Қоғам

Берекелі ауылдың бірлігі бекем

Берекелі ауылдың бірлігі бекем


«Рухани жаңғыру\” бағдарламасы аясында Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінде жылдағы дәстүр бойынша өтетін футболдан «Қарой берекесі – 2018» турнирі осымен төртінші рет қатарынан ұйымдастырылды.

Турнирдің «Қарой берекесі» аталуының өзінде үлкен тәрбиелік мән-мағына бар. Турнир ұйымдастырылып келе жатқан 2015 жылдан бастап жаңаша іс-шараға айналып келе жатқандығы ауылдастарды қуантады.

Қарой ауылы – бүгінде Күршім ауданы, Марқакөл ауылдық округтің құрамына енетін шағын ауыл. Нарық заманы басталмаған тұста ауыла 365 түтін болатын. Қазіргі қалғаны – Отыздан сәл асатын үй ғана. Жұрт ауа көшіп қала жағалап кеткен соң, бұрынғы ауылдастардың ұрпағы мен көзкөргендерді көрудің өзі қиын болып кетті. Ауыл жастары еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды. Мақсат футболдан турнир өткізу ғана емес, сонымен қатар ұрпақтардың сабақтастығы, бірін-бірі танып білу сияқты құнды тәрбиелік мәні бар жақтарын да қарастыру болды.

Ұйымдастырушылар дастархан жайып, өмірден озған ауыл адамдарын еске алып, ас берді.

Турнирге биыл Алматы, Астана, Семей, Өскемен, Риддер, Зайсан қалаларында тұрып жатқан қаройлықтардан құралған сегіз команда қатысты. Турнирдің бір ерекшелігі сол, тек Қарой ауылы азаматтары, олардың ұрпақтары ғана ойынға қатысты. Турнирге «Шоқпартас» (Риддер), «Беріктас» (Өскемен, Семей) «Алаш» (Студенттер), «Алтай» (Өскемен), «Қарой-А» (Алматы), «Белтерек» (Астана), «Аққайнар» (Жастар), «Қарашаңырақ» (Қарой ауылынан келген) командалары қатысып, өзара бақ сынасты. Командалардың атаулары да тек Қарой ауылының маңындағы жер-су аттарына негізделіп қойылған.

Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды «Алтай», 2-орынды «Шоқпартас», 3-орынды «Қарой-А» командалары еншіледі. Үздік қақпашы аталымы бойынша Батталов Тұрахан («Белтерек»), үздік қорғаушы – Сатыбалдин Бақытбек («Белтерек»), үздік шабуылшы – Тоқтаубаев Бауыржан («Аққайнар»), үздік ойыншы Отыншинов Ерлан («Қарой-А») аталса, Қарой ауылының спорт мектебінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан, ардагер ұстаз Ертай Ноқанов «Үздік бапкер» атанды.

Айдын Игенбаев,
ғалым.
Семей.

Осы айдарда

Back to top button