Қоғам

Берекесі кетпеген кеншілердің ауылы

Берекесі кетпеген кеншілердің ауылы


Жастары жер ортасына кеп қалғанына қарамастан спортпен айналысып жүретін жекелеген адамдарды көріп те, естіп те жүреміз. Әрине, бұл біреу үшін жастайынан қалыптасқан әдет болса, ендібіреулер үшін денсаулықтың кепілі, яғни, қазіргі қоғамда қалыптасып қалған тілмен айтқанда салауатты өмір салты. Сөйтсек, спортпен тұтас ауыл боп айналысатындар да бар екен.

ЖАС-КӘРІСІН АУЫЛДЫҢ «ЖҰЛДЫЗДАН» ІЗДЕП ТАБАСЫҢ

Шемонайха қаласынан 25 шақырымдай жерде Усть-Таловка деген кеншілер ауылы бар. Халқының саны бар болғаны бес мыңның о жақ, бұ жағында ғана. Іргесінде кен өндірілетіндіктен бұл ауылдың тұрғындарының дені кеншілер. Тіпті қолына кәдімгідей қайла алып, тау қопарған кенші болмаса да, сол кеніштің маңынан нәпақа тауып, жан баққан қарапайым жұмысшы қауым. Осы ауылдың қақ ортасында, сонадайдан менмұндалап тұрған «Жұлдыз» атты спорттық кешен бар. Ішкі жаттығу залдарын айтпағанда, ауласының өзі атшаптырым жер. Нысанның жарты бөлігі, «Ертеректе жұмысты әр қиырдан кеп, вахтамен істеген кеншілерге арналған жатақхана-барак болған» – деседі. Міне, осы нысан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бірқатар өзгерістерге ұшырап, қасына жапсарлас спортзалдары салынып 1995 жылдың дәл 16-шы желтоқсаны күні ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылған екен.

– 2014-ші жылға дейін бұл нысан облыстық «Мысхимия» комбинатының (қазіргі «Қазақмыс» корпорациясы) иелігінде болған. Бюджетке өткеніне екі-ақ жыл болды. Содан бері өз тірлігімізді өзіміз көріп жатырмыз, – дейді спорттық клубтың жетекшісі Владимир Шабанов. – Клубта бүгінгі күні спорттың футбол, волейбол, баскетбол, шайбалы хоккей, шаңғы, гір спорты, жеңіл атлетика, үстел тенисі, шахмат және тағы да басқа түрлерінен сабақ жүргізетін тоғыз жаттықтырушы бар. Бұл спорт түрлері жәй әшейін уақыт өткізер ермек үшін ашылмаған. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелеріміз де жоқ емес. Айталық, біздің клубтың волейболдан қыздар командасы жыл сайынғы облыс әкімінің кубогы үшін өткізілетін халықтық ойындар спартакиадасының тұрақты жүлдегері саналады. Биыл баскетболдан ерлер құрамасы мен тоғызқұмалақшыларымыз аталмыш спорт бәсекесінде жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, еркін күрес пен қол күресінен (армрестлинг) де жүлдегерлеріміз бар.

Клубтың Шемонайха қаласында, сондай-ақ, Первомайка, Сугатовка елді мекендерінде жүйелі жұмыс істеп тұрған филиалдары бар екен. Жалпы тізім бойынша спорттың әр түрімен айналысып жүрген 600-ге жуық спортшы бар болса, солардың тең жартысы жасөспірімдер де, қалғаны әр жастағы ауыл адамдары. Қысқасы, үйіне іздеп барып таппаған адамыңды «Жұлдызға» барсаң, соннан табасың.

Үлкендер жағы «жастардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанғандарына қуаныштымыз» дейді. Шынымен де, егер осы спорт кешені болмаса, соншама жасөспірім қыз-жігіттер сабақтан бос уақыттарында немесе мереке, демалыс күндері қайда барып, немен айналысар еді? Қазіргі заманда қайда барсаң да, не алсаң да бәрі ақылы. Бір сөзбен айтқанда, тегіннің атасы баяғы-да-а өлген. Соған қарамастан «Жұлдыз» клубындағы, сондай-ақ, барлық филиалдарындағы спорттық жаттығулар бастан-аяқ тегін жүргізіледі.

– 2014 жылы осы кешеннен ойламаған жерден өрт шығып, ғимаратымыздың үлкен залға дейінгі қанаты түгелдей жанып кетті. «Қазақмыс» өткізіп, бюджет қабылдап алып жатқан кез болатын. Бақандай бір жарым жыл уақытымыз соны жөндеуге кетті. Осы жерде аудан әкімі Амангелді Тоқтаровқа, «Востокцветмет» корпорациясына бізді дұрыс түсініп, жан-жақты көмек беріп, қолдау білдіргендеріне барлық спортшылар мен жаттықтырушылар атынан ризашылық білдіргім келеді. Осындағы жаттықтырушылар бар, бірқатар клуб мүшелері бар бірі үйінен анасын, бірі мынасын әкеп күн демей, түн демей жанталаса жүріп жөндеп алдық, – дейді клуб жетекшісі.

ЕЛ ТІЛЕГІН ЕСКЕРІП, ШІРКЕУ САЛҒАН АЗАМАТ

Жаз маусымында жұрттың басым көпшілігі жазғы демалысқа шығып, қайсыбіреулері жолаушылап кетіп, ендібіреулер саяжайларына қарап дегендей, клубқа келушілер қатары сәл саябырсып қалғанымен, жаңа оқу жылы бастала салысымен ел қарасы қайта көбейетін көрінеді. Клуб жетекшісінің айтуынша, мұнда бір залда баласы доп қуып футбол, волейбол ойнап жүрсе, енді бір бөлмеде әкесі шахмат немесе бильярд ойнап, жаттығып жатады екен. Кез келген аудан орталығының өзінде бола бермейтін кешенде келушілерге барлық жағдай жасалған. Киініп-шешінетін шкафтары бөлек, әжетханасы ішінде. Суға түсетін душ бөлмелерінде үнемі ыстық-суық сулары бар. Спортпен шұғылданам деген жанға бұдан артық қандай жағдай керек?

Негізгі жаттығулар түс ауа басталғаннан кешкі сағат онға дейін жалғасады екен. Қысқасы, кеншілер ауылының мақтанышына айналған спорт кешені еш уақытта қаңырап бос тұрмайды. Ауласындағы арнайы қоршауы бар спорт алаңына қыс мезгілінде арнайы мұз құйылып, хоккейшілер жаттықса, жаз айларында футболшылар ойын көрігін қыздырады.

Жоғарыда спорт кешенінің ауласы әжептәуір жерді алып жатыр дедік. Ол да бос жатпағанға ұқсайды. Ауылдық округ әкімінің уақытша міндетін атқарып жүрген Руслан Махмутовтың айтуынша, ауыл тұрғындары елімізде аталып өтілетін мереке атаулының барлығын осы алаңқайда өткізетін көрінеді.

– Жаңа жыл қарсаңында осы алаңға алып шырша орнатып, әдемілеп безендіреміз. Ауыл тұрғындары көз байлана салысымен осында жиналады да әндерін айтып, ойын-сауықтарын ұйымдастырып, өздері мәре-сәре боп жаңа жылды қарсы алып жатады. Анау жерге жыл сайын балаларға арнап үлкен сырғанақ (каток) жасап қоямыз. Мына жерлерге жағалай сауда дүңгіршектері орналасып, сауда көрігін қыздырады. Қасиетті Наурыз мерекесінде бұл жер тіптен құлпырып кетеді. Ол күндері алаңға бірнеше киіз үй тігіліп, базаршылар саудаларын жасап, әншілеріміз ән салып, бишілеріміз би билеп ел көңілін көтереді. Алдағы уақытта өнерпаздарға арнайы сахна орнатпақпыз. Өнерпаздар демекші, ауылда шағын болса да шығармашылық өнер мектебіміз бар. Онда жас жеткіншектерді қолөнерге, сурет салу мен музыкаға баулитын педагогтар ұжымы жемісті жұмыс істеп жатыр – дейді болашағынан зор үміт күттіретін қазақтың жас жігіті. – Былтырдан бастап ауылдағы көпқабатты бірнеше үйдің төбелері мен жертөлелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Болашаққа жоспарлап отырған әлеуметтік жобаларымыз да бар. Ауылға қатысты тазалық, жөндеу жұмыстары, сонымен қатар тәртіп мәселелерін ардагерлер кеңесі мен жастар одағы, кәсіподақ ұйымының бас қосқан алқалы жиынында жан-жақты талқылап, таразылап, бірлесе шешіп отырамыз. Тұрғындар тату, бұрыннан бір-бірлерін жақсы біледі. Аға буын өкілдерінің барлығы дерлік осындағы кеніште жұмыс істегендер. Қазір солардың көпшілігінің балалары, тіпті қайсыбіреулерінің немерелері де осы күнге дейін кенші боп жұмыс істейді. Барлығы да ауылдың өсіп-өркендеуіне, жылдан-жылға ажарлана түсуіне мүдделі болғандықтан, мұнда сенбілік мәселесі де дәстүрлі бір жолға қойылған. Сенбілік белгіленген күні тайлы-таяғы қалмай шығып, ауылды айнадай етіп тазалап тастайды. Мен өзім осы ауылда туып-өстім. Осындағы мектептен білім алдым. Әке-шешем ертеректе Семейден оқу бітіріп, жас мамандар ретінде жолдамамен жұмысқа келген, сосын түбегейлі орналасып қалып қойған.

Усть-Таловка ауылында жалғыз ғана православ шіркеуі бар. Оның өзін сол кездегі химкомбинаттың директоры болған, Боранбаев деген қазақ азаматы салдырыпты. «Шіркеу салғанша, мешіт неге салдырмаған?» – деген таңданысымызға, «Ол кезде бұл ауылда мұсылмандар бірен-саран ғана болғандықтан, мешітке сұраныс болған жоқ. Шіркеудің өзі сол кездегі ауыл тұрғындарының өтінішімен салынған болатын. Енді Алла қаласа мешіт салдырамыз ба деп жүрміз» – деген жауап алдық.

– Ауыл үйлерінің үштен екісі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ыстық-суық су қысы-жазы үзілмейді. Бүгінгі қолға алынып жатқан игілікті істеріміздің бірі – ауыл көшелерін жарықтандыру. Осындай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда ағалық ақылын айтып, қаржылай қолдау білдіріп отырған аудан әкімі Амангелді Жәмелұлына рақмет айтқым келеді, – дейді ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы.

Берекесі кетпеген кеншілердің ауылы

Серік Құсанбаев
Шемонайха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button