Қоғам

Береке-бірліктің арқасында өркендеп келеміз

Береке-бірліктің арқасында өркендеп келеміз


Кеше Өскемендегі облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында Алғыс айту күніне орай мерекелік концерт өтті.

Сахна шымылдығы «Атамекен-ай» әнімен ашылды. Бұл кеште әртүрлі этнос өкілдерінің халықтық әндері шырқалып, билері орындалды. Атақты сазгерлердің туындыларын көрермен қауым өнерпаздармен бірге шырқап отырды. Сахна төрінде «Нұр Орда» халықаралық мектебінің оқушылары ән мен күйден шашу шашып, көрермендердің ықыласына бөленіп, концерттің сәнін келтірді. Мың бұрала билеген «Улыбка», «Вайнах», «Пируэет», «Ритм» би тобының мүшелері орыс, татар, әзірбайжан халықтарының хореографиялық қойылымдарын ұсынды. Концертте «Инкорро» вокалдық тобы мен «Злато», «Гармония» ансамбльдерінің әншілері «Қазақстан-25», «Белая Русь» әндерін орындап, көрермен қауымның ерекше қошеметіне бөленді.

– Достық үйінің базасында аймақтағы этностардың тілдері мен мәдениеттерін жаңғырту мектебі жұмыс істеп келеді. Оның қызметінің басты бағыты – облыста тұрып жатқан халықтардың тілдері мен дәстүрлерін, сонымен қатар, қазіргі жаһандану дәуірінде білу міндетті болып табылатын әлемдік тілдерді үйрету. Біз осындай ұлтаралық татулық пен бірліктің арқасында жылдан-жылға өсіп-өркендеп келеміз, – дейді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.

Мерекелі шараны ұйымдастырушылардың бірі, облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының басшысы Эльдар Төлеубековтің айтуынша, қазір облыста 119 этнобірлестік жұмыс істейді.

– Біздің облысымызда Достық үйі жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бүгінде ол шаңырағының астына отызға жуық этномәдени бірлестік өкілдерінің басын қосып отыр. Біздің елімізде 130-дан астам этностың өкілдері өмір сүреді, солардың 105-і – Шығыс Қазақстанда тұрады, – дейді Эльдар Төлеубеков.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button