Белгіге бейжай қарауға болмайды
Телефонымызға Теректібұлақ ауылының бір топ тұрғыны қоңырау шалып, көңілдерін күпті еткен мәселені ортаға салған болатын. Ортаға салып қана қоймай, сауалдарына нақты жауап күтетіндерін де ашық айтқан-ды. Бұдан басқа, дәл осындай ренішті бір қоңырау ауданымызға қонаққа келіп қайтқан Ақжар ауылының тұрғыны Т.Қалимажановтан да түскен болатын.
– Жақында, – дейді теректібұлақтық оқырмандарымыз, – ауылға, ауданға ардақты бір қадірменді әжей дүние салды. Балалары да беделді, туған-туыстары да мол, жан-жақты адам еді. Өлім болған соң, әрине, алыс-жақынға хабар айтылып, жерленетін күні де белгіленді.
Қаладан, қала маңындағы ауыл, кенттерден көлігі бары соған мініп, көлігі жоқтары жалдап дегендей, шапқылап жолға шықпай ма?! Күршім бағытындағы жолдардың күрделі әрі қиындығының көп екендігі жұртқа белгілі. Кейде жол болмай, кейде паром жүрмей, осы сияқты хикметтердің аяқтан шалатыны тағы бар. Сөйтіп, «келе жатырмыз» деген құда-жегжаттарды сол тосқаннан түннің бір уағына дейін тостық. Түн ортасы ауа жеткен екі-үш көліктің жолаушылары шаршап-шалдығып әрі шөлдеп, әбден сілелері қатып келген екен. Түскен бойда осындағы жол қызметіне өкпе-наздарын аямай төккен олардың сөздерінен ұққанымыз мынау болды.
Өскеменнен асығыс шыққан жолаушылар Күршімге күн барда келіп жеткен екен. Жөн сұрағанда әлдекім оларға «Теректібұлақ» деген жол белгісінен бұрыласыңдар» деген кеңес беріпті. Сол жортқаннан қарай-қарай «Теректібұлақ» деген атауды көре алмаған олар ақыры Күршім өңірінің аумағынан шығып, Қалжыр бағытына шығандап кеткен екен. Ақыры біреуді тоқтатып, егжей-тегжейлі мағлұмат алған жолаушылар қайта қайтып, іздеген ауылдарын «өлдім-талдым» дегенде әрең тапса керек.
– Барлық жерде, әр бұрылыста қай жолдың қай ауылға баратынын айқайлап айтып тұратын жол белгілері, паннолар тұрмай ма? – деп кейиді әлгі адамдар. – Бір дұрыс белгісі жоқ сіздердің жолдарыңыз не жол, өзі?
Патша көңілді оқырманның сөзін жерге тастаудың реті жоқ, біз әлгі сауалдарға жауап алу үшін «Облшығысжол» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнына қарасты №5 Күршім жол жөндеу мекемесінің басшысы Е.Қизатуллинмен жолықтық.
– Бұл сауалдарыңызға мен мынадай жауап бере аламын, – деді Еркін Әділханұлы. – Өз басым, негізінен, әлгі қонақтардың өкпесін орынды деп санаймын. Бірінші бұрылыста «Маралды» деп жөн сілтеп тұрған белгінің бөгде жандар үшін түсініксіз болғаны рас. Әйткенмен, бұл жерде біздің де үлкен кінәміз жоқ. Осы мәселе мен басшылыққа келген кезден бастап қолға алынған болатын. Әлгінде аталған бұрылысқа «Күршім-Теректібұлақ-Бурабай-Қойтас-Қыстаукүршім-Маралды» деп айқын жазылған панно қою туралы келісім жасалып, облыстағы кәсіпорынға өтінім беріліп те қойылған. Сондай-ақ, «Күршім-Егіндібұлақ-Ақбұлақ-Қарой-Аршалы» бағытына да панно қойылуға тиіс болатын. Ол жөніндегі өтінім облысқа сәуір айының басында берілген. Өкінішке қарай, біздің осы тапсырыстарымыз орындалмай жатыр.
Ақжарлық қонағымыз реніш білдірген тұста «Қауіпті бұрылыс» деген белгі бұрыннан тұрған. Оны әлдеқандай көлік құралы қағып, бүлдіріп кеткен болатын. Ренішті қонақтардың сапары сол шаққа дөп келген шығар. Бұл кемшілік те дер кезінде түзетілген, белгі орнында тұр.
Жалпы, осы уақытта жол бойындағы белгілердің барлығын жөндеп, талапқа сай деңгейге келтірудеміз. Сонымен бірге, жол шетіндегі шөп атаулы шабылып, қашықтықты білдіріп тұратын бағана-белгілер орнатылып жатыр.
Ал аталған паннолар қолға тиген бойда тиісті жерден орын алатын болады. Сөйткенде, алдағы уақытта ешкімнің де адаспай, жолды тура табатынына кепілдік бере аламыз.
Басшының сенімді де нық жауабына құлақ қоя отырып, біз осы айтылған жайлардың баршасының тез арада жүзеге асатынына сенгіміз келді. Дегенмен, мекеме басшысына бұл мәселені алдағы уақытта да жіті назарда ұстайтынымызды ескерте кетуді артық көрген жоқпыз.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.