Бердібек Сапарбаев: -Алдымен мемлекет мүддесін ойлау керек
«Өңірлердегі оқырмандармен жүздесулерде, облыс әкімдерімен кездесулерде бізді екі жүз мыңнан асқан таралымымызды төмен түсірмеуді, сәтін салып жатса, өсіруді ғана көздейтіндей көретіндер қателеседі. Ол жүздесулердің, ол кездесулердің басты олжасы – өңір өмірін өз көзімізбен көретініміз, жұртшылық пікірін тікелей еститініміз, Елбасы командасының мүшелері – облыс әкімдерінің басшылығымен атқарылып жатқан жұмыстың жайынан жан-жақты хабардар етілетініміз, сөйтіп басылым бетінде қозғайтын тақырыптардың тың өрісін табатынымыз» – Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен сұхбаттың (16 қазан) аннотациясындағы осы сөздерді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен болған сұхбаттың басында да еске салып өткіміз келеді. Әкім кабинетінде басталып, Абай ескерткішінің жанындағы саябақта жалғасқан бұл әңгімеде де Елбасы тапсырмаларының өңірдегі орындалу барысы жөнінде тағылымды жайлар ортаға салынған деп ойлаймыз.
– Құрметті Бердібек Мәшбекұлы! Өзіңізбен таныс-біліс болғалы ширек ғасырдан асса да, газеттегі қызметтің жайымен араласқалы, жолдастық ретімен жақын жүргелі біраз жылдың жүзі ауса да сізден алғаш рет сұхбат алғалы отыр екенмін. Оның әбден-ақ уақыты келді деп ойлаймын. Бұрынғы жұмыстарыңызды былай қойғанда, Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарғаныңызға да алты жылға жуық уақыт өтіп қалыпты. Осы лауазымда тындырылған шаруа қомақты. Игілікті ісіңіз жақсы бағаланып та жүр. Өңірдегі өмірдің өзгеруі, қол жеткен нәтижелер туралы айтудан бастасаңыз екен әңгімеңізді?
– Елдегі тұрақтылықтың басты кепілі, реформаларды жүзеге асырудың, сол арқылы қоғамның дамуының негізгі факторы – Елбасымыздың салиқалы саясаты. Нұрсұлтан Әбішұлының алыстан ойлайтын, келешекті көретін қасиетінің арқасында еліміз бүкіл жаһанды құрсаған қаржы дағдарыстарынан бірнеше рет абыроймен шыға алды, қазір де, әлемдік экономиканың күрделі үрдістеріне қарамастан, Қазақстан дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Оның нақты нәтижелерін Шығыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдан жақсы көруге болады.
Сіз телефон арқылы хабарласып, жылдағы дәстүрлі кездесудің соңы биыл етек-жеңі кең сұхбатқа ұласса деп тілек білдіргеннен кейін мен, әрине, әңгімеге дайындалдым, алдымен түйіп-түйіп айтатындай мына жайларды бөле атап көрсеткелі отырмын.
Биылғы жылдың тоғыз айында облыста өнім көлемінің өсім деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға таяды. Жалпы өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 1,2 есе артты. Қазіргі қаржылық қиындықтарға қарамастан, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 13 пайызға өсіп, 210 миллиард теңгені құрады. Біздің ауыз толтырып айтарлық табысымыз – шағын және орта бизнесті қолдаудың күшеюі. Тек биылдың өзінде Шығыста мұндай 212 кәсіпорын ашылды, жеке кәсіпкерлердің саны 2 мың адамға артты. Қазір экономикалық белсенді жұртшылықтың 32 пайызы шағын және орта бизнесте жұмыс істеп жатыр. «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып бизнеске әкімшілік кедергілерді азайтудың қанатқақты жобасын жүзеге асырдық. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында өңірдің кәсіпорындарынан тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алу бойынша жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы соңғы 5 жылдың ішінде 3,3 есеге артты.
– 3,3 пайызға артудың өзі жетістік саналады кейде, ал сіздердегі өсімнің 3,3 есе болғаны, меніңше, айта қаларлықтай жай.
– Биылғы бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алу көлеміндегі жергілікті өнімдердің үлесі 42,2 пайыздық деңгейге жетті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе өсім деген сөз.
– Ал енді осы өзгерістердің шығысқазақстандықтардың әл-ауқатына нақты әсері қандай?
– Жыл басынан бері халықтың номиналды кірісі 7,4 пайызға, орташа айлық жалақы 9,1 пайызға өсті. Әл-ауқаттың нақты өлшемдерінің бірі тұрғын үй жағдайы десек, тұрғын үй құрылысының қарқыны да артып келеді. Биылғы он айда тапсырылған тұрғын үйдің көлемі 209 мың шаршы метрді құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 пайыздан артық.
– Құрылыс қарқыны тек тұрғын үй салудан ғана көрінбейді екен. Сіздің қабылдауыңызға дейінгі уақытты тиімді пайдалану мақсатымен Өскеменде соңғы уақытта салынып жатқан әлеуметтік нысандармен танысқан едім. Әлгінде Жақсылық (облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ж.Омар – С.А.) бастаған жігіттер кейінгі бір жылда облыс орталығында орын алған өзгерістерді көрсетті. Ертістің сол жағалауында бой көтерген спорт кешендері мен әйдік театр ғимараты қаланың көркін келтіргені қуантты.
– Өскемендегі қазіргі театр ғимараты ХІХ ғасырда салынған екен. Айтыңызшы, еліміздің қай қаласында ХІХ ғасырда бой көтерген театр бар? Бұл театрдың сыйымдылығы 200 орынға ғана есептелген. Өскеменде қазақ театры кейін ғана пайда болды. Біздің мақсатымыз – осы олқылықтардың орнын толтыру. Театрды Тәуелсіздік күнінде пайдалануға бермекпіз. Жаңа ғимаратта 15 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай мерекелік жиын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгін сізбен кездесер алдында қаланы аралап, театрдағы құрылыс барысымен таныстым, құрылысшыларға тиісті тапсырмалар бердім. Театр ғимараты биік болуы үшін іргетасын 4 метрге дейін көтердік. Кезінде жаңа мешіттің іргетасын 7 метрге дейін көтергенбіз. Қазір облыстық мешітіміздің күмбезі мен мұнаралары қаланың түкпір-түкпірінен көрінеді.
– «Қаланың түкпір-түкпірінен көрінеді» демекші, жергілікті жұрт «Аблакетка» деп те айтатын Ботпай тауының ең биігіне «ҚАЗАҚСТАН» деп жаздыртып, алып көк туды желбіретіп қойғаныңызға разылығымды осы арада айтып қалғым келеді.
– Әркім әр сәтте елді еске алып тұратындай болсын, қай елде жүргенін ұмытатындар табылса есіне салып тұратындай болсын деген тілектен туған іс қой ол.
Театрдың қарсы бетінде спорт нысандары орын тепті. Мұның ұтымды жерін айтайын. Таланттардың көбі ауылдан шығады. Алайда, ауылдың қарадомалақ балалары қалаға келе алмайды. Келсе де көп жерге бас сұға алмайды. Сондықтан спорт нысандарының жанынан мектеп-интернат салып жатырмыз. Сәтін салса, оны да Тәуелсіздік күніне дейін аяқтаймыз. Алыс ауылдардан келетін балаларға арналған мектеп-интернатта кем дегенде 300 оқушы оқиды. Оған 7 сыныптан бастап қабылдамақпыз. Мектеп-интернаттың өз спорт және мәжіліс залдары бар. Ал жанындағы ірі спорт нысандарын балалар қосымша пайдаланады. Жүгіргіңіз келсе – Жеңіл атлетика манежіне, күреске көңіліңіз ауса – Жекпе-жек сарайына, жүзуді қаласаңыз – Орталық бассейнге барасыз. Барлығы жаныңызда. Оның қасындағы атшабарды жөндеуді қолға алдық. Велоспортқа арналған трасса салынады. Сонымен бірге, қонақ үй салуға жер бөлінді. Бұл спортшыларға арналған қонақ үй болғандықтан бағасы арзанға түседі. Жарыстарға келген спортшыларға ыңғайлы. Кәсіпкерлер құрылысты келер жылы бастайды.
– Елбасымыз біздей көптілді, көпдінді елде бар мәселенің түйіні татулыққа келіп тірелетінін дәйім ескертіп отырады. Шығыс Қазақстан бұл жағынан ерекше өңір.
– Ең маңызды мәселенің бірі – халықтар достығын нығайту. Облысымызда жүзден астам ұлт өкілі тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясы – керемет құрылым. Облыста кіші Ассамблея жұмыс істейді. Бізде 98 ұлттық-мәдени орталық, 10 Достық үйі бар. Этномәдени бірлестіктермен үнемі кездесу өткіземіз. Ел арасына іріткі салу сияқты арандатушы әрекеттердің алдын алуды ұдайы ойластырамыз. Ассамблея құрылымдары көптеген іс-шаралар өткізеді. Өскемендегі этноауыл жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, еліміздегі бірегей кешенге айналды. Этноауылдағы әр ұлт пен ұлыстың үйлерін тиімді пайдаланудамыз.
Шығысқазақстандықтар достық дәстүрлеріне адалдығын дәйім дәлелдеумен келеді. Солай бола да береді деп сенемін. Ал ол үшін татулықты, келісімді күн сайын назарда ұстап, этносаралық жарасымға жағдай жасап отыру керек.
Өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайдың картасы жасалды. Оның ішінде әлеуметтік карта бар. Облыстағы Болжау және сараптама институтының мамандары тоқсанына бір мәрте елді мекендерді аралап, халықпен кездеседі. Шешілмеген, күрмеуі қиын мәселелерді жинақтайды. Сол мәселелер бойынша қай қалада, қай ауданда қандай жағдай туып тұрғанын анықтайды. Мәселен, Семейде бір мәселе туындаса, қала әкімінің тиісті шара қолдануын бақылауға аламыз. Әлеуметтік картада өңірдегі 19 қала мен ауданның ішінде шешімін күтіп тұрған өңірлерді белгіледік. Картада мұндай алты елді мекен бар. Мәселен, Өскемен. Қала іргесінде орналасқан Шығыс ауылындағы қандастарымыздың мәселесі жақында шешілді. Ахмер ауылында азаматтар заңсыз жер басып алып, үй салған. Бұл үйлер қаланың Бас жоспарында қарастырылмағандықтан жарық, су, жол сынды коммуникациядан құралақан. Сондықтан қазір инфрақұрылым мәселесін шешудеміз. Ал №22 шағын ауданда мердігерлер қаржыны үнемдемек болып, сапасыз үйлер салғаны белгілі болды. Бұл үйлер тез тұрғызылғанымен, Шығыстың ауа райына келмейді. Бүгінде үйлерді талапқа сай қайта жөндеу мақсатында тиісті комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. 9 мың адам тұратын Серебрянск қаласында газдан улануға қарсы сүзгі шығарады. Зауытта 500 адам еңбек етеді. Бірақ зауыт толығымен жұмыс істеп тұрған жоқ. Таяуда «Қазақстан инжиринг» компаниясы зауыттың аяғынан тұрып кетуі үшін қаржы құюға келісті. Глубокое ауданының «Бірінші май» кентінде «Қазақмыс» компаниясының кеніші бар. Компания кеніштің пайдалану уақыты аз қалғандықтан, жұмысшыларды қысқартпақ болды. Біз оларға қысқартылған адамдарды басқа кенішке орналастыру жөнінде талап қойдық. Мәселені бақылауға алдық.
Әлеуметтік карта бойынша облыстағы шиеленісті, қауырт мәселелердің жоғары, орташа және төмен деңгейі анықталды. Нәтижесінде бұрынғы жоғары шиеленісті мәселелер орташа деңгейге дейін түсті. Семей, Риддер, Зырян сияқты қалаларда қазіргі таңда күрделі мәселелер жоқ деуге болады. Картада қаладағы жағдайларды бағалаумен бірге елді мекендерді дамытудың келешегі, халықтың әлеуметтік сенімділігі, ұлтаралық жағдайды позитивті қабылдау, экология, баға, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, коммуналдық мәселелер де қамтылды.
– Бұл әлеуметтік картаны барлық өңірлердің тәжірибесіне енгізуге, таратуға болады екен. Жалпы, еңбегіңізге ел риза екені байқалады. Сізге өзімнің тарапымнан жасалған бір «экспериментті» айтайын. Шығыс Қазақстанға төрт жыл бұрын келгенімде Абай ескерткішінің алдынан өткенмін. Үш жігіт көше шетіндегі жиектасты ауыстырып, жұмыс істеп жүр екен. Азаматтардан облыс әкімінің жұмысы жөнінде сұрадым. Олар жағымды пікірлерін айта жөнелді. Мен «Облыс басшысы бір жылда не істеп үлгереді? Басшы болғаннан кейін мақтай беретін шығарсыздар?» деген сыңайдағы сөзімді сынай айтсам да қызметіңізге шаң жуытпай, кәдімгідей қорғаштай бастады. Іштей риза болып, істеріне береке тілеп, әрі қарай кеткен едім.
– Рахмет!
– Шығыс Қазақстан – Ресеймен шекаралас өңір. Облыс жұртшылығы Кеден одағы құрылуының қандай әсерін сезінді? Еуразиялық экономикалық одақ құрылуына байланысты қандай өзгерістерден үміт күтіп отыр?
– Кеден одағының өңір экономикасын ілгерілетуге көп пайдасы тиді. Былтыр көрші Ресеймен арадағы тауар айналымы 1 млрд. долларға жетті. Биыл 9 айдың ішінде 900 млн. долларды құрады. Яғни былтырғы көрсеткішке жақындап қалдық. Мұның бәрі Кеден одағының нәтижесі. Өйткені кәсіпкерлер мен кәсіпорындар үшін бұрынғы жолдағы кедендік ресімдеулер алынып тасталды. Бұл уақыт пен қаржыны тиімді пайдалануға септесті.
Шекаралас өңірлермен қарым-қатынасты жолға қойдық. Бүгінде Ресейдің бірқатар субъектілерімен, оның ішінде Алтай аймағымен байланысымыз берік. Қанша дегенмен, біраз шығысқазақстандықтардың ата-анасы немесе бала-шағасы Алтай аймағында тұрады. Сондықтан, бұл байланыс біз үшін тиімді. Дәстүрлі тарихи байланыстарымызды әрі қарай жалғастыруымыз керек. Бұл ретте тоқсан сайын Ресейдегі баға нарқы жөнінде мәлімет алып тұрамыз. Біздің жасаған мониторингіміз бойынша, Ресейдегі азық-түлік бағамы Қазақстаннан әлдеқайда қымбат. Осыны ескеріп, Ресейге өз өнімдерімізді, азық-түлігімізді сатамыз.
– Қай өңірді де азық-түлікпен қамтамасыз ету үлкен мәселе болып тұр ғой қазір. Бұл мәселе сіздерде қалай шешілуде?
– Біз барлық қалалар мен аудандарда тұрақтандыру қорын жасадық. Қорды жасақтау үшін әр ауданның әлеуметтік ахуалын тексеруге тапсырма жүктедік. Бізде әр ауылдың әлеуметтік картасы бар. Ауылда қанша отбасы тұрады, олар қандай шаруамен шұғылданады, күнкөрісі қандай, қыстан аман-есен шыға ала ма, наны, сүті, еті бар ма, баға қымбаттаса қалай төтеп береді? Әлеуметтік карта осы сауалдарға жауап береді. Яғни, өңірдегі елді мекендердің бір-бірін азық-түлікпен қамтамасыз ете аларлық әлеуеті болуы керек. Аудандардың бірінде астық, бірінде ет, бірінде көкөніс мол. Олар бір-бірінің қажетін өтейді.
– Еліміз бойынша машина құрау өнімінің 27,4 пайызы бір облыста – Шығыс Қазақстанда. «АЗИЯ АВТОНЫҢ» қазіргі жайы қалай? Президент отандық автоөнеркәсіпті қолдауға шақырып, мемлекеттік мекемелерге өз көліктерімізді сатып алуды ұсынған еді. Нақты нәтиже қандай?
– «АЗИЯ АВТО» компаниясына үш жылда мемлекет тарапынан 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл жаңа құрылған жеке кәсіпорын үшін әжептәуір көмек. Қазіргі уақытта барлық облыстармен келіссөз жүргізіп, «АЗИЯ АВТОНЫҢ» шығарған көліктерін алуына көмектесіп жатырмыз. Отандық көліктерді сатып алуға еліміздің Парламенті белсене атсалысқанын ерекше айтуға болады. Үкімет те біршама көлік сатып алды. Ал өңірлер енді-енді алып жатыр. Астана қаласының әкіміне 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне қажетті көліктерді бізден сатып алу жөнінде өтініш жаздық. Өнімнің өтімділігі жылдан-жылға өсіп келеді. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен болған Атыраудағы өңіраралық форумда «АвтоВАЗ» бен «АЗИЯ АВТО» екі жақты әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Өскеменде жылына 120 мың автокөлік шығару қуатына ие зауыт құрылысы басталды. 2017 жылы алғашқы легін шығаратын болады. Оларға 530 гектар жер бердік. Енді Үкіметтен 5 млрд. теңге қаржы алады. Бұл қаражат зауыттың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
– Жолға шығарда тиісті орындардан облыстың мал шаруашылығы саласына қатысты біраз мәлімет сұратып, алдыртып едім. Мұндағы сүт өнімдерінің ел бойынша үлесі 16,6 пайызды, ет өнімдері 15,2 пайызды, ірі қара және жылқы басы 14 пайызды құрайды екен. Сіздіңше бұл көп пе, аз ба? Бір кездегі екі облыстың жерін алып жатқан, табиғаты малға қолайлы өңір үшін аз сияқты көрінеді.
– Әрине, жеткілікті деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұл бағытта да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мал шаруашылығын дамытуға «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сынды мемлекеттік бағдарламалар үлкен үлес қосты. 2014 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4650 бас, оның ішінде 4500 аналық және 150 бұқа алуға тапсырма берілді. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстағы филиалының кредиттік ресурсы есебінен 2169 бас ірі қара, оның ішінде 146 бас бұқа сатып алынды. «Құлан» бағдарламасы 181 пайызға артығымен орындалып, 785 бас жылқы сатып алынды.
– «Құлан» дейсіз бе? «Құлын» шығар? Құлан деп жабайы жылқыны айтады ғой?
– Жоқ, «Құлан». Солай бекітіліпті… Әйтеуір, жылқы ғой. Мәселе бағдарламаның атында емес – затында. Дегенмен, атын да нақтылауға болатын шығар.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша қой басы 20 667 басқа, оның ішінде 667 қошқарға көбеюде. Үш бағдарламаның арқасында бір жылда 30 мың бас мал аламыз. Облыстың «Жайлау» атты бағдарламасы да бар. Бұл бағдарлама бойынша жылына 20 мың қой сатып алуға кредит береміз. Кредитті қаржылай берсек, басқа мақсатқа жұмсалуы мүмкін екенін ескеріп, мал басы арқылы беруді ұйғардық. Оның пайыздық үстемесі жоқ. Облыстық бюджеттен бөлінген 200 млн. теңге толық игерілді.
– Облыста балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98 пайыз екен. Бұл – үлкен көрсеткіш. 100 пайыздық деңгейге қай кезде шыға аласыздар? Сіз басқаратын облыстың жергілікті бюджет есебінен мектеп салу жөніндегі жақсы тәжірибесі белгілі. Сол тәжірибемен де бөлісе отырсаңыз.
– Біріншіден, «Балапан» бағдарламасы бойынша балабақшамен қамту жеткілікті деңгейде жүргізілуде. Екіншіден, бұрынғы жекешелендірілген балабақша ғимараттарын қайтарудамыз. Үшіншіден, жеке кәсіпкерлерге балабақша салу жөнінде ұсыныс жасадық. Мәселен, кәсіпкердің отбасы қалаға қоныс аударып, ауылдағы үлкен үйі бос тұрса, оны балабақшаға айналдыру жөнінде тапсырма жүктедік. Яғни, балабақша кәсіпкердің меншігі әрі мемлекеттік тапсырыс алады. Балабақшада бір балаға жұмсалатын қаржы 14 мың теңге болса, оның 7 мыңын ата-ана, 7 мыңын мемлекет төлейді. Осылайша, үйді балабақша ретінде қайта құруға жұмсалған шығын қайтарылады. Тұрғындардың басқа жаққа көшіп кетуіне байланысты кей мектептер жартылай пайдаланылады. Осы орайда мектептер жанынан 2200 шағын балалар орталығын аштық. Сәтін салса, келер жылы балабақшамен қамтуды 100 пайызға толығымен аяқтаймыз.
– Сіз облысқа келгелі басталған жақсы істердің бірі – «Туған жерге – тағзым» атты бірегей акция. Сол акцияның аясында талай шығысқазақстандық азаматтар кіндік кесіп, кір жуған мекеніне нақты көмек көрсетуде. Біз газетімізде Дәулет Тұрлыхановтың өз қаражатына Қалбатауға қатырып тұрып спорт кешенін салдырғаны туралы хабарды қатырып тұрып бірінші бетке бергенбіз. Жақында бірінші рет жерлестер форумын өткізіпсіздер. Осы акция қалай басталып еді? Қалай жалғасатын болады?
– «Туған жерге – тағзым» акциясы әрі қарай жалғасуда. Бұл акцияның қалай басталғанынан газетіңіздің оқырмандары хабардар. «Туған ел – алтын бесігім» акциясына барлық жерлестерімізді шақырдық. Сол кездегі жерлестерімізбен келісім бойынша Төлеутай Сүлейменов, Анарбек Қарашев, Дәулет Тұрлыханов, Медғат Құлжанов сияқты елге белгілі тұлғалардың қолдауымен туған жерлерінде талай тамаша нысандар бой көтерді.
Бізде осы сияқты білім, мәдениет салаларында бірқатар акциялар бар. Мәселен, «Tulek.kz» акциясы арқылы соңғы 30 жылда облыстағы мектептерді бітірген азаматтардың тізімін жасадық. Tulek.kz сайты арқылы мектеп басшылығы өз түлектері туралы мәліметті жинақтай отырып, оларға туып-өскен жері мен білім алған ошағына келуі жөнінде өтініш айтады. Олардың ішінде кәсіпкерлер де бар. Кәсіпкерлер өздерін оқытқан мектебіне қол ұшын созып, қаржылай қолдау көрсетеді. Бір мектепті әр жылы кем дегенде 20 баладан тәмамдаса, 30 жылда 600 бала бітіреді. 600 түлектің 90 пайызының, яғни 540 адамның жағдайы онша емес деген күннің өзінде, солардың 10 пайызының, демек 60 адамның 1 миллион теңгеден қаржылай демеушілік көрсетуге мүмкіндігі болады. Есептесеңіз, бір мектепке 60 миллион теңгеден түседі. Бұл – мектеп үшін әжептәуір ақша. Сонымен бірге әр әлеуетті түлекке бір класс бөлмесін бекітуге болады. Мысалы, сіздің атыңызға «Сауытбек Абдрахманов класы» деп класс бекітсе, сіз сол бөлмені жарақтандыруға көмек көрсетесіз. Өз атыңызға жазылған класс бөлмесін жөндеуден өткізуіңізге, басқа да керек-жарағын алып беруіңізге болады. Бұл үрдіс қазір қазақылығы басым аудандарда жақсы жүруде.
– Облыста тіркелген қылмыс саны 12 пайызға төмендеген деген мәлімет бар. Бұл нені білдіреді? Қылмысты тіркеудің азаюын білдірмейтін шығар деп ойлаймын. Олай болмаған жағдайда бұл жетістіктің сыры неде?
– Қылмыс саны 12 пайызға төмендеді. Қылмыстың алдын алуға қоғамдық сақшыларды тарттық, ішкі істер әскерінің сарбаздары да пайдаланылды. Қылмыстың көбі – ауылда. Ауылда ақсақалдардың орны үлкен. Қалада ардагерлер кеңесі, жергілікті өзін-өзі басқару комитеті бар. Осы тетіктердің тиімді жұмыс істеуінің арқасында қылмыс көлемі біршама азайды.
– Әңгіменің соңында ыңғайсыздау бір сұрақ қойсам деймін. Тәжірибелі облыс әкімі ретінде осындай қызметке жаңа кірісіп жатқан азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз? Жастар келе сала сүрінбеу үшін неден сақтандыруға болады?
– Ыңғайсыздау сұраққа жауап қайтару да ыңғайсыздау. Дегенмен, айтып көрейін. Ең алдымен, тазалық болуы керек. Бұл – мемлекет пен жеке меншік дүниені шатастырып алмау деген сөз. Басшы болғаннан кейін, алдымен мемлекет мүддесін, халықтың жағдайын ойлау керек. Егер алдымен өз жағдайыңды ойласаң, оңбай қателесесің. Саған осы жұмыс сеніп тапсырылғандықтан сенімді ақтау қажет. Бұл үшін жан аямай жұмыс істеу керек. Сағат 9-да келіп, 6-да қайтсаңыз жұмыс жүрмейді. Кей басшылардың кемшілігі – халықпен араласпайды, халықтан қорқады. Оның себебі, жұмыс жүрмегеннен, іс алға баспағаннан деуге болады. Яғни, халыққа айтар сөзі жоқ, өйткені көрсетер ісі жоқ. Кез келген әкім халықпен етене жұмыс істеуі керек. Менің ойымша, қазіргі кейбір жігіттерге жетпей жатқаны осы. Заманның ағымы ма, талабы ма, қазіргі жастардың көбі алдына ақшаны ғана қояды. Қанша айлық бересіз, соған қарап жұмысқа барамын дейді. Екінші мәселе, бүгін жұмысқа келді ме, ертең бастық болғысы келеді. Тәжірибе жинау, үйрену жағы қалып барады. Бұл ретте Ұлытауда Елбасының сұхбатында айтқан сөздері, ойлары өте орынды. Мемлекет басшысы ертеңгі күнді ойлайды. Мемлекет қайда барады, халықтың күйі не болады? Менің ойымша, соңымыздан келе жатқан еліміздің азаматтары бәрінен бұрын осы мәселені ойлауы керек. Әрқайсысы өз отбасынан бастауы тиіс. Егер өз отбасында жақсы тәрбие берсе, бес-он жылда барлығы ретке келеді. Ең негізгісі, тамақ бар, киім бар, жұмыс бар. Басқа не керек? Барлығы өзімізге байланысты. Кейінгі кезде жалқаулық пен масылдық пайда болды. Бұл жаман нәрсе. Егемендіктің арқасында жұмыс істеуге бейімделіп келе жатыр едік. Жатып алып ақша тапқысы келетіндер көбейді. Мемлекет басшысы осы мәселені үнемі айтады. Мемлекет сізге барлық дүниені жасады. Тек жұмыс істеу керек. Мен үшін, мемлекет үшін емес, өзіңіздің қарақан басыңыз бен отбасыңыз үшін жұмыс істеу керек. Ертең бала-шағаң ренжімеуі керек. Әр азамат осы міндетін адал орындауы тиіс. Мәдениеттілік, тектілік, ұлтжандылық отбасынан басталады. Менің Шығыс өңіріне әкім болғаныма алты жылға айналды. Бұл әуелі Алланың, сонан соң Елбасының арқасы деп білемін. Адам болған соң аяқтан шалушылар әр кезде болады. Елбасы қолдамаса, көмектеспесе, осы жетістікке жетпес едім. Барлығы егемендіктің арқасы. Егер егемен ел болмасақ, кеңес өкіметі осындай қызметтер берер ме еді деп те ойлаймын…
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан – Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
P.S. Газет беттері қатталып жатқанда редакцияға Президент Жарлығы келіп түсті: Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалыпты. Азаматтың абыройы артқанына қуанумен қатар, екіұдай ойда қалдық. 1 қарашада болған, диктофонға тап-тұйнақтай жазылған әңгімені газетке шығаруды осынша күнге созып алғанымыз үшін өзімізді іштей айыптадық та. Одан бері тыным таптық па, күнде газет жұмысымен жанталасып жатырмыз, ара-арасында келер жылғы жазылымның жайымен Алматыға бардық, Шымкентке бардық, Түркістанға бардық, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі ретінде жүктелген тапсырмамен сондағы қалалық есеп беру конференциясына қатыстық, сөйледік деп өзімізді іштей ақтадық та. Жарайды, болар іс болды. Мұндайда қайткен жөн? Бір жағынан, сұхбаттасушымыздың енді облыс әкімі емес екенін біле тұра Шығыс Қазақстандағы жұмыстың жайын әңгімелеген тұтас беттік материалды жариялағанымыз қалай шығады? Екінші жағынан, Үкімет басшысының орынбасары қызметіне жоғарылап жатқан азаматтың осыған дейін атқарған шаруасын елге таныстырған Елбасымыз тап күні кеше «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөйлеп біткен кезде «Шығыс Қазақстандағы жұмыстың тәжірибесін бүкіл елге таратуға болады» деп разылық танытқан өңірдегі өркенді өзгерістерді жұртшылыққа жеткізген артық па? Артық емес деп шештік. Сөйттік те сұхбатты дайын тұрған осы күйінде жариялауды жөн көрдік. Бар өзгерткеніміз – «Әкіммен әңгіме» айдарын «Тұлғалар толғанысы» деген айдарға алмастырғанымыз ғана. Қай қызметінде де Елбасы сенімін абыроймен ақтап, халықтың құрметіне бөленіп келе жатқан Бердібек Сапарбаевтың бүкіл елге танымал тұлғаға айналғаны – бүгінде басы ашық ақиқат.
«Егемен Қазақстан» газеті, 12 қараша, 2014 жыл