Белгілі қаланың белгісіз құрылысшысы

Шолақбұлақ. Шолақ десе, дегендей еді. Алтайдың ақеділ мұздықтарына қолы жетпей, қойын-қолатындағы сүрі қарды талғажау ететін бейбақ бұлақ тамыз туа орта жолдан жерге сіңіп кететін. Үлкендер оның шолақтығын ұнатпағанымен, суының жылылығы үшін балалар жақсы көретін.
Құлап аққан тастай суық өзендерден жылап аққан Шолақбұлақ әлдеқайда мейірбан болып көрінетін бізге. Күн шыжыса болды, сол Шолақбұлақты асфальт жолдың бойына бөгейміз. Қауіпсіздік ережесіне томпақтау демесеңіз, асфальттың шайырына дене қыздыру дүниенің рахаты еді ғой. Қапелімде көлік жетіп келсе, сасқанымыздан тұра алмай, еңбектей қашатынбыз. Сондай алаңсыз күндердің бірінде ортамызға бейтаныс жолаушы тап болды. Бізді айқайлап өзі шақырып алған. Алты айрығынан тер кеткен түрінен-ақ бес шақырым жердегі Катонқарағай ауылынан жаяу келе жатқанын ұқтық. Аяғындағы «Адидасы» мен басындағы «Лейкерс» бейсболкасы қалалық екенін айтып тұр. Қала болғанда да Астанадан шығыпты. Қабырғадағы ересек таныстарын сұрап еді, бірі Өскеменде, бірі жайлауда болып шықты. Оған бола көңілін түсірген «астаналық» жоқ. Жол бойындағы қою жасыл майсаға шынтақтай отырып, қоржынын ағыта бастады.
«Менің де сендердей бауырларым бар. Соларға деп алғам, ауыз тиіңдер», – деп бір дорба шоколадты ханталапайға қойды. Кәмпит атаулыны сирек көретін тоқсаныншы жылдар еді ғой. Таласа-тармаса қол созғанымызға қызыға күліп отырғанын кеш байқап қалдық. Біраздан соң біздің де тіліміз шығып, әрнені сұраған болып жатырмыз. Бейтаныс жолаушы Өрел дейтін ауылдан екі жыл бұрын Ақмоладағы құрылысқа кеткен екен. Енді Астананы орнатып, қайтып келген беті көрінеді. Болмысы бекзат, мінезі мәрт жігіт ауылдың аңқылдақ балаларын бірден баурап әкетті. Әңгіме қыза-қыза сұрақтар да саяси салмақ ала бастаған.
– Астананы қалай салып жатырсыздар? Парижге ұқсай ма?
Әншейінде ауыз ашқанды жатып атуға дайын тұратын балалар жаппай «астаналықтың» аузына қарап қалыппыз. Бәріміздің көкейімізге кептелген сұрақ осы болса керек. (Ол кезде қазіргі символ Бәйтерек те бой көтере қоймаған).
– Астана әлі салынып біткен жоқ қой, балалар. Мұғалімдерің айтпады ма сендерге? Мысыр да бір күнде салына салмаған. Әлі көресіңдер, Астана Парижге де, Лондонға да, Стамбұлға да ұқсамайды. Өйткені, ол қазақтың қаласы болады. Сендер өсесіңдер, сабақтарыңды жақсы оқысаңдар, Астанаға мықты маман болып барасыңдар. Сол кезде оның әр кірпішін ықыласпен қалаған мына мен сияқты ағаларыңа алғыс айтатын боласыңдар, – деп, біраз көсілді. Оны бұлай шабыттана сөйлеткен ауылға, Алтайға деген сағыныш екенін біздер ол сәтте ұққан жоқпыз. «Кірпіш қалаған құрылысшының өзі біздің мұғалімдердей білімді, Аяз атадай жомарт болып қайтып жатса, Астананың расымен де керемет қала болғаны ғой» деген үміт қалды балаң кеуделерде.
Арада 19 жыл өтіпті. Бейтаныс «астаналық» айтқандай, мен мықты маман болып, Астанаға барған жоқпын. Өскеменде тоқтадым. Ал Астананы өз көзіммен алғаш 2009 жылы көрдім. Ел құсап мен де Бәйтерекке шығып тілек тіледім. Есілдің айдынын Ертіспен салыстыруға келмейтінін түйдім. Желінен бұрын медиен жазығы Алтайды аңсататынын ұқтым. Керей-Жәнібектің ескерткішін бастапқы орнынан көріп, армансыз суретке түскенмін. Ал зәулім ғимараттары мен сан түрлі сәулет шешімдерін көргенде «футуризм» деген сөздің мағынасын ешқандай анықтаманың көмегінсіз-ақ түсіндім. Одан кейін де талай рет Астанаға жол түсті. Әр сапарымда «сондағы білімпаз құрылысшының үміті ақталып па екен» деген оймен қараймын елордаға.
Астанаға деген қызығушылық пен құрметімді оятқан әлгі ағамыз қазір қайда жүр екен? Бүкіл әлемді дүркіретіп ЭКСПО көрмесі өткенде үйінде отыра алмай, өзі іргесін қаласқан шаһарға тартып берген шығар. Әр сөзі рухыңды оятатын көше аттарын оқығанда мақтаныштан қан қысымы көтеріліп-ақ кеткен шығар. Өйткені ол сондай сезімтал, ақжарқын адам-тұғын.
Оның білімге құштарлығы сол бір шағын әңгімеде-ақ көрініп қалған. Баласын елордадағы үздік университеттердің біріне түсірді ме екен? Сол студент баласына келген сайын Құланшы музейі мен Хазірет сұлтан мешітіне бас сұғып жүрген шығар.
«Астана қазақтың қаласы болады» демеп пе еді өзі? Әр келген сайын Кенесары сарбаздарының басына құран бағыштап, «АЛЖИР»-ге бас сұқпай кетуі мүмкін емес оның. Бәлкім, оның тағдыры өзгеше өріліп, Астананың табанды тұрғынына айналған шығар…
17 облыстың алқауымен, 18 миллион халықтың қолдауымен, еркелеп ержеткен Астана қазір милион тұрғыны бар, әйдік шаһарға айналды.
Аға, сіздің айтқаныңыз айнымай келді! Астана Парижге де, Лондонға да ұқсамады, қазақтың қаласы болып шықты. Әр кірпшін ықыласпен қалаған сізге және сіз сияқты мыңдаған қаракөз құрылысшыға мың алғыс! «Мысыр да бір күнде салынбаған» деп едіңіз. Ол да рас екен. Астананы 20 жылда да салып біте алмадық. Қазақ дейтін қыран ел қанатын кеңге жайған сайын Астананың керегесі де кеңейе бермек.
Есімжан Нақтыбайұлы