Қоғам

Бендишілеріміз ел чемпионы атанды

Өскеменде ринк-бендиден 2004 жылғы және одан кіші жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі мәресіне жетті. Төрт күнгі созылған додада ел чемпионы атағына алаң иелері – шығысқазақстандық бендишілер қол жеткізді.

Қалың оқырманға түсініктірек болуы үшін ринк-бенди дегеннің не екенін қысқаша айта кеткен абзал болар. 150 жылдық тарихы бар бұл ойын кәдімгі хоккейге ұқсайды. Тек мұндағы командалар шайбаның орнына доппен ойнайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл – шағын мұз айдынында ойналатын допты хоккей.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан жерінде ринк-бендиден республикалық жарыс осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Биылғы додаға бар болғаны төрт-ақ команда қатысса да, бәсеке қызу болды. Мұны жарыстың басы-қасында жүрген Қазақстан ұлттық құрамасының менеджері Нұрлан Оразғалиев те айтты.

– Команданың қай-қайсысы да мықты екен. Барлығы да жанын салып ойнады. Дегенмен алаң иелерінің өнерін ерекше атап өткім келеді. Айналдырған бірнеше жылдың ішінде шығысқазақстандық бендишілер ортаңқол ұжымнан жарыс фавориттерінің біріне айналды. Қазір сіздердің командаларыңыз осыған дейін қарсылас шыдатпай келген Батыс Қазақстан облысының құрамасын жеңетін халге жетті. Енді биылғы жарыстың үздіктерінен ел құрамасын жасақтап, алдағы жылдың наурыз айында Ресейдің Архангельск қаласында өтетін Әлем біріншілігіне дайындықты бастаймыз, – деді Н.Оразғалиев.

Жоғарыда айтқанымыздай, жарыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының құрамасы топ жарса, екінші орынға алматылық бендишілер ие болды. Ал үздік үштікті Батыс Қазақстан облысының құрамасы түйіндеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button