Белоусовкалықтар қоныс тойын тойлады

Глубокое ауданында еліміздің қарқынды дамып, өсіп-өркендеуіне жол ашқан Конституциясы күні мерекесі кең көлемде аталып өтті.
Маңызы мол мерекені ұлықтау дәстүрі аудан орталығында салтанатты жиынмен бастау алып, жергілікті өнерпаздардың тамаша концертімен көмкерілді.
Жиналған көпшілікті айтулы күнмен құттықтап, ізгі тілегін білдірген Глубокое ауданының әкімі Қалиқан Байғонысов барша қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып отырған Конституцияның қалыптасу тарихына қысқаша тоқталып өтті.
– Тәуелсіздіктің арқасында Ата Заңымызды басшылыққа ала отырып, жарқын болашаққа жол ашатын жаңа белестерді бағындыратын боламыз,– деп сөзін түйіндеді Қалиқан Байғозыұлы.
Бұл күні Белоусовка кентінде көптен күткен айтулы оқиға болды. Аудан басшысының қатысуымен Центральный көшесінде орын тепкен жаңа 100 пәтерлік тұрғын үйдің кілттері жаңа қоныс иелеріне салтанатты түрде табыс етілді. Қабырғасы кеңес заманында қаланған, кейіннен қаңырап бос тұрған бұл үйді үш жыл бұрын «УК Стройсервис 2004» ЖШС қолға алып, бүгінгі күннің талаптарына сай қалпына келтірген болатын. Мереке күні құрылыс компаниясы бір пәтерді еңбек ардагері Александра Сергееваға сыйға тартса, 17 пәтерді аудандық әкімдік сатып алып, кезекте тұрған кент тұрғындарына үлестірді. Олардың қатарында көпбалалы аналар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар.
Гүлнара Мусина
Глубокое ауданы