Қоғам

Белсенді де беделді үміткерлерді іріктеді

Белсенді де беделді үміткерлерді іріктеді

Облыстық драма театрында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы Өскемен қаласының 9 сайлау учаскесі бойынша ішкіпартиялық праймериз өткізіп, облыстық мәслихат депутаттығына үздік үміткерлерді іріктеді.
Облыстық драма театрында өткен праймеризге барлығы 963 сайлаушы қатысып, партияның ең белсенді де беделді мүшелерін анықтап, іріктеуге ерекше үлес қосты. Бір атап айтарлығы, облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлердің қатарында нәзік жандар бар. Олардың бірі – өңіріміздің бас балалар офтальмологы Зарина Камасова. 17 жыл бойы бұрынғы облыстық балалар ауруханасының микрохирургия бөлімін басқарған Зарина Айдарханқызын өз ісінің нағыз шебері десе де болады. 2011 жылы ол жетекшілік ететін балалар офтальмология орталығы республика бойынша үздік деп танылса, ал 2013 жылы «Әйел басқаратын ең үздік мекеме» байқауының жеңімпазы атаныпты. Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Зарина Камасова «Денсаулық – 2016-2020» бағдарламасына қатысып, үлесін қосуды өзінің азаматтық парызы санайды.
– Мен егер сайлауда жеңіске жетіп, облыстық мәслихат депутаты бола қалсам, әрине, ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту жолында еңбек етемін. Өйткені, мен әйел, ана, әже әрі дәрігер ретінде көпшілікті не толғандыратынын жақсы білемін, – дейді Зарина Айдарханқызы.
№1 округ бойынша өткен праймериз қорытындысы бойынша 92 сайлаушының 65-і Зарина Камасоваға дауыс берді.
– Праймериз – әрбір партия үшін маңызды процедура. Оны өткізудің партияның орталық аппараты бекіткен арнайы нұсқаулығы бар. Ол бойынша егер округте бірнеше бастауыш партиялық ұйым бар болса, сайлаушылардың квотасы 10-нан бір болып анықталады, егер жалғыз болса, 50 пайыздан астамы праймеризге қатысуы тиіс, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Жалпы, осыдан бір күн бұрын «Нұр Отан» партиясының атынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлерді іріктеу бойынша праймериздер партияның 18 аймақтық филиалында өткізіліп, 34 кандидат іріктелген болса, олардың қатарына тағы да 9 кандидат қосылды. Сөйтіп, сайлау праймеризінің қорытындылары бойынша облыстық мәслихат депутаттығына «Нұр Отан» партиясынан 43 кандидат өтті.
Праймериз нәтижесі 12-ақпанда өтетін «Нұр Отан» партиясының облыстық конференциясында бекітілмек.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button