Қоғам

Береке-бірліктің үлгісін көрсетіп отыр

Береке-бірліктің үлгісін көрсетіп отыр

Достық үйі

Глубокое ауданында қазір 52 ұлттың өкілдері тұрып жатқанын ескерсек, мұндағы Достық үйі қызметінің маңыздылығын бірден байқауға болады. Осы мекеменің директоры Мария Пекурдың айтуынша, Достық үйі негізінен аудан көлемінде мәдени-көпшілік шараларды көптеп өткізуге күш салып келеді. Әсіресе, ардагерлермен, әскери-патриоттық клубтармен бірлесіп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ауқымды шаруалар қолға алынған. Сонымен бірге, осы Достық үйі жергілікті ақындар мен сазгерлердің байқауын ұйымдастырып, қаламгерлердің жинақтарын шығаруға ұйтқы болып отыр. Достық үйі жанында «Прииртышская лира» деп аталатын әдеби бірлестік жұмыс істейді. Бірлестік өкілдері ауылдарға шығып, оқушылармен, жастармен кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіп тұрады.
Әр ұлттың өзіндік мерекелері мен салт-дәстүрлерін назардан тыс қалдырмай атап өту де дәстүрге айналған. Қазақ, орыс, украин, неміс халықтарының фестивальдары жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Ең бастысы, бұл фестивальдарға барша ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің белсенді қатысуы глубокоелықтардың ынтымағы мен бірлігін одан әрі нығайта түскендей. Былтыр алғашқылардың қатарында Өскемендегі этноауылда ауданның әр ауылының ансамбльдерінен ұйымдастырылған, ұлттар арасындағы бірлікті паш еткен үлкен концерттік бағдарлама ұсынған. Онда украин, орыс, қазақ, неміс және басқа да ұлттардың халық әндері, билері, халық аспаптарының орындауында көрермендерге ұсынылған. Аталмыш шараға жиыны 185 адам қатысты.
Мария Пекур аудан көлемінде Глубокое кентінде, Предгорное, Прогресс, Черемшанка, Бобровка ауылдарында көркемөнерпаздар ұжымдарының шығармашылықпен жұмыс істеп жатқандығын атады. Ауданның төрт орта мектебінде Ассамблеяның жастар қанаты құрылып, жұмыс істеуде.
Ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуға қосып отырған осындай ауқымды жұмыстары үшін Глубокое ауданының Достық үйі жыл сайын облыс әкімінің сыйлығымен марапатталып келеді. Аталған сыйлықтың қаржысына жоғарыда айтып өткеніміздей, жергілікті ақындардың жинақтары шығарылыпты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button