Белсенді азаматтарға жол ашылады
Айна Ескенқызы
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша семинар өтті. Кездесуге блогер Яков Федоров, ШҚТУ профессор-оқытушылар құрамы, жастар ісі жөніндегі комитеттердің төрағалары және белсенді студенттер қатысты.
– Қазіргі референдумның маңыздылығы – біртұтас қоғам мен ұлт құру керек. Мұндай қадамдарды демократиялық реформаларсыз жасау мүмкін емес, сондықтан менің ойымша, бұл дер кезінде қолға алынған шара. Қазір халық одан әрі демократиялық бағытта дамимыз ба, жоқ па, соны шешетін болады, – деді Яков Федоров.
Спикер алда күтіп тұрған өзгерістерге тоқталып өтті. Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейіп, белсенді азаматтарға саяси аренада жол ашылып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаятыны айтылды. Адам құқын сақтаудағы елеулі өзгерістердің бірі – Конститутциялық соттың құрылуы, оған кез келген адам жүгіне алады. Осылайша, Қазақстанда адам құқықтары басты рөлге ие болмақ.
Танымал блогер жастардың ел өміріндегі маңызды оқиғаға қатысуы үшін оларға референдум әрбір адамға қандай өзгерістер әкелетінін түсіндіру қажет деп санайды.
– Референдум дәл маған не береді, менің, қарапайым адамдардың өміріне қалай әсер етеді? Менің аулама, айналама қандай өзгеріс әкеледі? Көптеген адамдарды алдағы саяси науқан осы жағынан қызықтырады. Алайда адамдар ертеңінде, 6 маусым күні ұйқыдан тұрғанда «Жаңа Қазақстан» құрыла салмайтынын түсінуі керек. Ең бастысы – әр азаматқа қоғамдық өмірге араласуға, өз пікірін ашық білдіруге мүмкіндік беріледі. Жастардың референдумға белсенді қатысуы үшін оларға пікірлерінің ескерілетінін дәлелдеп, түсіндіру керек, – деп атап өтті Яков Федоров.
Кездесу барысында белсенді студенттер спикерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мәселелерді бірге талқылады. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ 3-курс студенті Ертіс Арханов «Жастардың дауыс беруге қатысуы – болашаққа жасалған үлкен қадам. Қазір халықтың басым бөлігі – жастар, сондықтан олардың республикалық референдумға қатысуы міндетті болып табылады» деген пікірін жеткізді.
Біз Яков Федоровтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, Конституция мен «Тіл туралы Заңнан» орыс тілін ресми түрде қазақ тілімен тең қолдануға рұқсат беретін баптарды алып тастауға қатысты пікірін білдіруді өтінген едік.
– Біз тыйым салу туралы ештеңеге қол жеткізе алмайтынымызды түсінуіміз керек. Өркениетті елдердегі сияқты басқа тілдерде сөйлегісі келетін азаматтардың құқын сақтауға тиіспіз. Бұл жерде мемлекеттік басқару органдарында мемлекеттік тілді қолдану шеңберін кеңейту маңызды. Мен бірнеше жылдан бері мемқызметшілерге көңіл аударуды айтып келемін. Екінші мәселе, қазақ тілін өз бетімен үйренген жан ретінде айтарым, бізде тілді үйрету әдістемелері ескі, көрнекілік жетіспейді. Еркін ойлайтын, жаңа әдістемелері бар мұғалімдерге мүмкіндік берген дұрыс. Осындай тың ойлайтын тілжанашырлары өздерінің белсенділігімен басқалардың қазақ тілін үйренуіне көбірек ықпал етеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін тыйым салу арқылы емес, оны қолдау арқылы көтеру керек, оның дамуына, қажеттілігінің артуына жағдай жасаған абзал. Қолдау дегенде, тіл үйренгендерді емес, бірінші кезекте ерекше әдістемелері бар жандарды қолдау арқылы тілді үйрететін құралдарды жетілдіру, соны әдістемелерді енгізу қажет деп білемін. Мысалы, жуықта Алматыда ешкімге белгісіз жастар «Батыр бол» атты ауызекі қазақ тілінде сөйлеу клубын ашты. Осындай белсенділерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, жоқ дегенде ғимаратын берсе, аздап демеп жіберсе, мемлекеттік тілдің өркендеуіне деген нағыз жанашырлық сол болады. Ары қарай белсенділер өздері алып кететініне сенімдімін, – деген ойын ортаға салды блогер.