Руханият

Берел қорғандары –баға жетпес қазына

Берел қорғандары –баға жетпес қазына


Өңірде археология саласында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Рухани қазына» бағдарламасының аясында ғалымдар «Шығыс Қазақстанның өркениеттік феномені» бірегей ғылыми тұғырнамасын жасауда. Ол өңіріміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын кешенді зерттеуді қарастырады және өзі екі негізгі бағыттан тұрады: «Шығыс Қазақстанның көне қазыналары» және «Шығыс Қазақстанның інжу-маржандары». «Көне заманның қазыналары» жобасы – бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары және археологиялық қазбалар, олар 2016 жылдан бері озық қазақстандық археологтар жетекшілігімен табысты іске асырылып келеді. Солардың бірі – Зейнолла Самашев қарашада 70 жасқа толды. Сұхбатта біз Берел қорғандарының бірегей жәдігерлері және Шығыс Қазақстан аумағындағы археологиялық қазбалардың маңызы туралы сөйлестік.

Берел қорғандары –баға жетпес қазына

Бас сүйекті тесіп ота жасапты

– Сіз қазақстандық археология көрмелерінің Сеул, Сан-Диего, Хьюстон, Берлин, Гамбург, Мюнхен, Мәскеу, Киев қалаларындағы ұйымдастырушысы болып табыласыз. Сол көрмелердегі осы Берел қорғанынан табылған құнды заттар туралы айтсаңыз

– Әлбетте. Атап өтерлігі, Берел қорғандары ХІХ ғасырдың ортасында-ақ ғалымдардың қызығушылық танытқан нысаны болған. Алғашқы археологиялық зерттеулерді мұнда тегі неміс әйгілі орыс ғалымы Вильгельм Радлов жүргізген, ол 1865 жылдың өзінде бірнеше қорғанды, оның ішінде ғылымға Үлкен Берел қорғаны деген атпен таныс ең ірі нысанды зерттеген. Берел қорғандарын зерттеуді біз 1997 жылы Франция және Италия ғалымдарымен бірлесе отырып бастадық. 1998 жылы біздің дәуірімізге дейінгі ІV-ІІІ ғасырларға тиесілі №11 «патшалық» қорғанды қаздық, онда мәңгілік мұздақта сақталған құнды әбзелдері бар 13 мініс ат табылды. Олар сақ көсемін және онымен бірге көмілген әйелді (бәлкім, күңі болуы мүмкін) соңғы сапарға шығарып салу үшін жерленген.

Осы қорғандағы ерекше құнды жәдігерлер ішінде диадема, кеуде әшекейі, ритуалды заттар, қару, бұғы басының үш өлшемді бейнесі бар салмақты ілмектер, алтын пластиналармен және мүйіздермен безендірілген жылқылардың маскалары, шынайы және мифтік жануарлардың көптеген алтын фигуралары айрықша байқалады.

Қорғанасты мұздағы осы зираттарда киімнің, ат әбзелдерінің, ерлердің, маталардың, ағаш ыдыс-аяқтың, ағаштан, былғарыдан және киізден жасалған заттардың алғашқы қалпында сақталуына сеп болған. Әдетте қорғандарда тек металдан жасалған заттар мен сүйектер, қыш қана сақталады. Осы ескерткіштердің бірегейлігі де осында. Бүгінде Берел – органикалық жәдігерлер сақталған Қазақстан аумағындағы бірден-бір ескерткіш.

– Осы туралы толығырақ айтып беріңізші.

– Мамандар №11 қорғаннан табылған қанқа сүйектеріне бальзамдау іздерінің және мүрдемен жүргізілген өзге де манипуляциялардың бар-жоғына визуалды зерттеу жүргізді. Еркек бас сүйегінің төбе бөлігінде сынық, ал қабырғаларынан өмірдің түрлі кезеңінде алынған көптеген бітіп кеткен сынықтар байқалды.

Бас жарақаты сипатына жүргізілген талдау еркекке жарақаттан кейін жарадан сүйек сынықтарын және ұйыған қанды алу мақсатында медициналық көмек көрсетілгенін анықтады, бұған аяқталмаған бас сүйек трепанациясының (!) іздері куә. Ойлап қараңыздаршы, сол кезде медицина қандай деңгейде болған, тіпті күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалған!

№11 қорғаннан табылған еркек денесінің бальзамдалуына жанама дәлелге мына деректер негіз бола алады, оның қалдықтарының жұмсақ және қатты тканьдарына негізі органикалық емес бояғыш сіңдірілген. Көне берелдіктер көмілгендердің мүрделерін сақтау үшін сынапты қолданған. Ендеше, химия да, ғылым да тұтас алғанда жоғары даму деңгейінде болған.

Берел қорғандарының жәдігерлері өзіндік өнер ескерткіштерінің көптігімен және сан алуандығымен ерекшеленеді. Ағаштан, былғарыдан, теріден, киізден және металдан жасалған дөңгелек мүсіндегі, барельефтегі, силуэтті және полихромды суреттердегі бейнелер скиф-сібір жануарлар стилінде үлкен шеберлікпен орындалған. Заттардың көп бөлігіндегі безендірулер көп жағдайда айқас кезінде көрсетілген жануарлар және зооморфты құбыжықтар бейнесіндегі мифологиялық персонаждардан тұрады. Осының бәрі қорғандардың мәдениеті жағынан Қара теңіз маңы скифтеріне жақын жартылай көшпелі тайпаға тиесілі деген қорытынды шығаруға мүмкіндік берді.

– Ендеше Берел жәдігерлері сол кездегі адамдардың мифтерімен және аңыздарымен байланыстырылады ғой?

– Ең ерте мәліметтер – аримпаспалар, грифтер және аргипейлер туралы Геродоттың аңыздары осы жерде, Алтай тау жүйесі аумағында шоғырланады. Аңыздардың бірі бойынша мұнда алтын күзеткен грифтер (тазқара) тұрған. Осы тайпаларда грифон бейнесі көркем мәдениет өнерінің негізі болып табылады және сондықтан осы бейнелер мұнда 90 пайыздан асады.

Геродоттың әдемі аңызы бойынша, бір көзді армаспалар ылғи да грифтермен соғысқан және алтынды алып қашуға тырысқан. Олармен қатар тақырбас аргипейлер тұрған. Расында да мұнда еркектер және тіпті әйелдер пазырық уақытында, яғни біздің дәуірімізге дейінгі ІV-ІІІ ғасырларда шаштарын тақырлап алған, шаштан парик жасап, соны киіп жүрген. Осы бірегей, жергілікті негізде пайда болған мәдениет басқа тайпалармен және халықтармен тығыз араласу кезінде дамыған; ол бүкіл Алтай тау жүйесі аумағына таралған болатын және қазіргі Қытайдың Синьцзян провинциясының бір бөлігін қамтып жатты.

Тайпалар жартылай көшпелі өмір салтын ұстанды. Бұл ұйғарым үнемі көшіп жүрген халық осындай жоғары көркем туындылар жасай алмайды дегеннен туындайды. Өйткені мұндай шедеврлерді жасау үшін стационарлық жағдайлар керек. Яғни, оларда елді мекендер, тұрғын үйлер, шеберханалар, өзіндік зертханалар болған. Олардың бәрін археологтарға табу керек.

Ал осы жағдайларды жасау үшін әлеуметтік, саяси құрылым керек, мемлекеттілік керек. Әйтпесе, металды, нақ сол алтынды өндіруді, игеруді ұйымдастыру мүмкін емес.

Осы деректер өте жоғары ұйымдастырылған қоғамның болғанын көрсетеді. Мұнымен қоса, бұл тайпалар қару жасаған, біреулермен соғысқан, біреулерден қорғанған. Оларда мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған. Осының бәрі олардың мәдениетіне кешенділік сипат береді.

– Олар қазіргі адамдарға қарағанда ірі болған дейді, осы рас па?

– Бұл артық айтылған сөз. Мәскеу институтының антропологтары қалпына келтірген 11-ші қорғаннан табылған Берел көсемінің басының және денесінің жоғарғы жағының скульптуралық көрінісі қазіргі заманғы орта бойлы адамдікіне пропорционалды.

Берел патшасының байрағын таптық

– Сіздің ойыңызша, Берел қорғанынан табылған ең мәнді зат не?

– Бұл – пазырық Алтайы мәдениеті ескерткіштерінде баламасы жоқ Берел патшасының штандарты. Онда түрлі жануарлар бейнелері көрініс тапқан. Мен айтқандай, қорғандарды зерттеудің алғашқы кезеңінде бізбен француз ғалымдары болды, бірақ кейін осы ескерткіштердің маңызы бойынша арада принциптік қарама-қайшылақтар пайда болды. Содан кейін біз оларды шақыруды қойдық. Француздар үнемі жәдігерлер арасынан бөгде жерлік элементтерді іздейтін. Олардың пікірінше, біздің арғы ата-бабаларымыз бір нәрсені қытайлардан, ал бір нәрсені ахеменидтік Персиядан алыпты-міс. Бірақ қалайша? Балқарағай, самырсын – жергілікті ғой. Олардың нұсқасы бойынша ағаштардың бұл түрлерін 25 ғасыр бұрын мұнда Парсы елінен немесе Аспаны асты елінен тасыған ба? Жалған! Өйткені, заттың негізі ағаш қой, оның үстін алтынмен жалатқан.

Осы көркемдігі жоғары бұйымдардың арқасында бірегей Берел ескерткіші әлемге әйгілі болды және ғылым әлемінде сенсация жасады.

– № 11 қорғаннын кейін де Берел жазығында көптеген жаңалықтар ашылды ғой?

– Кейін мұздақ жағдайларындағы жерлеу жүргізілген тағы бірнеше қорған зерттелді. Нәтижесінде ақпараттығы бойынша бірегей және көркем құндылығы жағынан керемет көне көшпенділер дәуірінің бұйымдары табылды.

№11 қорған секілді олар да Пазырық қорғандарының баламасы болып шықты. Жерленген заттар байырғы заманда ұрланған екен, бірақ мұздақтың пайда болуына септесетін тас үйінді астында көмілген адамдардың, жылқылардың қалдықтары және көптеген тұрмыстық заттар сақталды. Бөренелі табыттарда ағаш діңгектер айналасынан тоңаушылар шашып кеткен адамдармен бірге жерленген киімдер, киіз және былғары кілемдер, түрлі ыдыс-аяқ, өзге де заттар табылды. Керемет әшекейленген ерлер ең көне жәдігер болып шықты, гректерде, ассириялықтарда, парсыларда ол кезде ер-тоқым жоқ болатын.
1998 жылдан 2017 жылға дейін біз 20-дан астам қорғанды аршыдық, олар Алтай субаймағында көне замандарда және орта ғасырларда болған мәдени-тарихи үрдістерді қалпына келтіруге арналған құнды материалдар берді (барлығы мұнда шамамен 100 қорған және өзге де жерлеу имараттары бар).
Өткен жылы біз №2 қорғанды қыздық, онда үлкен тереңдікте қорғанасты мұздағында жеті құрбандық жылқысы (кейбіреулері ер-тоқыммен) бар адамның сүйегі табылды. Сондай-ақ, қорғаннан үлкен қыш құмыра шықты.

Анығы, мұнда біз 1865 жылы Вильгельм Радлов қазған сақ патшасының әйелінің қаңқасын таптық. Бұрын зерттелген қорымдардағыдай мұнда вандализм іздері көрініп тұрды. Мәселен, алтынмен әшекейленген алтын жүген барлық аттардың қаңқасында болмай шықты, тек табытқа жақын жатқан аттарда ғана жүген болған.

Осы қорым облыс әкімі Даниал Ахметовтің асқан қызығушылығын туғызды, ол сол кезде сол жерге келіп, ашық аспан астындағы мұржай құрылысы мәселесін талқылады. Аймақ басшысы №2 қорған үстіне шыны саркофаг салу туралы біздің ұсынысымызды қолдады, аталмыш саркофаг келушілерге жерлеу шұңқырына түсіп, құнды жәдігерлерді жанынан көруге мүмкіндік береді. Сол жазда саркофаг салынып бітті, 9 қыркүйекте оның ашылуы өтті. Қазылып алынған археологиялық нысанды мұражайландыру идеясын іске асыру қорым ішіндегі заттарды толық реконструкциялаудан, нысанды шыны жабынды ішіне орналастырудан және тиісті мұражайлық-туристік инфрақұрылым жасаудан тұрды.

– Қорғанды мұражайландыру идеясы менің білуімше, бұрында да қарастырылған ғой?

– 1998 жылдың өзінде Берел алқабының негізгі нысаны – №11 қорғанды зерттеу үрдісінде мәдени ландшафты қалпына келтіру, қазылған археологиялық нысандарды мұражайландыру идеясы пайда болды. Экспозицияны орналастыруға, жәдігерлерді сақтауға және сувенирлік өнімдерді шығаруға арналған ағаш павильондар мен ғимараттар, сонымен қатар, спорттық-сауықтыру корпустары бар көңіл көтеру-қонақүй кешендері жоспарланды.

2010 жылдың маусымында біздің бастамамыз бойынша «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығында «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын іске асыру бойынша қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Оны Президент Әкімшілігі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті, облыс әкімінің аппараты, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырды. «Берел» қорымында алғаш рет болған мәртебелі қонақтар көргендеріне таң ғалысты. Олар бұл тек қана қазақстандықтардың ғана емес, сондай-ақ бүкіл халықаралық қауымдастықтың бірегей мұрасы екенін, оны ұрпақ үшін сақтап, келушілер үшін қолжетімді ету керек екенін айтты. Алайда, осы бағыттағы нақты қозғалыстар аймағымызға Даниал Кенжетайұлы Ахметов басшы болып тағайындалғанынан кейін басталды. Осы жылы мен айтқан №11 қорғанды мұражайландыру бойынша жұмыстар қолға алынды.

Генетиктер сақтар түркілердің ата-бабалары деп отыр

– Сіздердің француз әріптестеріңізбен ынтымақтастықтарыңыз қайта басталмай ма?

– Осы жылдың тамызында «Берел» мұражай-қорығына Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Франсис Етьен кеп кетті. Мен қонаққа қазақстандық ғалымдардың көне сақ қорымдарын зерттеуде француз әріптестерімен өзара іс-әрекеттестігі туралы айттым.

Франсис Етьен мырза «Археологтар бұл жерден жазу іздерін тапқан жоқ па?» деп сұрады. Оның айтуынша, Франция аумағында дәл осындай қорғандардан жазу іздері табылмаған.

Мен елшіге Жетісуда сақ кезеңінің дәл осындай қорғанында жазу үлгілері табылғандығын айттым. Сондықтан мынадай қисыңды ой туындайды. Өз мемлекеті, өз мәдениеті болған Берел адамдарын біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда ғұндар талқандайды, бұдан соң халықтың бір бөлігі Жетісуға кетеді, екінші бөлігі солтүстікке, Тайга адамдарына кетеді, үшіншісі қазіргі Қытай аумағына кетеді. Олар өздерімен бірге өз мәдениеттерін де ала кетеді. Айталық, нақ сол Жетісудағы Есік өзені маңында жазу үлгілері табылған болатын.

Бірақ егер жазу ақпаратты сақтау және тарату тәсілі ретінде қарастырылса, онда киім-кешек, үй құралдары, зооморфты тіршілік иелерінің бейнелері бар әшекейлер, қару, жылқылар және олардың әбзелдері, өзге артефактілер, олардың сақ қорымдарында орналасу жүйесі – осының өзі ақпаратты сақтау және тарату тәсілі деп түсінген жөн. Бұл барынша күрделі тәсіл болса да, оның көмегімен біздің арғы ата-бабаларамыздың өмірі туралы өте көп біле аламыз.

Франция елшісі көне сақтар генетикалық тұрғыда кімдерге қатысты екенін сұрады. Мен ұзақ жылғы зерттеулерден кейін ғалымдар олар қазіргі түркі халықтарының ата-бабалары болып табылады деген ұйғарымға келді деп түсіндірдім. Мұндай нәтижеге еуропалық және американдық генетиктер де келіп отыр.

– Берелде жасалған ең соңғы жаңалық қандай?

– Өтіп бара жатқан жылдың жазында біз №5 қорғанды зерттедік, ол пазырық кезеңіндеі сақ ақсүйектеріне жататын әйелдің қорымы. Бұл элиталық түрдегі соңғы қорған болатын. №5 қорымның бірегейлігі сол, онда бас киімнің фрагменттері сақталған, оны түркі халықтарының әйелдер бас киімінің алғашқы үлгісі деп айтуға болады.

Бұл қорған бұрындары тоналған болып шықты. Алғаш рет ол жерлеуден кейінгі екі жылдан соң ұрланған. Көне тонаушылар қорымның құрылымдық ерекшеліктерін жақсы білген. Олар алдымен қорымның батыс жағынан тіке құдық қазып, сосын көлденең шахта жасаған, сол арқылы саркофакқа бүйірден кірген. Саркофагтың өзі қарағайдың бөрнелерінен жасалған, ал үстіне қайыңның қабығы жабылған. Қазушылар оны бүйірден, мүрделердің аяқ жағынан қазған, және шіріп кеткен мүрдені аяғынан тартып алған. Алтын бұйымдармен әшекейленген шошақтөбелі бас киім және белдік табытта қалған. Жерленген әйелдің сан жілігінен біз тері бұйымның қалдықтарын таптық, ол қымбат, сапалы өнделген теріден жасалған тон болуы ытқимал. Бірге көмілген екі жылқының қаңқаларына ешкім тимеген, олардың бірінің маңдайында алтын әшекей болды. Ол жерленген әйелдің жеке жылқысы болған, ал екіншісін жорықтарда алып жүрген көрінеді.

Кейбір ғалымдар бұл еске алу салтына қатысы бар таза жоралғылық тонау болды деп санайды, басқалар вандализм актісінің мақсаты қорымды қорлау болған деп санайды. Ал көпшілігі пайда табу мақсатындағы кәдімгі тонаушылық деп ойлайды.

– Даниал Кенжетайұлының сол кезеңдегі әйелдер туралы айтқаны есімде. Сол туралы не айтасыз?

– Осы жылдың тамызында Берелге тағыда облыс әкімі Даниал Ахметов келді. Ол менімен бірге басқышпен табытқа түсіп, артефактілерді, жануарлар фигурасы түріндегі алтын әшекейлерді қызыға қарап шықты және таң-тамаша қалды. Жерленген әйелдің табытынан қанжар табылды. Даниал Кенжетайұлы олар соғысқан, ерлерімен бірге жорықтарға қатысқан болуы мүмкін деген ерек ойын жеткізді. Бұлар жауынгер әйелдер, дала амазонкалары болған.
Массагеттер патшайымы Томирис сондай болған. №2 қорғаннан табылған әйел тегіннен-тегін салтанатпен жерленбеген. Бұл сол кезеңде әйелдер еркектермен бірге тең құқылы болғанын, маңызды шешімдер қабылдауда дауыс құқығына ие болғанын көрсетеді. Бұдан біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда осы жерде тұрған біздің ата-бабаларымыздың демократиялық қағидалары туралы қорытынды шығады.

Даниал Ахметов Берел қорғандарын қасиетті орын деп атады. «Бұл адамзат қазынасы, – деді ол. – Осы жердің сұлулығы таң қалдырады және шабыттандырады. Тегіннен-тегін ол Патшалар жазығы деп аталмаған. Осындағы көзге көрінетіндердің бәрі мақтаныш сезімін туғызады. Біздің ұлы тарихымыз бар, және бізге мақтанарлық дүние жетерлік». Ол жоғары деңгейде өңделген көркем туындыларды атап өтті. Расында да, сол кезеңде осы аумақта тұрған біздің ата-бабаларымыз иеленген бірегей технологиялар бүкіл әлемде теңдессіз болған.

Берел қорғандары –баға жетпес қазына

«Тарихымыздан қымбат ештеңе жоқ» деді облыс әкімі

– Қорымдарды зерттеу бойынша жұмыстарды ары қарай қаржыландыру мәселесі қалай шешілуде?

– Біз қорымға түскен кезде Даниал Кенжетайұлы «Осыған қанша қаржы қажет?» деп сұрады. Мен жауап бермей жатып-ақ, «Тарихымыздан қымбат ештеңе жоқ» деді. Облыс әкімі №5 қорған үстіне шыны күмбезі бар саркофаг салуды ұсынды, ондай саркофаг №2 қорған үстіне салынған болатын. Бірақ оны үлкен етіп жасау керек, онда жәдігерлер көрмесіне арналған орынжайлар, конференц-зал болуы тиіс.

Мен өз кезегімде аталмыш бірегей орынды алғашқы түрінде сақтау үшін осы қорғанды мұражайландыруды ұсындым. Сонымен қатар, айнала тастарды қалдыруды, ал жоғарыдан аркалы жабынды салуды айттым. Аймақ басшысы осы ұсынысты қолдады.

«Біз мұнда тарихи-археологиялық мұражай кешенін жасаймыз, – деді ол. – Адамдарға осында келуге ыңғайлы болуы үшін инфрақұрылым мәселесін ойластырамыз. Ондаған мың туристер, мектеп оқушылары мұнда өз елінің тарихын тану және отансүйгіштікті бойларына сіңіру үшін келеді. Бұл ғылымның, таным әрекетінің және туризмнің синтезі болмақ».

– Берел қорымдарына қатысты Сіздің ары қарайғы жоспарыңыз қандай?

– Біз үшін алдағы уақытта ең бастысы – ғылыми-туристік инфрақұрылымды жасау. Сонымен қатар, елді мекендік кешендерді белсенді іздеуге кірісеміз, ол да қазіргі ғылым үшін үлкен қызығушылық туғызады. Біз пазырық кезеңіндегі Берел адамдарында мемлекет болған, олар металлургиямен, тау-кен ісімен айналысқан дейміз. Сондықтан біздің міндет – өндірістің стационарлық орталықтарын, елді мекендерді табу, бұл аталмыш көне өркениет туралы білімді кеңейтуге мүмкіндік бермек. Бұл үшін іздестіру стратегиясын жасау, іздеу сипаттарын анықтау керек. Мұның бәрі бірнеше жылды алады деп ойлаймын.
Сондай-ақ біз Берел алқабында жаңа мәдениет қабатын таптық, ол – сяньбилер. Сіздер көптеген қазылған, топтасып орналасқан шағын қорымдарды көрген шығарсыз? Бұлар моңғолдық сяньби және жужан тайпаларының өкілдері. Нақ солар Ғұн мемлекетін күйретіп, осында көшіп келген болатын. Ал біздің заманымыздың бесінші ғасырында оларды күшейген, бірлескен түркілер құртқан немесе осы жерден қуған. Сол кезден Орталық Азиядағы көне түркі дәуірі басталады.

Атап өтерлігі, Берел жері көптеген «мәдени қыртыстардан» тұрады, бұрын жойылған халықтар туралы естеліктерді сақтайды. Мәдениеттер бір-бірін алмастырып тұрды, этностар тобы бұл жерге келіп-кетіп отырған, әр мәдениет ғұрыптық және құлшылық ету орындарын қалдырып отырған…

Шамиль Багаутдинов

Осы айдарда

Back to top button