшақ жая қарсы алып, ақысыз негізде өз баспаналарын ұсынып келеді. Сондықтан тұрғындар үшін ауыл туризмі жаңалық болмайды деп сеніммен айта аламын. Біздің халқымыз әрқашан қонақжайлығымен танымал болған, бірақ қазір қонақтарды қарсы алып, олар үшін әдеттегі жағдайларды жасап, әрине, туроператорлардың белгілі бір талаптарын орындай отырып, ақша табуға мүмкіндік алады. Мемлекет өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл ретте Берел ауылы халқының 63%-ы экономикалық тұрғыда белсенді екенін ерекше атап өткен жөн, – деді аймақ басшысы.

Алдағы аптадан бастап тілек білдірген ауылдың 27 тұрғыны «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Жобаларын қорғап, үздіктері 3-тен 5 миллион теңгеге дейін өтеусіз грант алады. Бұл қаражат туристерді қабылдауға арналған, туроператорлардың талаптарына сәйкес үйлердің жабдықтарын жаңғыртуға жұмсалады. Айта кету керек, келесі жылдан бастап бес ірі туроператор Берелге туристерді жіберуге дайын.

Жоба тек қонақүйлердің ашылуын ғана емес, сонымен қатар қызмет түрлерін ұйымдастыруды – трансфер, атпен арнайы маршруттар, кәдесый бұйымдарын сататын дүкендер ашуды да көздейді. Ол үшін бизнестің жол картасы аясында жергілікті тұрғындарға арнайы гранттар бөлінетін болады.

 

DIDAR ақпарат

Осы айдарда

Back to top button