Қоғам

Белесебеттің белін талдырған 25 жыл

Белесебеттің белін талдырған 25 жыл


«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» мамандық иелерінің күні – қазан айының басында. Дәл осы мезгілде әлем халқы пошташылар мейрамын тойлайды. Оған қоса биыл еліміздегі пошта қызметінің құрылғанына ширек ғасыр толды. Жерлестеріміз қос бірдей мерекені өз дәрежесінде атап өтті.

«Қазпоштаның» облыстық филиалының мекемесінде аудандар мен қалалардағы байланыс торабының қызметкерлері бас қосып, өзара байқау ұйымдастырды.

– Иә, биыл екі мейрам қатар келіп тұр. 1993 жылы елімізде пошта қызметі алғаш құрылған болатын. Есептесеңіз, 25 жыл толды. Мерейтой! – дейді «Қазпошта» облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнәр Мырзабаева. – Пошташыларымыз осы күнді есте қаларықтай етіп атап өту үшін, орталық мекемеде мерекелік іс-шара ұйымдастырып жатқан жайымыз бар.

Сайысқа әр аудан-қаладағы тораптардан үш-үш қызметкерден шақырылған екен. Олар: бөлім басшысы, операторы және пошташы. Топтардың бірі би билеп, ән сала келсе, енді бірі бір күндік жұмыс барысынан бейнеролик дайындаған екен.

Сондай бейнероликтердің бірінің бас кейіпкері – Аягөз тобының капитаны болатын.

– Аягөз байланыс торабында алты пошташы қызмет етеміз. Алтауымыз шағын қаланы белесебетпен адақтап, әрбір үйдің есігін қағып шығамыз.
Бейнематериалдан көргеніңіздей. Ата-аналарды әскердегі ұлының хатын алып барып шаттандырамыз. «Ұлыңыздан хат келді, билеңіз!» дейміз. Қарттарды зейнетақысын апарып қуантамыз. Олар алдымызға тәтті-дәмдісін тосып, бәйек болып қалады. Өз басым осы қызметте жүргеніме он үш жыл уақыт болыпты. Әр күні белесебетіме қуана-қуана қонып, жұмысыма шабыттанып кірісемін, – дейді Гүлсифа Серікпаева.

Сонымен, мереке иелерінің додасында темір тұлпармен ұлан-ғайыр даланың апшысын қуырған Ұлан ауданының пошташылары қара үзіп келді.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button