Руханият

Береке-бірлік – тұрақтылық кепілі

18 қазан – Рухани келісім күні. Соған орай, бұл күні облыстың барлық қалалары мен аудандарында елдегі конфессияаралық бірлік пен ынтымақты айшықтаған ауқымды іс-шаралар жыл сайын ұйымдастырылып, атаулы күннің мәні мен маңызын кеңейтіп келеді. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1992 жылдың 18 қазаны күні Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда бірінші бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен болатын. Мұндағы Қазақстанның бірден-бір алға ұстанған саясаты – конфессияаралық және этносаралық татулық болды.

Осы жылы Қазақстан төрінде әлемде тұңғыш рет барлық дін өкілдері, қоғамдық діни ұйымдардың өкілдері бас қосқан еді. Конгрестің 18 қазан күні өтуі де кездейсоқтық емес. Сол күні съезге қатысушылар 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. Осы тарихи сәттен бастап Қазақстанда жыл сайын 18 қазан – күні Рухани келісім күні ретінде тойланып келеді. Одан бері де әлемдік жетекші діндердің көшбасшылары еліміздің астанасында  бірнеше мәрте бас қосқаны өздеріңізге жақсы мәлім. Біздің елімізде қазіргі таңда 130 этнос пен 17 конфессия өкілдері татулық пен бірлікте, өзара түсіністікте өмір сүруде. Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін жасады, мұны халықаралық сарапшылар да мойындап отыр. Этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы қазақстандық жолды қазіргі кезде көптеген елдер зерттеп, өздеріне үлгі етіп енгізуде.

Киелі қазақ шаңырағында уық болып қадалған өзге этнос, дін өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» деп біледі. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда, өз өңірімізде тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін, этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауы үшін еңбек етіп, атсалысып жатыр.

Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайтыны анық. Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайтынын әр кез көріп, байқап жүрміз.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңіріндегі өкілі, облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатайдың мына сөздері еске түседі.

– Біз облыста Рухани келісім күнін тек 18 қазанда ғана атап өтпейміз. Бұл күннің маңызы мен мағынасы біздің жыл көлемінде өтетін іс-шараларымызда көрініс тауып келеді. Мәселен, конфессиялар арасында өзара байланыс, достық қалыптасқан. Мысалы, өзге дін өкілдері Құрбан айт, Ораза айт және басқа да діни мерекелеріміздің ортасында бізбен бірге жүреді. Мешіттерімізге келеді, бір үстелде отырып, дінаралық татулық жайын кеңесеміз. Діни бірлестіктермен ашық есік күндерін жиі өткіземіз. Олардың Рождество, Пасха, тағы да басқа мейрамдарына біз де барамыз. Облыстық дін істері басқармасының жанынан өңірдегі діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы құрылған. Бұл конфессияаралық қарым-қатынастар үшін таптырмас сұхбат алаңы. Міне, конфессияаралық татулық осындай нақты істермен көрініс табуы керек, – деген еді Ермек Мұқатай.

Бұл – ұлты мен діни сеніміне қарамастан, барлығымызды біріктіретін қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да аталмыш мереке – жақсылық пен гүлдену мерекесі. Бұл мерекенің арнайы аталып өтуі – елімізде бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен сенімділік, ауызбіршілік пен сыйластық орнату.

Құдайға тәубә, біздің аймақта діни ахуал тұрақты. Өңірде барлығы 12 конфессия болса, олардағы діни қызмет атқаратын субъектілер саны – 316, оның 208-і Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер.

Бұлардан бөлек, православтық, протестанттық, католиктік шіркеулер жұмыс істейді. Сондай-ақ кришна сеніміндегі қоғамдастық, бір еврей діни бірлестігі бар. Діни ғимараттардан тысқары діни іс-шараларды өткізу үшін 36 ғимаратта арнайы орындар бекітілген (20 намазхана, 20 кіші шіркеу, бір ғибадат бөлмесі).

Биыл елімізде пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеу талаптарын сақтау мақсатында аймақтағы барлық діни ғимараттар қашықтан, онлайн жұмыс істеп жатыр. Алайда бұл жағдай талай жылдан бергі қалыптасқан дінаралық татулыққа еш кедергісін тигізген емес, қайта керісінше бекіте түскендей. Бұл күні өңірдің барлық қалалары мен аудандарында Рухани келісім күніне арналған мерекелік, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button