Қоғам

Берел – біздің брендіміз

Берел - біздің брендіміз


Бұқтырманы жағалай жатқан патшалар жазығындағы обалардан осыған дейін табылған жәдігерлер Алматы, Астанаға жөнелтіліп отырса, енді қаз-қалпында Берелдегі аспан асты мұражайында сақталады. Кешегімізге көз жүгіртіп, тарихымызды түгендеуміз – тәуелсіз елдің үлкен жетістігі.

Арғысы сақтардың, бергісі түркілердің атақоныс алтын бесігі – Төр Алтай. Берелдегі қазба жұмыстарынан табылып жатқан құнды жәдігерлер де соның айғағы. Патшалар жазығында аумағы 172 гектарды алып жатқан бұл қорық-мұражай 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ұйғарымымен құрылды. Алғашқы жылдары-ақ мұражай аумағында бір әкімшілік ғимарат, екі қонақүй бой көтерді. Алайда, Берел-қорық мұражайының материалдық-техникалық базасы толық жабдықталмағандықтан, жұмыс тұралап қалған көрінеді. Бүгінде мұражай жұмысы әлдеқайда жанданған. Жуықта ғана ерекше жәдігерлер шыққан №2 қорғанның үстінен шыны жабындымен саркофаг салынды. Бұл қорғаннан шыққан жеті аттың екеуі толықтай алтынмен апталған. Жанынан әйел адамның сүйегі шықты. Болжаммен сақтардың заманындағы патшайым болса керек. Бұлардың барлығы сол қалпында сақталған. Обаның үстіне салынған мұражайға келушілер баспалдақпен төменге түсіп, сақ дәуіріндегі жәдігерлерді жақыннан көре алады.

Көне дәуірді елестететін мұражай

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бюджеттен қомақты қаржы бөліп, археологиялық қазба жұмыстарына көп көңіл бөліп отыр. Осы ретте Берел-қорық мұражайының директоры Жангелді Ахмадиев облыс басшылығына алғысын айтып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

– Төр Алтайдың төрі – осы Берел. Еліміздегі ең сұлу жерлердің бірі болғандықтан, туризмді дамытудың да бір жолы осы. Бүгінде Берелге дейін асфальт жол салынып жатыр. Жалпы, Берелдің болашағы зор. Сондықтан да, аудандағы мәдени ескерткіштерімізді бір ортаға жинақтауымыз керек деп ойлаймын. Шынын айтқанда, Оралхан Бөкейдің мұражай-үйі қаңырап тұр. Тым болмағанда, мемлекет қарамағында болса ғой. Демеушілердің көмегімен ғана тұр, – деді Жангелді Ахмадиев өз сөзінде. – Қонақтардың ең көп келетін жері де – Берел. Сәті келіп жатса, мұражайдың тұсынан Бұқтырмаға көпір салып, инфраструктураны қолға аламыз. Келген туристер көпірден өте қалған бойда көліктерін тастап, ат арбаға мініп, мұражайдың аумағын аралайды. Ат арбаның өзі көне стильде жасалып, келушілерге сақтардың, түркілердің дәуірін елестетіп тұрса деймін. Алдағы уақытта мұражайдың жеке ғимараты салынып, Берелден шыққан дүниелердің түпнұсқасы сонда сақталатын болады. Астанадағы Ұлттық мұражайдың алтын залы бар, сол жердегі жәдігерлердің 60 пайызы осы Берелден табылған заттар. Солардың көшірмесін жасатып, өзімізге алып келсек, құба-құп болар еді. Сондай-ақ, мұражай аумағында туристерге басқа да қызмет түрлері көрсетілуі керек. Ыңғайлы орындарға дәмхана, қонақүй ашып, меймандарды қарсы аламыз деуші кәсіпкерлер болса да артықтық етпейді. Келімді-кетімді қонақтар өздерімен алып кету үшін жергілікті қолөнер шеберлерінің кәдесыйларын, суреттерін сатылымға қоюға болады. Бұған біз ақырындап келе жатырмыз.

Мұражай директоры Жангелді Ахмадиевтің жоспарын жүзеге асыру үшін жергілікті кәсіпкерлер де жұмыла кіріскендері дұрыс па дейміз. Ал мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Біріншіден, кәсіпкерлер үшін әртүрлі мемлекеттік бағдарлама аясында тиімді несиелер беріледі. Екіншіден, Берелдегі мұражай жұмыстарын жаңғырту үшін мемлекет тарапынан 100 млн. теңге қаржы бөлінді.

Тұмса табиғат өнер туындыларына толы

Берел-қорық мұражайына қарасты әкімшілік ғимарат пен қонақүйлердің атшаптырым аумағы қоршаумен бекітіліп, абаттандырылды. Тұмса табиғат аясындағы аула іші өнер туындыларына толып тұр. Оның бәрі Берелде өткен симпозиумде шетелдік қолөнер шеберлерінің тартуы болса керек. Бұл мүсіндердің бір ерекшелігі, барлығы табиғи материалдардан жасалған. Бірі ағаштан ойып мүсін жасаса, енді бірі тастардың бетіне сурет салып кеткен. Жергілікті өнер иелері де бұдан шет қалмаған. Әкімшілік ғимараттың кіреберісіндегі қабырғаларда жергілікті суретші Аяулым Мұхтарханованың майлы бояумен жазған картиналары орын тепкен. Енді бір қабырғасына Бошай Кітапбаев, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқаров, Ахтан Нұрбаев, Төлеген Рақымжанов сынды жергілікті ақын-жазушылардың, белгілі тұлғалардың портреттері ілініп, өмірбаянадары жазылған. Бұлардың қатарын есімдері еленбей келе жатқан тұлғалар да толтырады әлі. Сонымен қатар, мұнда археология залы, этнография, қор сақтау, мәжіліс, баспасөз залдары бар.
Археология залында Берелдегі қазба жұмыстарынан табылған заттар сақтаулы. Оның ішінде сүйек тарақ, аң стиліндегі сулық, табыттың бетін жауып тұрған шегелер, аттың ауыздықтары, жез сапты айна, бағалы тастардан тізілген моншақтар сақталған. Бір таңғаларлығы, теңіз түбінде ғана шөгіп жататын асыл тастардан жасалған әшекей бұйымдар Төр Алтайды мекен еткен патшайымға қалай келген? Берел қорық-мұражайының ғылыми қор жұмысы және экскурсия қызмет көрсету бөлімінің басшысы Алмас Сарбасовтың айтуынша, теңіз жағалауындағы елдермен алыс-беріс, сауда-саттық сол кездері-ақ болған сияқты. Тарихшылардың да болжамдары осы. Құнды жәдігерлердің барлығы дерлік шыны шкафтың ішіне орналастырылған. Зейнолла Самашев жеке қорындағы жәдігерлерді де осы мұражайға сыйлаған. Ал ерекше қор сақталатын бөлмеде тек ғана алтын мен күмістен жасалған құнды жәдігерлер тұр. Бұлардың барлығын шыны сөрелерге орналастырмас бұрын қор сақтау бөлмесіндегі мамандар тазалап, қайта қалпына келтіреді. Қағазға әрбір жәдігердің суреті салынады. Мұндағы жұмыстың басы-қасында жүрген – қор сақтаушы Жәния Сегізбаева. Сонымен қатар, мұражайдан 19-20 ғасырдағы жергілікті халықтың пайдаланған заттарын да кездестіресіз. Мұражай директоры Жангелді Ахмадиевтің айтуынша, алдағы уақытта Көккөлдегі кен орнындағы техникалардың, шахтаның суреттерін іліп, сол туралы деректер жинақтау ойда бар. Деректер жинақтау үшін кітапхана да бар мұражайда. Бір бөлме тарихи-ғылыми, әдеби кітаптарға толып тұр. Кітапханаға археолог ғалым Зейнолла Самашев өз қорынан 3000-нан астам, жазушы Әлібек Асқаров 500-ден астам кітап сыйға тартқан. Мұнда оқушылар, студенттер келіп, өздеріне қажетті кітаптарын алып, пайдалана алады.

Мерей Қайнарұлы
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button