Руханият

Бельгияда өнер көрсететін болды

Бельгияда өнер көрсететін болды

Қыркүйек айының басында Санкт-Петербург қаласында қазіргі заманғы және спорттық би билеуден мүмкіндігі шектеулі жандар арасында арбада отырып, би билеуден халықаралық жарыс өткен болатын. Осы сайыста Үржар өңірінен шыққан балғындар жүлделі орыннан көрініп, 2015 жылдың 24-25 қазанында Хасселт қаласында (Бельгия) өтетін жартылай финалға жолдама алғанды.
Аталмыш сында әлемнің 20 елінен келген 250 қатысушы бақтарын сынаған-ды. Біздің жерлестеріміз «Комби стандарт» бойынша 5 түрлі биден өнер көрсетіп, жарыстың ең жас өнерпаздары ретінде танылды.
Үржар медициналық-әлеуметтік мекемесінің тәрбиеленушілері Бағлан Манабаев, Әлібек Төлегенов және «Шабыт» би ұжымының бишілері Анна Зубцова мен Анастасия Кашкалда би додасында жүлделі 5-орынға ие болып, арнайы дипломмен, медаль және жеңіс кубогімен марапатталды.
Республикалық команданың құрамындағы Бағлан Манабаев, Әлібек Төлегенов, Анна Зубцова, Анастасия Кашкалда – бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды би өнеріне баулыған жаттықтырушылары Үржар ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің хореограф мұғалімі Наталья Анистратова екенін айта кеткен жөн.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button