Берекеге бастайтын бағдарлама

«Ауылдағы ағайын жеке жүріп жан бағуға бой үйретіп, саяқсып кетті. Бұл жақсылықтың нышаны емес», – дейді Амангелді Исқақов. Жарма ауданында кооператив құрған кәсіпкер өзі айтқан уәжге мемлекеттік бағдарламаның көмегімен қарсы тұрмақшы.
Саусақ бірікпей, ине ілікпейді
Жарма ауданы сүт бағытындағы кооператив құру үшін саладағы жетекші кәсіпорынның дайын базасын пайдалануда. Осынау тәсілдің тиімділігін көзбен көру үшін ауданға ат басын тірегенбіз. Бізді аудан орталығы Қалбатаудан қарсы алған А.Исқақов Қаратөбе ауылына бастады. Жол-жөнекей Қалбаның қай қуысында кімнің қорасы жатқанын, кезіккен отардың кімнің малы екенін тізбелеп келеді.
-Байқайсыздар ма, ауылдың береке-бірлігі азайып бара жатқан сияқты. Әркім өз қотырын өзі қасығанды қолай көреді. Ана төбеде бәленшенің малы, мына төбеде түгеншенің малы дегендей. Қазір ауылда сиыр мен қой кезегін жаю 3000 теңге тұрады. Жылқы кезегі одан екі есе қымбат. Қолына мал біткеннің бәрі бір-бір малшы жалдап әлек. Мысалы, Қалбадан шыға берісте үш қора бар. Соның иелері үш шопан жалдап отыр. Ал егер бастары қосылып, ортақ шопан ұстаса, ондай шығын шықпас еді әрі малшының еңбекақысы да қазіргіден жоғары болар еді, – дейді кәсіпкер.

Амангелді Исқақов – кооперативтендіру бағдарламасы ауылдың бұрынғы берекесін қайта тірілтетініне сенетін жан. Өз күшімен құрған сүт қабылдау бекетіне өзгелерді ортақтастырып, ұжым құру жөнінде ұсыныс түскенде, келісуінің негізгі себебі де сол сенім болатын.
-Біз ұжымдасып еңбек етудің не екенін бала күнімізде көріп өстік. Ал қазіргі кооператив жүйесінде міндет ортақ болғанымен, әркімнің мүлкі өз иелігінде қала береді. Бұл бағдарлама ауыл халқына құрып кеткен жұмыс орындарымен қатар бір кездегі берекелі бірлігін де қайтарады, – дейді «Жарма-сүт» кооперативінің жетекшісі.
Кооператив арқылы өндірілген сүттің әр литріне 10 теңге субсидия төленеді. Бұл да жаңадан құрылып жатқан ұжым үшін үлкен қолдау. Кооператив болғандықтан әр төлге, сойып өткізген еттің әр келісіне субсидия және төленеді. Қажет техника немесе қондырғы сатып алынса, оған кеткен шығынның тең жартысын мемлекет қайтарып бермек. А.Исқақов мұндай қолдау соңғы 25 жылда болмағанын айтады. Бірақ оны ауыл халқы толық түсіне қоймаған тәрізді.
-Бір жыл халықтан сүт жинап көрдім ғой. Кооператив болмаған соң, субсидиядан қағылады екенмін. Сол үшін Қаратөбедегі іске бейім жігіттердің басын қостым. Кейін түбегейлі кіріскен кезде ауылды түгел аралап шығуға тура келді. Әр үйге кіріп, дастарқан басында шай іше отырып, кооперативтің артықшылықтарын түсіндірдім. Бірі келісті, бірі күмәнмен қарады. Енді осы құраммен бастаған ісіміздің пайдалы екенін сырт қалғандарға дәлелдеу үшін ұйқы-күлкі көрмей жүгіріп жүрміз, – дейді Амангелді.
Астындағы сегіз орындық шетелдік көлігіне сүттің исі сіңіп үлгеріпті. Сөйтсек, алғашында сүтті әр ауладан өз көлігімен жинап, тасыған екен. А.Исқақов қазіргі таңда бес бірдей елді мекеннен сүт жинайды. Осы бес ауылдан Ұлан ауданындағы «Багратион Ұлан» ЖШС-не күн сайын 2,5 тонна сүт жеткізуде. Қаратөбе, Жаңаөзен және Ә.Шәріпов ауылдарында сүт қабылдау бекеттері орнатылған. Ал Қапай батыр мен Бірлік ауылдары сүтті арнайы барған көлікке құяды.

-Сүтті халықтан кешке ғана қабылдаймыз. Көбі таңғы сүтті өздері пайдаланады. Бізге кешкі сауынның сүті де жетеді. Қаратөбеде үш тонналық, Жаңаөзен мен Ә.Шәріповте екі тонналық тоңазытқыш бар. Автоматты құрылғы сүт температурасын 3-6 градус мөлшерінде сақтайды. Сүттің майлылығы 3,8 пайыздан, қышқылдығы 18 пайыздан аспауы керек. Оны арнайы өлшеуіштермен тексереміз, – дейді кооператив жетекшісі.
Бес ауылдан сүт жинап жүр
Барлығы 130 үйден сүт қабылдап отырған кооператив 10 адамды жұмыспен қамтыпты. Оның көбі жоғарыда айтқан сүт қабылдау бекеттерінде жұмыс істейді. Әр бекетке бір әйел, бір ер адам қойылған. Кооперативке мүше болып кірген 40 адам қыста мал бордақылаумен айналысуды жоспарлап жүр. Тіркеуге 400 қой мен 20 жылқы алыныпты.
Қаратөбедегі сүт қабылдау бекетінде Арайлым Түсіпжанова есімді тұрғынды жолықтырдық.
-Менің үйім бекетке тиіп тұр десе де болады. Сондықтан сүтті кооперативке тапсыру өте ыңғайлы. Сүттің әр литрін 60 теңгеден құямыз. 10 күн сайын есеп айырысады. Өзім мектепте мұғаліммін. Сүтті күнделікті құйғанның арқасында қолым үй тірлігінен босаңқырап қалды. Оның үстіне, бұл – аз да болса қосымша табыс қой, – дейді ол.
Сүт мол жиналған күндері оны ұландық кәсіпорын өз көлігімен әкетеді екен. Соңғы күндері ағарған құюшылардың қатары көбейіп, Пролетар ауылынан тәулік сайын үш тонналық рефрежератор қатынайтын болыпты. Сол көліктің артынан ілесіп отырып, «Багратион Ұлан» ЖШС-не келдік. Мұндағы өндіріс ошағы тәулігіне 35 тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Бірақ қазір тек 20 тонна шикізат келіп тұр. Валентина Қасенова мен Фаина Құрманғалиева атты технологтардың арқасында сүттен ондаған түрлі тағам дайындалады. Арасында сүзбе де бар болып шықты. Жармалықтар құйған сүт айран, биоайран, құрт, ірімшік, қаймақ, қатық тәрізді түрлі бұйымдар ретінде Өскемен мен Семейдің дүкендеріне жол тартуда. Фаина анасы Валентинаның жолын жалғау үшін осы мамандықты игерген екен. Ағасы Сембай осындағы сүт өңдеу цехының механигі болып жұмыс істеуде.
Кооперативпен жұмыс істеу кәсіпорынға да қолайлы
Бұған дейін тек ұландықтардан сүт қабылдап келген серіктестік «Жарма Сүт» кооперативінің арқасында шикізат қорын Жарманың сүтімен толықтырып отыр.
-Алғашында жармалықтар 500 литрдей ғана сүт құйып жүрді. Қазір күніне 2,5 тонна құяды. Мұншама сүтті әр үйден жинап шығу – біз үшін мүмкін емес шаруа. Сондықтан, «Жарма-сүт» кооперативінің құрылғаны бізге де пайдалы болып отыр. Сүтке сұраныс болса, ауылдағы ел де мал басын көбейте түсетіні анық, – дейді зауыттың бас инженері Виктор Кропп.
Ауылдағы ағайынның аздаған сүтіне сұраныс туғызып, қосымша табыс көзіне жол ашқан «Жарма-сүт» кооперативі келешекте Жарма ауданының өзінде сүт өңдейтін зауыт ашуы мүмкін. Ол үшін кооператив мүшелерінің саны артып, несиеге қол жеткізу қажет.
-Өскемендегі «Үлбі модуль зауытынан» арнайы модульдер сатып алсақ деп отырмыз. Несиеге кепілдік ретінде сол модульдің өзін қоюға болады. Осы қондырғы құнының тең жартысын мемлекет өтейді. Қалған құнын сүт өндірісінен түскен кірістің бір бөлігі-ақ жабады. Бұл жерде кооператив мүшелері ешқандай шығын көрмейді. Оған сүт пен етке, төлдеген басқа берілетін субсиядияларды қосыңыз. Бұрын-соңды ауыл халқына дәл мұндай қолдау көрсетілгені есімде жоқ, – дейді кооператив жетекшісі.

Кооператив құру арқылы ауыл халқы бұрынғы береке-бірлігін тірілтеді деген сөзінің де жаны бар.
-Біздің ұжымға енген 40 адам барлық шаруаны бірлесіп, келісіп тындырады. Бір топ қысқы азыққа жауап берсе, бір топ сүт өндірісін ұйымдастырады. Енді бір топ малдың жазғы күтіміне жауапты. Бірігіп жүріп жұмыс атқару көңілді де. Бұрынғыдай әркім өз шаруасымен әуре болып, жалғыз-жалқылап жүргенде жеткен жағдайымыз белгілі. Ауылдың болашағы осы кооперативте. Кеш те болса осындай бағдарламаның қолға алынғанына қуанамын. Мұның игілігін халық та көп өтпей ұғатынына сенемін, – дейді Амангелді Исқақов.
Берекеге бастаған бағдарламаның артықшылығын бір күндік сапарымызда біз де көргендей болдық.
Есімжан Нақтыбайұлы
Жарма ауданы