СпортТОП

Беларусьтен олжалы оралды

Шығысқазақстандық өрт сөндірушілер Әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Айта кетейік, өрт сөндіру-құтқару спортынан жасөспірімдер арасындағы жаһандық дода Беларусь елінің Брест қаласында жалауын желбіреткен болатын. Биылғы дода айтулы датаға, яғни өрт сөндіру-құтқару спортының 85 жылдығына орай ұйымдастырылыпты.

Жарысқа Беларусь, Қазақстан, Ресей, Словакия және Үндістан құрамалары қатысып, чемпиондық атақ пен кубок үшін талас жүргізді. Бір айта кетерлігі, Бресте Қазақстан құрамасы сапында жерлестеріміз – шығысқазақстандық жас спортшылар да өнер көрсетті. Бірнеше кезеңге бөлінген жарыс барысында қатысушылар жүз метрлік кедергілер жолағы мен 400 метрлік эстафетаны еңсеру, сондай-ақ шабуыл сатысымен көтерілу сияқты сайыстарда бақ сынады.

Тартысқа толы болған жарыс қорытындысында жерлестіріміз бар шеберлігін паш етіп, үздіктер қатарынан көріне білді. Дәлірек айтсақ, 4х100 метрлік эстафета мен жауынгерлік өрістету сайыстарында ұлттық құрама сапында еліміздің намысын қорғаған Виктор Коршак, Эльдар Авилов және Дмитрий Красовский сынды спортшыларымыз чемпионттың күміс жүлдесіне ие болды. Шығысқазақстандықтардың дәл осындай жетістіктері ел құрамасының жалпыкомандалық есепте қола жүлдеге қол жеткізуіне де септігін тигізді.

Жігіттерімізден бұрымдыларымыз да қалыспады. Қыздар арасындағы жарыста Валерия Поволодская тамаша өнер көрсетіп, қатарынан екі жүлдені қанжығасына байлады. Алдымен эстафетада үшінші орынға ие болған ол артынша жауынгерлік өрістету бәсекесінде де үздік үштікті түйіндей білді.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, болашақта мұндай байрақты бәсекеде бақ сынаған жас спортшының көбі өз өмірін төтенше жағдайлар қызметімен байланыстырып жатады екен.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button