Қоғам

Берекені іздесең, Шілікті жазығына бар

Берекені іздесең, Шілікті жазығына бар


Қаз-қатар етіп тастан қиюластырып жиылған қоражай көзімізге бірден түсті. Кірпіштен қаланбағаны болмаса, ешбір кем-кетігі жоқ, түп-түзу. Таудың тасымен бой көтерген ұзын қораның іші ұяда жатқан қарлығаш балапандарының шиқылы мен жас төлдердің мөңіреген дауысына тұнып тұр. Біз барған қожалықтың қоражайы ғана емес бағып отырған малы да өзгеше болып шықты– түсі қап-қара, тұрқы күжірейген кесек, мүйізі – тылтиған тоқал «ангус» асыл тұқымды ірі қаралары. Бір кездері Шілікті кеңшарының отар-отар қойы өрген бұл Байатар қыстағы былтырдан бері осы сырттан әкелінген сиыр малының тұқымын өсіретін үлкен шаруашылық кешеніне айналыпты.

ҚЫРСЫҚ МІНЕЗ КӨРСЕТКЕН ЖОҚ

Иен қалған қыстақтың орнына мал бордақылау алаңын салып, «Әмір» шаруа қожалығын ашқан – Шілікті өңірінің тумасы, алматылық кәсіпкер Бақдәулет Қадыров. Кәсіпкер бұрнағы жылы Байатарды алған беті малшыларға арнап баспаналар салуға, қожалықтың қора-жайын тұрғызуға кірісіпті. Содан соң Талдықорған өңіріндегі Көлбай ауылындағы асыл тұқымды ірі қара шаруашылығынан 220 бас ангус тұқымды құнажындар сатып алып келеді. Шетелден сатып әкелінген малдың төлінен алынған бір табын ірі қараның 203 басы аналық, 17 басы бұқа. Асыл тұқымды малдың біреуі 450 мың теңге тұрады. Сөйтіп, алыста жүрген азамат қаражатын мал шаруашылығына салып, ескі қыстақтың жанынан шабындық, жайылымдық жер алып, ауылдастарын, жолдастарын қожалықтың жұмысына тартып, айналасы бір жылдың ішінде ойға алған жоба-жоспарын жүзеге асырып үлгеріпті.

Қыстақтың алдына тігіліп тұрған екі киіз үй малшылар отбасының уақытша баспаналары екен. Қожалық жұмысшыларына арналып жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге жылу батареяларын орнату, су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Моншаның құрылысы аяқталып қалған. Үйдің алдында бірнеше бөлкені бірақ пісіруге болатын үлкен нан пеші салыныпты. Осылардың бәрін, қора-жайды, баспаналарды салып, еурожөндеу жүргізіп жатқан Жарқын Садықовтың ісмер қолымен бұл қыстақта әлі талай жарқын істер атқарылатынын аңғардық. Үй іргесіне қойылған күн батареяларының қуатымен теледидар көрсетіп тұр, жарық бар.

«Әмір-дің» жұмысшыларының ас-суынан бастап, малдың дұрыс бағылып-күтілуіне дейінгі шаруаларды жүргізіп, реттеу қожалық жетекшісі Ерік Сағатбековке тапсырылыпты. Ерік келешекте Байатарға осы жерден үш-төрт шақырымдай тұстағы қыстақтан электр желісі тартылып әкелінбек екендігін айтты. Әзірше «Движок» пен күн батареяларын пайдалануда. Шуағы мол күнгейдегі өңірде күні бойы жиналған энергия көлемі тұрмыстық техниканы жүргізуге, оны-мұны шаруаға артығымен жетіп жатыр.

Берекені іздесең, Шілікті жазығына бар

Үйдің жанындағы ақпа құдықтан атқылаған тастай су салынып жатқан құбырлар арқылы үйдің ішіне кіргізілмек. Жер астынан бұрқырай шыққан су сылдырап бұлақ боп ағып бара жатыр. Қожалық иесі Бақдәулет осы субұрқақ құдықтың жанына алма ағашының көшеттерін егіп, алма бағын жайқалтуды да ойластырып жүрген көрінеді. 6 миллион теңгеге жуық қаржыға салынған құдыққа кеткен шығынның 80 пайызы былтыр субсидиямен қайтарылған.

– «Ангус» асыл тұқымды сиыр малы біздің жаққа тез жерсінді. Өткен қыста қораға да кірмей, сыртта түнеп шықты. Есік алдындағы қорғанда бірінің бауырына бірі тығылып, ықтап шықты қыс бойы. Бұлардың бір-бірімен сүзісіп жатқанын да көргеміз жоқ, момақан, бауырмал келеді екен. Жер тарпу, жонын күжірейту, айбат шегу деген сияқты қырсық мінездерін көрген жоқпыз,-дейді Ерік.

Етті бағыттағы «ангустың» тағы бір айрықша қасиеті – төлінің тез өсіп, есейетінінде екен. Жылдам салмақ жинайтын шетелдік тұқымның өнімділігі аса жоғары. Шаруашылықтың мал бордақылау кешенінде бағылып жатқан ірі қараның алды күзден бастап етке өткізіле бастамақ.

КАНГАЛ ТӨБЕТІ МЕН ҚОС МОТОЦИКЛ

Қожалықтың 800 бастай қой отарын бағып, жайып жүрген Қуаныш Садықовтың бала-шағасы түгелдей қыстақта жүр. Жазғы демалыс басталысымен балалары бірден осылай қарай тартыпты. Қуаныштың отбасына еңбекақыдан бөлек төлдеген малдың қозылары үшін қосымша ақы төленген. Басы көбейіп отырған меринос қойларының бағалы жүні жерде қалып жатқан жоқ, сатып алушылар бар.

Шаруашылықтың 300-ден астам жылқысын Болатхан Сапанов бағып отыр. Жылқы жануары ысқырса желдікі, айдаса жаудікі, сондықтан оларды итқұстан қорып, жаю жағы түлік төрелерінің жай-күйін жақсы білетін Болатханға жүктелген. «Әмір» қожалығында барлығы төрт отбасы жұмыспен қамтылып отыр, төрт үйде 15 ке тарта бала-шаға бар. Ауылда жұмыссыз отырған олар енді қожалықтың шаруасын шырқ үйіріп, күні-түні малға қарап, еселі еңбектерімен табыс тауып жатыр.

Құрмет Сағиев, Шілікті ауылдық округінің әкімі:

-Аудан көлемінде мұндай асыл тұқымды мал Шілікті ауылдық округінде ғана бар. Етті бағыттағы мал бағып, етін өткізгені үшін қожалыққа мемлекеттен субсидия беріледі, субсидия алуға қажетті құжаттары дайындалып, өткізілді. «Әмір» қожалығының иесі ауылдың әлеуметтік жағдайына қарасып, қашанда қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі күні Шілікті ауылдық округіндегі 50-ге тарта мал қыстақтарының орнына жаңадан үй, қора-жай салынып, ауыл тұрғындары бірінен-бірі үйреніп, үлгі алып, мал өсіріп жатыр. Осы шаруашылықтың тірлігіне қарап алыс-жақындағы кішігірім қожалықтар да үйлерін жаңалап, жөндеуге кірісіп жатыр. Аудан көлемінде алғашқы жарты жылдықта Шілікті ауылдық округі ауыл шаруашылығына 52 млн. теңге инвестиция құйды.

Шетелден «ұшып келіп», Талдықорған жерінде өніп-өсіп, одан Шіліктінің жазығына жеткізілген қара сиырлар өрісте де ауа жайылмай, жұп-жуас қалпында қатарласа оттығып жүргенін байқадық. Өрістен қайтарда малшылар табынды қос мотоциклге мініп қайырып, айдап әкеледі екен. Қазір олар ғана емес, мал баққандардың бәрі аттан мотоциклге ауысып алғанын көріп жүрміз. Құяр жағармайы болса, жүрдек мотоциклдің қолғабысы көп-ақ. Бірақ «қуғынға түскен ірі қараның ішкен-жегені жұғым болмай қалмай ма ?» деген сауал тұрды көкейде.

Берекені іздесең, Шілікті жазығына бар

Енді біраз күннен соң мал шыбынсыз жайлауға шығады. Қуаныш пен Болатханның жолдастары Раиса мен Ардақ шүпілдете сүт сауып, май шайқап, сүзбе жинап, ол жақта да қарап отырмайды. Көк шөптің үстіне киіз үй тігіп, шапқылай жүгіретін шақты балалар да асыға күтіп жүр.

Ардақ пен Раисаның қыстақтағы қазіргі басты шаруаларының бірі – «қыт-қытпен» қыстақтың таңын атырып, күнін батырып жатқан 100 тауықты өсіріп- бағу. Қожалық иелері күніне 70-80 жұмыртқа беріп отырған үй құстарының біреуін Өскеменнен 2,5 мың теңгеден сатып алыпты. Ақ уызы мол үйдің жұмыртқасы таңертеңгілік асқа, үлпілдетіп нан, тоқаш пісіргенге де жақсы болған жайы бар.

«Әмір» шаруа қожалығының малын қасқырдан, ұры-қарыдан қорып жүрген – кангал асыл тұқымды түрік төбеті мен қазақтың тазылары. Еріктің айтысына қарағанда, кангал тұқымды оның алып төбеті өте тыныш, момындығына қарамастан есе бермейтін қара күш иесі көрінеді. Мойны мен аяғы мықты қарулы кангал төбеті жүрген жерге қасқыр да жолай алмайды дейді. Өзін шақырған иесіне сонау жақтан жұлқына шапқылай жеткен еңгезердей төбеттің түрін көрген мен кейін шегіне бердім.

Зайсан ауданына іссапармен барған жолы Шілікті жазығын асыл тұқымды ірі қарамен толтырып жатқан шаруа қожалығы мүшелерінің осындай еңбектерін, жетістіктерін көрдік. Шетелдік мал тұқымының бабын қиынсынбай, оны алғаш рет ауданға әкеліп, тың шаруаны қолына алған «Әмір» қожалығының малшыларға жасап отырған жағдайына қанықтық. Қазіргі күні өркендеп, шаруасы шалқыған қожалықтар жері шұрайлы, қалаға жақын жатқан аудандарда аз емес. Ал, шалғайдағы, шекара шебіндегі Шілікті өңірі үшін «Әмірдің» бүгінгі беталысының өзі де – үлкен жеңіс.

Жанаргүл Мұқатай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button