Қоғам

Белсенділігі үшін алғыс білдірді

Ержан Әбіш 

Аймақ басшысы Даниал Ахметов ел Президенті атынан шығысқазақстандықтарға Алғыс хаттарды табыс етті. Құрметті марапатты иеленгендер арасында мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдар өкілдері және журналистер бар. Олар – референдумды ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысқандар.

– Референдум – тарихи маңызы бар оқиға. Соңғы референдум 1995 жылы өтті. Әрбір референдум – мемлекетіміздің тарихы. Еліміздің тарихына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздерге сәттілік тілеймін, ең бастысы, аман-сау болыңыздар! – деді марапаттау рәсімі кезінде Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының қолынан Асқар Нұрғазиев, Мұхтар Төлеген, Лұқбек Тұмашинов, Элеонора Столярова, Ирина Якунина, Ернар Үсенов, Инесса Чернышева, Әскерхан Қуанбай, Зоя Новолодская, Ғазиз Найзабаев, Елена Старенкова және басқа да отызға жуық көрнекті қайраткер Алғыс хаттар алды.

– Отаншылдық ұстанымымызбен референдумды өткізуге белсене қатысқанымыз үшін Мемлекет басшысы өз ризашылығын білдіріпті. Алғыс хатта «Конституциялық реформаны табысты жүзеге асыруға және Жаңа Әділетті Қазақстанды құру ісіне үлес қостыңыз» делінген. Ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген біздер үшін бұл – зор қуаныш. Әрі қарай тынбай еңбек етуге үлкен стимул, мотивация. Қазақстанның жарқын болашағы үшін қызмет етуге барымызды саламыз. Президент атынан Алғыс хат алған әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Еңбектері еселене берсін! – деді С.Аманжолов университетінің ректоры, профессор Мұхтар Төлеген.

Конституцияға жалпыхалықтық дауыс беру арқылы түзетулер енгізу халықтың ерік-жігерінің айқын көрінісі болды. Облыс тұрғындары жылдың осы ең ірі тарихи оқиғасына белсенді қатысып, Жаңа Қазақстанның құрылысына өз үлестерін қосты.

Сондай-ақ Амаnаt партиясының төрағасы, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Алғыс хаттарымен белсенді партия мүшелері Айгүл Байжанова, Айтқазы Шерубаев, Тимур Виситаев марапатталды.

Осы айдарда

Back to top button