БЕЛЬГЕР СӨЙЛЕСІН…
Герольд Бельгер
Аудармашы, публицист, жазушы.
(1934-2015)
Әсіресе қазақтың күйін ұнатамын. Анау Құрманғазының, Динаның, Тәтімбеттің күйлерін қызыға тыңдаймын. Төкпе күйлер менің темпераментіме көбірек келіңкірейді. Мен неміспін ғой.
***
Бәлен жылдан бері қазақ тілі деп айқайлап келе жатырмыз, талай дөңгелек стөл де өткіздік. Үлкен мінбелерде де сөйледік. Қатты-қатты сөздер де айттық. Нақты мысалдар да келтіргенбіз. Бұл іске қарайған қаржы да жұмсалды. Үкімет тарапынан қолдау да бар. Бірақ нәтижесін көре алмай отырмыз. Шынымды айтсам, кейбірде осы мәселеден түңіліп кетемін. Сол себептен бұл тақырыпта аса бір сөйлегім де келмейді.
***
Ал енді қазақтың арасында жүріп, менің түсінбейтінім – ру мәселесі. Аздап хабарым бар, әрине. Бірақ рушылдық басыма қонбайды. 42 ру бар дейді екен. Соны білем деп әжептәуір талпынып, зерттеген болдым. Түкке түсінбедім.
***
Біз адамдарды таңдай алмаймыз, оларды дұрыс орынға қоя білмейміз. Адамдардың кәсіби қасиетімен, талантымен санаспаймыз. Кездейсоқ адамдар бастық болып шыға келеді. Мұндай ауру соңғы жылдары тіпті дендеп кетті.
***
Кеше мен күнделігіме «Я независим, независим потому что от меня ничего не зависит!», яғни «Мен тәуелсізбін, тәуелсіз болатын себебім, менің ешкімге керегім жоқ!» деп жазып қойдым.
***
Менің достарымның, араласып жүрген жазушыларымның көбісі: «Осы Бельгер сөйлесін, оған ештеңе бола қоймас, неміс қой» деп бәрін маған ысыра салады. Өздері үндемей қалады.
***
Күнделікті тұрмыста пайдаланудан шығып қалған сөздерді есептесек, қазір он миллион қазақ сөзі бар екен. Ондай сөздік қор немістерде де, орыстарда да, ағылшындарда да жоқ. Соны бірақ қазақтардың өздері де біле бермейді.
***
Біз ауылда тұрдық. Есілдің жағасында. Түмен, Орынбордан қазақтар келетін. Өздерін «іш жақтан» келдік дейтін. Кейін Омбы, Орынбор, Астраханда қазақтар тұратынын білдім. Өзім Саратовта тудым ғой. Сол жақтағы неміс ауылдарында да қазақтар бар еді.
***
Орден, медаль беру – даңғойлықтың, даңғазалықтың бiр көрiнiсi. Ел неғұрлым надан болса, неғұрлым артта қалған болса, соғұрлым оның сөлкебайлары көп болады.
***
Жалпы, ерте ме, кеш пе, латын шрифтісіне көшу керек болады. Мұны бізге өмірдің өзі жүктеп отыр. Бүкіл әлем осы шрифте жазып-оқиды. Тек бір ескеретін жай, латын тіліне көшкен соң болашақ ұрпақтар осы алпыс-жетпіс жылдың тарихынан бейхабар болып шығады. Олар бұл кезде жазылған дүниелерді оқи алмайды. Сонау 20-30-шы жылдарда жазылған небір құнды дүниелерді оқи алмай отыр емеспіз бе?
***
Ауылда мені «Белекеңнің баласы», «Сары бала», «Біздің Гера» деді. Ойын баласы күнімде ақсақалдар еттің тәуірін асатты, жіліктің жақсысын ұстатты. Сол ауыл ақсақалдарының кеңдігі жұққан болар, менде ыза, кек жоқ.
***
Ел болмаса, бір жүрген құм қиыршығысың, қаңбақсың, үйсіз-күйсіз қаңғыбассың.
***
Мәселен, біздің депутаттар кейде қазақша сөйлеген болып, сөзін «Мен ойлаймын» деп бастайды. «Я думаю» дегені ғой. «Мен ойлаймын, біздің халық каленнен тұрады деп»… Қотыр-қожалақ, бір сөзі орысша, бір сөзі қазақша.
***
Дос қазақтарыммен салыстырғанда менде бәрі жалғыз-жалғыздан ғана бар: қанша жерден біртүрлі көрінсе де, әйелім жалғыз. Жалғыз қыз, жалғыз немере, жалғыз шөбере.