Береке-бірліктің үлгісін көрсетіп келеміз
Еліміз үшін мән-маңызы зор Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі жүзден астам ұлт өкілі тату-тәтті тұрып жатқан Шығыс өңірінде, қалалар мен аудандарда кең ауқымда аталып өтті. Әсіресе, облыс орталығы Өскемен шаһарында бұл ұлық мейрам айрықша сән-салтанатпен, көтеріңкі көңіл күйде тойланды.
Кеше орталық алаңда өңіріміздегі ұлттық-мәдени орталықтар мен Достық үйлерінің өкілдері, өскемендіктер мен қала қонақтары бас қосты. Көңілді топтың жүздерінен риясыз күлкі көріп, қуаныштың лебін аңғардық. Еліміздегі сан ұлт бүгінде Қазақстанды өздерінің Отаны деп біледі. Шаңырақ иесі болып табылатын қазақ халқы аласапыран кезеңдерде дүниенің әр қиырынан келген өзге жұртты қамқорлығына алды. Өзінің сол кездегі ауыр жағдайына қарамай басқаның қасіретіне де ортақтасты. Кеңес өкіметі қыспағымен Ұлы даланы паналаған ұлттар мен ұлыстар осында біржолата тұрақтап қалды.
«Бірлік пен Жасампаздықтың 25 жылдығы» атты Бірлік күніне арналған меркелік іс-шаралар орталық алаңда өтті. Жиналған жұртшылықты төрдегі сахнадан қоғамдық бірлестіктер мен ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері құттықтады. Облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов өз сөзінде еліміздің басты байлығы татулық пен бірлік екендігіне тоқталды.
– Қазақстан халқының бірлігі күні бүгінде ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін достықтың, болашаққа деген сенімнің бастауына, асыға күтер шаттық мейрамына айналды. Бұл күн – әр азамат үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен келісімнің мерекесі. Мереке күні жұртымыз береке-бірлік пен ынтымақтың үздік үлгісін көрсетіп, әлемдік қауымдастыққа еліміздегі этносаралық татулықты паш етеді. Қазақстанның басты жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының негізіне айналды. Болашағымыз баянды болып, Қазақ елінің айбыны арта берсін! – деді ол.
Салтанатты шеруде сап түзей келген жерлестеріміз де өздерінің мерекелік тілектерін білдіріп жатты.
– Бүкіл Қазақстан халқын бүгінгі 1 мамыр – ынтымақтастық, достық, бірлік күнімен құттықтаймын! Көңіл күйіміз өте жақсы, ауа райы да тамаша. Ассамблеяның жасап жатқан игі істері өте көп. Шығыс Қазақстан облысында 100-ден астам ұлт бар, 11 Достық үйі жұмыс істеуде. Оның барлығы Елбасының қолдауымен іске асып жатыр. Халықтар арасында орныққан достық, бірлік, бейбітшілік те Елбасының арқасы, – дейді облыстық славян мәдени қоғамдастығының жетекшісі Александр Яковлев.
Алаңдағы мереке концертсіз өткен бе?! Этномәдени бірлестіктердің өкілдері және өңіріміздің танымал өнер ұжымдары көктем мерекесін ары қарай әнмен әспеттеп, күймен көмкеріп әкетті. Олардың ішінде халықаралық ән байқауларының жеңімпазы Нұргүл Қабдоллаева, әншілер Е.Уадинов, А.Барабаш. А.Қыдырқанова, Г.Қанафина, Т.Русакова, сонымен қатар, «Инкоро», «Ару», «Аллегро» топтары, «Ладушки», «Свиточ», «Торади», «Ақтолқын», «Еркетай», «Шығыс жұлдызы», «Аққу – Үміт», «Майглекхен», «Арарат», «Русская песня», «Вайнах», «Ақниет» ансамбльдері және өзге де өнер ұжымдары болды.
Осы күні алаңда сонымен қатар, мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды. Ал өз күшін сынап көргісі келгендер гіртасын лақтырып, армрестлинг үстелінде қол күрестірді. Арқан тартысқандар да көп болды. Мұнымен қоса, жеке-жеке бұрыштарда неміс, украин, белорус, орыс, әзірбайжан, армян, шешен-ингуш, татар және кәріс халқы қолөнер шеберлерінің бұйымдары жұрт назарына ұсынылды.
Түстен кейін алаңда жұрт назарын өзіне бұрған ерекше шара – «Автоэкзотика – 2016» көрме-сайысы өтті. Дәл осы кезде алаңдағы көңілді әуенді мотордың күшті дауысы басып кеткен болатын. Темір тұлпарлар легі келіп жетті алаңға. Қатысушылар «Автодыбыс», «Ретро/классика», «Тюнинг» «Салон», «Капот астындағы күш» аталымдары бойынша сынға түсті. «Шығыс марафоны» автоклубы ұйымдастырған шараға облысымыздың түкпір-түкпірінен көлікқұмарлар келіп қатысты. Көрменің мақсаты көшелерімізде қандай әдемі көліктердің жүргенін көрсету, автомобильдің қозғалыс құралы ғана емес, сонымен бірге, тарихи құндылық екенін, темірді күтсе тарихи жәдігерге айналатынын жұртқа жеткізу екен. Алаңда осы жолы бүгінгі күннің қолдан ерекше өзгертіліп, жетілдіріліп жасалған көліктерімен бірге өткен ғасырдың ортасынан бүлінбей жеткен көнекөз автолары де сап түзеді.
Сонымен қатар, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыс орталығындағы саябақтар қысқы демалыс маусымынан кейін өз жұмыстарын жандандырды. Қаладағы «Жамбыл», «Қазақстан», «Сәулетай», «Сол жағалау кешені» және «Жастар» саябақтарында мерекелік концерттер өтіп, балаларға арналған байқаулар, басқа да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бұл күні бала-шағасын ертіп, саябақтарға келген жұртшылықтың санында шек болмады. Әсіресе, «Жастар» саябағында кішкентай өскемендіктер үшін аса қызықты болған шаралар көптеп өткізілді. Соның бірі – «Біз бейбітшілікті сүйеміз» атты өнер байқауы. Сондай-ақ, шаһар тұрғындары мен қонақтары этноауылдың аспан астындағы мұражайлары мен хайуанаттар бағына барып, ондағы мерекелік шараларға қатысты, «Қазақстан» саябағындағы ойын-сауық аттракциондарында көңіл көтерді.
– Ұлтаралық татулық пен бірліктің арқасында Қазақ елі жылдан-жылға өсіп-өркендеп келеді. Бүгінгі шараларға балаларымызбен бірге келіп тұрмыз. Олар мұндағы қызықты шараларға қатысып, құрбыларымен асыр салып ойнап, мәз-мейрам болуда. Осы мамыра-жай өмірдің қадірін түсіне білген жөн. Барлық жерлестерімді осынау жарқын мейраммен шын жүрегімнен құттықтаймын! – дейді саябаққа үш қызын ертіп келген қала тұрғыны Лаура Әнуарбекова.
Саябақтағы шараның түпкілікті мақсаты – кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке, достық пен бірлікке тәрбиелеу екенін «Біз бейбітшілікті сүйеміз» акциясының ұйымдастырушылары да ерекше атап өтті.
– Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған шараны қалалық білім басқармасының «Балбұлақ» өнер мектебі ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ, бүгін «Жұлдыз» өнер мектебінің концерттік шарасы да өтеді. Жалпы, бүгінде елімізде 120-дан астам ұлттың өкілі бір шаңырақ астында, береке-бірлікте өмір сүріп жатқанын білесіздер. Сол құндылығымызды балаларымызға да дәріптегеніміз абзал. Бүгінгі шараның мақсаты да сол. Осы акция барысында балақайларымыз ел бірлігін әндерімен әспеттеп, билерімен көркемдеп, ұлық мейрамның жоғары деңгейде аталып өтуіне өз үлестерін қосады деп сенеміз, – деді «Балбұлақ» балалар өнер мектебінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Есенбол Нақтыбайұлы.
Сондай-ақ, кеше Өскемен қаласының тұрғындары мен қала қонақтары Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келген тағы бір мереке, барлық православ христиандарының ең қасиетті мейрамы – Пасханы айрықша салтанатпен атап өтті.
Облыстық Достық үйінің алдында өткен мерекелік шараға Өскемен және Семей өңірінің епископы Амфилохий, қалалық орталық мешіттің бас имамы Бауыржан қажы Жомабеков, облыс орталығындағы Ресей Федерациясы консулдығының вице-консулы Сергей Алексеев және басқа да мәртебелі меймандар қатысты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Өскемен және Семей өңірінің епископы Амфилохий бүгінде елімізде дінаралық татулық пен ұлтаралық келісім салтанат құрып тұрғанын, барлық халықтың салт-дәстүрі мен мәдениеті, тілі үлкен құрметке ие екенін атап өтті. Епископтың бұл сөзіне Өскемен қалалық мешітінің бас имамы Бауыржан қажы да қосылды.
– Құрметті жерлестер, шын жүректен сіздерді осынау жарқын мейрамдарыңызбен құттықтауға рұсқат етіңіздер. Барша этностың өзара ынтымақтастығы, діни наным-сенім бостандығы қай заманда болмасын, Қазақстан қоғамының негізгі ерекшелігі, басты артықшылығы болатын. Бүгінгі таңда біздің жас мемлекетімізде 130-дан астам ұлттың, көптеген конфессияның өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың көздеген мақсаты да айқын – бейбітшілікті сақтап, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында еңбек ету, – деді ол.
Ал Ресей Федерациясы консулдығының вице-консулы Сергей Алексеев қазірде Қазақстанды бүкіл әлем бірлік пен келісімнің киелі бесігі ретінде қабылдайтынын ерекше назарға алды.
– Дәстүрлі діндер қоғам өмірінде ерекше рөл атқарып, жалпы адами асыл қасиеттерді насихаттайды. Баршаңызға бақыт, денсаулық, отбасыларыңызға игілік пен құт-береке тілеймін, – деді Сергей Алексеев.
Іс-шара барысында Қасиетті Покров ғибадатханасының хоры мен облыстық этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары Пасха мейрамына қатысты әндер шырқап, би биледі.
Бірлік мерекесі аясында бұл күндері Өскемендегі субұрқақтардың салтанатты ашылу рәсімдері өтті. Атап айтқанда, Республика алаңындағы, Амфитеатр маңындағы және Гагарин бульвары бойында орналасқан фонтандар іске қосылды. «Субұрқақтар шеруі» аталған осы мерекелік шара аясында концерттік бағдарламалар мен сауда-саттық шаралары ұйымдастырылды.
Мерекелік кешке жастар жиналды. Сахнада «Студенттер көктемі – 2016» байқауының гала-концерті өтіп, оның соңы жастардың би думанына ұласты.
Ержан Әбіш,
Нұржан Кенжеұлы