Берекелі ауданның берері көп

Диқандар, механизаторлар, сауыншылар, малшылар… қысқасы, ауданның ауыл шаруашылығы саласының алдыңғы шептегі жұмысшылары өздерінің кәсіби мерекесінде лайықты сый-құрметке бөленді.
Аудан орталығындағы Мәдениет және спорт сарайында өткізілген мерекелік кешке шаруашылық құрылымдардың басшыларынан бастап қатардағы жұмыскеріне дейін түгел жиналды. Мұның да себебі бар. Зырян өңірі – негізінен өнеркәсіппен қатар ауыл шаруашылығын түлетіп отырған аудандардың бірі. Қазіргі күні мұнда 200-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Егістік алқаптың жалпы аумағы 70 мың гектардан асып жығылса, ірі қара малының саны 16 мыңның үстінде. Ал жыл сайын күзде қамбаға құйылып жатқан аста-төк ырыстың мөлшері облыстық орташа көрсеткіштен қашанда жоғары. Арадан бал «сауып» отырған омарташылардың да несібесі кеміген емес осы күнге дейін. Биыл да дәл солай болды. Кейбір шаруа қожалықтары күнбағыстың әр гектарынан 40 центнерден, жаздық бидайдың әр гектарынан 42 центнерден өнім жинап алды. Мұның сыртында біздің өңір үшін жаңа дақылдардың бірі – рапс пен зығырдан тәп-тәуір түсім алды.
Мал шаруашылығына маңыз берген қожалықтардың да мақтанарлық жетістіктері жетіп артылады. Тауарлы-сүт фермаларының саны көбейіп, ет пен сүт өндірісі жақсы қарқын алған. Өнімді өңдеуге де басымдық берілген. Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, зыряндық шаруашылықтар облыста алғашқылардың бірі болып қор сақтаушы технологияларды, тыңайтқыштар мен гербицидтерді тиімді қолдануда. Машина-трактор паркін жаңалау жөнінен де біздің аудан алда тұр. Айталық, биыл ғана 700 миллион теңгеге техникалар сатып алынды.
– Ең үздік көрсеткіштерге «Нивы Чапаево», «Беловодье Алтая», «Агро Алтай», «Соловьевские Нивы и К», «Санур Агро» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде, «Дородница», «Саша», «Бородино», «Луч» секілді шаруа қожалықтарында, сондай-ақ Виктор Литуевтің, Любовь Денисованың және басқа да қожалықтарда қол жеткізілді, – деп атап өтті салтанатты жиында Нұржан Тоқсейітов.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарының тұрақты жұмыс істеп тұруы өңдеуші кәсіпорындардың дамуына кепіл болатыны түсінікті. Осы орайда зыряндық кәсіпорындар өндіретін күнбағыс майынан бастап, түрлі шұжықтар, еттен жасалған жартылай фабрикаттар, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерге деген тұтынушылардың сұранысы жоғары.
Мәдениет сарайындағы марапаттау салтанаты аясында ауыл шаруашылығы тауарлары мен өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көрмесі өтті. Ол жерде әрбір шаруашылық құрылымның өкілдері келушілердің таңдауы мен талғамына сай өнімдерін ұсынды. Дәмі тіл үйірген бал да, сапасы жоғары ет және сүт өнімдері де, нан-тоқаштың түр-түрі де самсап тұр.
– Президентіміздің көреген саясатының арқасында еліміздің ауыл шаруашылығы саласы алға басып келеді. Ауданның агроөнеркәсіп кешені тәуелсіздік жылдары қарыштап дамып, экономиканың бұл саласы жаңа деңгейге көтерілді. Оған қоса ауданымыздың бұрыннан келе жатқан егіншілік, омарташылық және мал шаруашылығы дәстүрі өте бай. Біз мұны ары қарай жалғастыра беруіміз керек, – деп сөйлеген аудан әкімі ауыл шаруашылығының ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, елеулі еңбектері үшін алғыс білдірді.
Атап айтсақ, Павел Полянский, Петр Дяглев, Владимир Колганов, Юрий Торчук, Иван Дмитриев сынды Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегерлеріне айрықша құрмет көрсетілді. Бұл адамдар өз заманында қазіргі күні аймақтың атын танытып жүрген аудандағы маңдайалды шаруа қожалықтарының басшыларына тәлім беріп, бағыт-бағдар сілтеген. Бар білгенін үйреткен.
– Аграрлық сала өткен ғасырдың 90-шы жылдарымен салыстырып қарағанда әжептәуір ілгерілеп кетті. Бәрінде жаңа техника, егістік алқаптары таза. Тек еңбек ете білу керек, өнімді молынан аласыздар сонда. Мәселен, өз ісінің нағыз білгірі Тычинский биыл күнбағыстың әр гектарынан 40 центнерге дейін түсім алды. Осы межеге қарай ұмтылу керек бәріне, – деген Социалистік Еңбек Ері, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Павел Полянский еңбек тәжірибесімен де бөлісті.

Ардагердің айтуынша, өзінің ұлы басқарып отырған «Дородница» шаруашылығы мал өсіруге мықтап ден қойыпты. Төрт түліктің басын көбейткеннен ырысы артпаса, кемімегенін айтады ол. Бұл пікірді облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Нұрбаев та құптады.
– Алдағы уақытта барлық шаруашылық құрылымдар мал өсіретін кешендерді қалпына келтіруге кірісетін болады. Мұны уақыттың өзі талап етеді. Олай болса осындай салтанатты шара ұйымдастырып, аграрлық сала өкілдеріне құрмет көрсетіп жатқан аудан әкіміне алғыс айтамын, – деді халық қалаулысы.
Сондай-ақ мерекелік жиында ауыл шаруашылығының кадрларын даярлау, жастарды осы салаға қарай тарту, қызықтыру мәселелері де қозғалды. Бұдан соң кезек марапаттау рәсіміне де жетті. Шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің басшыларынан бастап қатардағы сауыншы, тракторшы, комбайншы, малшы, бригадирге дейін еңбегі жанған барша жұмыскерлер аудан әкімінің қолынан тиесілі марапаттарын алып, қошеметке бөленді.
Оксана Сосновская
Материал Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді