Руханият

Бекзат ОМАШЕВ, Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері, әнші, халықаралық, республикалық өнер байқауларының лауреаты: – ӨНЕРГЕ ДЕГЕН АДАЛДЫҚТЫ ХАЛЫҚҚА ДЕГЕН АДАЛДЫҚ ДЕП ҰҒАМЫН

– Біз бұл сұхбатты көп жоспарладық. Кейде менің уақытымның реті келмеді. Бірде сіздің ыңғайыңыз болмады. Сөз байластық, уәделестік дегендей. Уәдеге қаншалықты беріксіз, сіз үшін уәде деген не?

– Уәдені орындауға тырысамын. Менің түсінігімдегі уәде –азаматтық пен адамгершілік. Әкем қырық бір жасында бақиға көшті. Жастайымыздан шешеміздің тәрбиесінде өсіп-жеттік. Ол кісі өзі де ер мінезді адам болғандықтан шығар, біздің қамымыз үшін, жұмыс бабында болсын ер-азаматтармен етене жақын араласты. Туып-өскен жеріміз – Арқат ауылының адамдары да қатты сыйлайтын. Айтты ма, сөз берді ме – соны істеуге тырысатын. Есімі – Нүрила, ол кісіні біздің ауыл адамдары жақсы таниды. Кесіп айтады, барды бар дейді, жоқты жоқ дейді. Осының бәрі бала кезден куә болған көріністер болған соң, өсе келе, есейе келе көңілде жатталып қалды. Уәдеге берік адам болып қалыптастым.

Бүгінде өнерге араласып, ішінде жүрген соң әртүрлі жағдайлар болады. Театрда образды ойнап шығу болсын, мәдени-көпшілік шараларда ән шырқау керек пе, қандай жағдай болмасын баруға, бар өнерімді салуға күш саламын. Бір адам саған өтініш айтып, сенің уәдеңді, бірауыз сөзіңді алған екен, сен сөзіңде тұруға тырысасың. Осы бір жай ғана қарапайым әрекеттен жалпы адамның, азаматтың, өнер адамының тұлғасы қалыптасады. Осы арқылы өзіңді, өзіңе жақын жүрген достарыңды, сыры мен жыры бір жақын адамдарыңды, өкшеңді басып өсіп келе жатқан ізетті ініңді, қадірі бөлек қарындасыңды тәрбиелейсің. Уәдеңде тұрмадың ба, онда жақсы адам болып көріну үшін жанталасып жүрген жан болып шығасың. Менің жүрегімде жатталып, санамда сақталып қалғаны – ер жігіт бір сөзді адам болғаны дұрыс.

– Осының бәрі бала кезде бойға дарып, қанға сіңіп кеткен мінез-машық қой, ұққаным. Бала Бекзат қандай еді, оның өнерге деген құштарлығы қалай оянды?

– Апайым бес жаста, мен үш жаста және інім бір жаста болғанда әкесіз қалдық. Бірақ сол әкемнің арқасында жастайымнан өнер жарысына түстім десе де болады. Шешем керемет домбырашы болмаса да, «Қамажайды» ойнайтын. Сөйтіп жүріп домбыраға құмартып, біраз музыкалық шығарманы үйреніп алдық. Реті келсе, өнерімізді ортаға салудан тартынбай бой үйрете бастадым. Өстіп жүргенде шешемнің «әкелерің суырыпсалма ақын, әнші, домбыра шерткен, баянда ойнаған» деген сөздерін еститінмін. «Біздің үйде тұрған скрипка кімдікі?» дейміз біз. «Әкелерің скрипкада ойнаған», – дейді шешеміз. «Сонда ол кісі соның оқуын бітірген адам ба, әртіс болған ба?» деп біз аң-таң қаламыз. Мүлде басқа салада қызмет істесе де, әкем Бақтығали інісі Тілеуғалимен бірге отырған ортасын, жүрген жерін ән-жырға бөлейтін адамдар екен. Шешемнің әкем жайлы айтқан әсерлі әңгімелері өнерге деген талпынысты тудырды.

Мектеп қабырғасында жүргенде домбырамен ән айттым. Көптеген шараларда өнер көрсеттік. Бала кезден қияли болдым. Әдебиетті жаныма серік еттім. Сыныпта оннан астам бала домбырамен өнер көрсетіп, ән айтатын. Өнер додасының бәсеке, бәйге, майдан екенін ерте ұғындым. Әдеби-сазды кештерде домбырашылар саны тіптен көп деп, бір рет сахнаға шыға алмай қалдым. Содан гитараны үйреніп алдым да:

«Гүлдер сынды қаулап шыққан өңірге,

Адамдар бар неше түрлі өмірде.

Бірі оның жараласа жаныңды,

Бірі күн болып ұялайды көңілге», – деп тебіреніп тұрып ән шырқайтын болдық. Бір өлеңге ән шығарып алып, ауыл адамдарын тәнті еттім.

– Бұл сонда өз қатарластарыңыздан ерекшелену ме?

– Бір жағы, ол да бар енді (күлді). Алайда оның пайдасы мен шарапаты көп тиді. Наурызға арналған шара ұйымдастырушылар қатысушыларды іріктей бастайды. «Мен қатысайын» деймін тағы да. «Жоқ, домбырашылар жетерлік». «Мен гитарамен ән саламын» деймін. «Ә, жақсы. Онда ойланып көрейік» дейді. Содан бастап атымыз ауызға ілігіп, өнер дейтін ұлы көшке түрен салып қосылдық. Содан бастап үлкен сахналарда дүйім жұрттың алдында абыройым асқақтап сала береді десем болады.

Осы жолға мені бағыттаған – ұстазым Түгелжан Әзімжанқызы. Ол кісі мені ғана емес, жалпы біздің қатарластарды, Арқат ауылындағы мектепте білім алған қаншама шәкірттің жүрегіне нұр құйды. Біздің Абайды, Шәкәрімді, Мұхтарды тануға, олардың шығармасын оқуға, Абай әндерін әуелетіп ел алдына шығуымызға бар еңбегін сіңірді. Барлығымыздың қазақы болуымызға, танымы бөлек тұлға болып қалыптасуға ештеңесін аямады. Бұдан бөлек, сынып жетекшіміз болған Ырыстықайша Мақсұтқызына және басқа да ұлғатты ұстаздарыма алғысым шексіз.

– Толқыннан толқын туатыны айқын. Сіздің өнерлі, талантты жастардың арасынан бұзып-жарып шыққаныңыз кәміл. Олардың қаншамасы өз талантын ұштай алмай, дарынын дамыта алмай, қалаға келе алмай, ауылда қалып қойды. Ел үміт артып «әнші болады» деген, бақ қонған Бақтығалидың баласы қалаға келгенде неге әншілікті емес, актерлік жолды таңдады?

– Бала кезімде гитарамен ән айтып сахнада жүргенде Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Баян Сағымбаева, Нұрлан Өнербаев сынды өнер майталмандарының әнін тыңдап, сөйлеген сөзіне мән беріп, сахнада өздерін ұстауына қарап, талантына тәнті болып, әнші болсам деп армандадым. Мектеп қабырғасында гуманитарлық сабақтарды беске оқысам да, есеп-қисапқа жоқ едім. Есепке ебі жоқ «бухгалтердің баласына» бәрі де бас шайқайтын. Оларға әңгіменің ашығын талай айттым, «мұғалім, мен әнші боламын өскенде» дейтінмін. Кейбірі кәдімгідей арбай бастайды: «Сенің әке-шешең математик, бухгалтер емес пе?». «Жоқ, мені қинамаңыздар, мен әншілікті таңдадым» деймін. Неге екенін қайдам, алгебра, геометрияда мүлде басқа нәрсемен бас қатыратын едім.

– Әлі де есеп-қисапқа ебіңіз жоқ па?

– (Шалқалап тұрып күліп алды) Рас айтамын. Оған көп бас қатырғым келмейді. Ақша сауып жүрмін демеймін, ақша тауып жүрмін ғой. Оны есептейтін өз адамы бар екенін сен жақсы білесің.

…Өзің айтқандай, жарып шыққаным рас еді. Мен алдымен өз қатарластарыма разымын. Сондай бәсеке, бәйге болмаса, мен бүгін сенің алдыңда отырмас та едім деп ойлаймын. Мектеп бітіргеннен кейін шешем педагогикалық институтқа түсіп, мұғалім болғанымды қалады. Іште бала кездегі асқақ арман бұлқынып жата береді. Бірақ өмір дегенің қызық қой. Бәрі бір-ақ күнде өзгеріп сала берді. Менімен қатар мектеп бітірген ұлын қалаға апара жатқан шешемнің туған сіңілісі Нұрипа апаймыз бір күні үйге келіп, шешемнің жоспарын күл-талқанын шығармасы бар ма?! Апайының айтқанына көнбей, мені қалаға Абай атындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға алып келген – сол кісі. Абай елінен келгеннен кейін шығар, атауы бірден ұнады, расында. Бардық, барсам, Болат Қамзин ағам қарсы алды. Ленинградтан енді ғана келген беті, лапылдап тұрған шағы. Біз барғанда талапкерлерді іріктеп жатыр екен. Болат Еркінбекұлы сахнаға шығып, Абай атындағы мәдени-ағарту училищесін таныстыра кетті де, бір заматта: «Кім сахнаға шығып өз өнерін ортаға салғысы келеді?» – демесі бар ма?! Ауылдан аңсап келгенім сол, қалайда оқуға түсуім керек. «Мен шығамын» дедім де, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін әуелете жөнелдім. Ол кезде жіңішке ғана сап-сары жігітпін, дауысым да жіңішке. Сахнада ән салып тұрғанда Болат Қамзин ағамыз орындық әкеліп қойды да түсіп кетті, сахнада тұрып, миыма келген ойды жүзеге асырып, ағамыз алып шыққан орындықты деталь ретінде пайдаланып едім. Осы әрекетім сырт көзге әртістік қабілетімді танытқандай болыпты. Содан емтихан қабылдаушылардың назарына ілігіп, 1993 жылы ешқандай емтихансыз «Актер. Мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру режиссері» мамандығына оқуға қабылдандым.

– Осы оқу ордасында кімдердің тәлімін көріп, тәрбиесін алдыңыз, несімен есте қалды?

– «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей. Ең алдымен, Болат Қамзинге жақын жүрдік. Сол кісінің соңына ілесіп ел алдына шығып, көпшіліктің алдында бар өнерімізді салып, ән шырқадық. Бойдағы таланттың ұшқынын жандырдық. Ел бізді сыртымыздан «Ленинградская школаның» түлектері деп қолпаштайтын. Болат ағамыз сабақ уақытында актерлік шеберлікті шыңдау мақсатында орталық саябаққа ертіп келетін. Демалушылардың жүріс-тұрысын, киім-киісі мен сөйлеген сөзіне пародия жасауды тапсыратын.

Сөйтіп жүргенде көзді ашып-жұмғандай болып төрт жыл өте шықты. Бір күні оқу ордасының директоры Ғабрасул Қайдаров ағамыз шақырып алды да, жалпақ жұрттың көзінше консерваторияға Бекен Жылысбаевтың класына жолдама берді. Қыз-жігіттермен қимай қоштасып, Алматыға кетемін деген арманның жетегінде қуанышым қойныма сыймай, ауылдан келіп мені күтіп отырған шешеме диплом мен жолдама алып құстай ұштым. 1996 жылы өте бір қиын кезең болатын. Алматыға кетемін дегенді естіп шешем, бір жағынан, қуанып, бір жағынан, мұңайып қалды. Себебі, інімнің жасы кіші, мен үйдің бас көтерер адамымын ғой. Ары ойлап, бері ойлап, ауылдағы шешемді қимадым. Алматыдан вокалдық өнер ұштау мүмкіндігінен осылайша бас тарттым. Мен талантпын, өнер адамымын деп өрекпіп, әншімін деп әләулайға басатын кез емес екенін бағамдаған болармын. Шешейге қарайласып, өзіңді-өзің асырау керек болған соң қол жұмыс істеп кеттім. Жігіттің басынан не өтпеген, жалданып та жұмыс істедік, құрылыста жүрдік.

– Неге бұлай болды, кез келген мәдениет мекемесіне барып мамандыққа сай жұмыс істесеңіз болмады ма? Армандаған Абай театры қайда қалды сонда?

– Өте дұрыс айтасың, бауырым! Айтқым келмей айналсоқтап өтіп кетсем деген едім, қоймадың. Жұмыс іздеуді мәдениет мекемелерінен бастағаным рас, алдымен Абай театрына бардым. Табалдырығынан аттатпақ түгілі, есігінен сығалатпады. Осы нәрсе – мен үшін әлі шешілмеген жұмбақ. Ел сияқты біреуді алдыға салсам да болатын еді. Бірақ мен дәл сондай дүние өнер мекемесінде болады дегенге еш сенбейтінмін. Жылы қабақпен ешкім қарсы алмады. Екіауыз сөз айтып алдаусыратпағанына, маңдайы қасқайып мәдениет мекемесін басқарып отырған адамның мәдениеті жоқтығына ішім удай ашыды. Қолды бәріне бір-ақ сілтеп, екі қолға бір күрек алып, адал нанымды тауып жедім.

Өмір бәрін үйретеді екен адамға. Қашанғы қолыңа күрек ұстап қара жұмыс істейсің? Айналаңдағы адамдардан көріп-біліп, ысылып алғаннан кейін тасқалаушы, дәнекерлеуші сияқты біраз жұмыстың қыр-сырын біліп алдым. Ол кезде атағы дүркіреп елге танылған «Таймас» заводы болған. Соның құрылыс жұмысына араластым. Бір жылдан соң құрылыс бригадасын басқардым. «Қазақтардың күші көп, олар қол жұмысқа ғана жарайды» дегенге қорланатынмын. Сол себепті өзге ұлт өкілдері арасында өктемдікке жол бергім келмеді.

– Сонда әншліктен мүлде қол үзіп кеттіңіз бе, оқыған оқу мен алған білім қайда қалды, әлде өнер көрсетіп жүрдіңіз бе?

– Анда-санда болмаса, таңғы сегізден кешкі сегізге дейін дамылсыз ауыр жұмыс істеген соң, үйге келіп бірден құлайсың. Кей-кейде бос уақытым мен демалыстарда ән салып жүретінмін. Сондай күндердің бірінде сырттай өнеріме тәнті болған адамдар Шүлбі қаласына ұстаздық қызметке шақырды. Бір жағынан, өзімнің бала күнгі тағы бір арманым болса, енді бір жағынан, анамның тілегі орындалып, музыка пәнінің мұғалімі болып өнерімді ұштап, балаларды өнер-білімге баулып жұмыс істедім. Сол шағын қалада жүріп аздаған абырой жинап, беделімді өсірдім. Атаулы күндер, мәдени-көпшілік мерекелер мен мейрамдарда ән салып, өнер көрсететін едім. Көшеде, мектепте көрген ата-аналар мен оқушылар иіліп тұрып ізет танытатын. Осы бір құрмет маған әрдайым жылылық пен мейірім, сарқылмас шабыт, жалындаған жігер сыйлайтын. Бірақ, сенесіз бе, сол кездің өзінде іштей бір дүниенің жетпейтінін сезетін едім. Оның актерлік дейтін асыл өнер екенін ұғып, алдағы өмірімді театрмен байланыстырсам деген мұраттың жетегінде 2001 жылы жиырма бес жасымда Семейге Абай театрына жол тарттым.

Екі жыл бойы әдеби-сазды кештерді, шабыт берген шараларды қимадым. Қимасам да келдім. Бірақ театрға бірден ала қойған жоқ. Ол кезде театр басшысы Рақымғали Мыржықбаев орын жоқ, штат жоқ деп кесіп айтты. Сонда да алған бетімнен қайтпай: «Сіздерде актерді қабылдау үшін көркемдік кеңес деген бар ма, сол кісілер отырсыншы, менің өнерімді көрсін. Шығарған әндерімді, актерлік қабілетімді байқап-қарасын. Содан кейін алмасаңыздар ешқандай өкпе жоқ» дедім. «Жарайды, жақсы, келістік, бір айдан кейін келерсіз» деп қайтарды.

– Ол кезде өзіңізге соншалық сенімдісіз бе? Себебі оқу бітіріп келгенде басшының бассыздығына басын шайқап, қолын бір сілтеп кеткен де сіз емес пе?

– Оның рас. Десе де соншалық сенімді емеспін. Бірақ менікі суға кеткен тал қармайдының кері. Менікі қалайда ақ-қарасын айырып кетсем деген пайым ғой. «Бір айдан кейін» деген сөзбен тарқасып, жөніме кеттім. Бір айдан кейін келіп, тура сол сөзді естіп тағы кеттім. Қазір ойлап қарасам, істеймін деген нәрсені ойыма алсам, орындайтын деген өлермен екенмін. Тетардан басқа ештеңе керек емес деп келе бердім, келе бердім. Жазған құлда шаршау жоқ, алға қойған мақсатымнан бас тарта алмадым. Сөйтіп жүргенде тоғыз ай өтіп кетіпті. Білмеймін, неге солай істедім, солай шешім қабылдағаным әлі күнге белгісіз. Шамасы, бәріне бел байлаған секілдімін ғой сол кезде. Қазір оқу бітірген жас балаларды құжатына қарап қабылдай береді. Ал мен тоғыз айдан кейін театрға келсем, мені қабылдау үшін Халық әртісі Күләш Сакиева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Құрманғазы Байжұманов, Бекен Имаханов сынды марғасқа майталмандар отыр екен. Содан өз өнерімді көрсетіп, шешінген судан тайынбастың кебін киіп, бағымды сынап, барымды салуға тура келді. М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан монолог оқып, гитарамен ән салып, қандай өнерім бар, бәрін көрсеттім. Содан комиссия сыртқа шығарып жіберіп, шешім шығарды. «Аламыз, уақытша, екі-үш ай тегін істейсіз» деп театрға қабылдады. Мен дәл қазір қысқа қайырып отырмын ғой, ал, шындап келгенде, бұл бір өте ұзақ әңгіме болатын сынды.

Алғаш сомдаған ролім – Т.Ибрагимовтің «Жас Абай» спектакліндегі Қодар образы. Сол қойылымның авторлары тамашалап, бағасын берді. Содан соң Рақымғали Мыржықбаев шақырып алды да, өзінің қалтасынан төлегендей етіп бес мың теңге жалақымен театрға жұмысқа алды. Бір жыл осылай жүрдім. Бірақ бұл ісіме еш өкінбедім, себебі бала кезден өнерге деген құштарлық, жүректе бұлқынған арман дейтін асау арғымақ тулап жатты. Ақшаны керек қылмай, іште қайнап жатқан өнерді шығаруға тырыстым. Театрға деген махаббат, адалдық қанат бітіріп, өнер әлеміне самғадық дерсің.

– Өнерге деген адалдық – өзіңе деген адалдық па?

– Мен дәл осы сөзді қайталап айтсам, өзгеге өзімшіл болып көрінуім мүмкін. Мен өнерге деген адалдықты – халыққа деген адалдық деп ұғамын. Өйткені мен сахнаға көтерілген сайын адамдардың рухын көтерсем, соларға ой салсам деген тілек-ниетпен шығамын.

Театр саласында жүріп режиссерлер Бәйтен Омаров, Ерсайын Төлеубай, Нұрлан Жұманиязовтармен біте қайнасып жұмыс істеп, көп нәрсе үйрендім. Жанына жақын тартып, әңгіме-дүкен құрып, дәл сен екеуіміз сияқты отырып алып танымың мен талғамыңды байытатын сондай бір есті сөздерді санамызға құятын. Бәйтен Омаровтың режиссерлігімен қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасында Кеңгірбай образын сомдап шыққаннан кейін алыс-жақын елдерді аралайтын болдым. Міне, осылай театр баспалдақтарына шығып, өмір жолымызды қалыптастырдық. Театрдағы әртүрлі қойылымдарда Күләш Сакиева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Құрманғазы Байжұманов, Бекен Имаханов, Жұмабек Құнанбаев, Шаймәлік Тойынбаев секілді аға буын өкілдерімен серіктес болып, өзіме керегін алып, санаға тоқыдық.

– Театр сахнасында сомдаған талай рольдеріңіз бар екені белгілі. И.Штраустың «Жарқанатында» Генрих, Р.Отарбайдың «Мұстафа Шоқайында» Мұстафа Шоқай, С.Тұрғынбековтің «Абай-Біржанында» Абай, «Ахметтің Аманатында» Ахмет образдарын атап өтуге болады. Кейбір актерлер белгілі бір шығармада басты рольді сомдасам деп армандайтыны анық. Осы тұрғыдан алғанда, сіз қандай тарихи тұлғаны, болмаса ел арасына кең таралған спектакльдердегі басты образдарды сомдағыңыз келеді?

– Осы түсініктің өзі дұрыс емес болып көрінеді маған. Мен неге бір ғана рольмен шектеліп қалуым керек? Жасырмаймын, мен мына дүниені армандаймын, маған қандай роль берсе де, елдің және өзімнің көңілімнен шығатындай етіп сомдап шықсам, одан артық ештеңе керек жоқ. Осы рольді сомдасам деп соның шеңберін шиырлай бергім келмейді.

Мысалы, «Жарқанаттағы» Генрих образы туралы театр сыншыларынан, жалпы, көрермендерден көптеген лебізді естіп, көңіл марқаяды. Кейбір актерлер бар, бір амплуа, бір бағытта жұмыс істеп үйреніп, не жағымды, не жағымсыз кейіпкерлерді ойнап әбден төселіп алған. Мен қолымнан келгенше мұндайдан қашқым келеді. Неге? Өйткені бұл актерді өсірмейді, өшіреді. Әртіс деген жан-жақты болуы керек, ол комедияны да, трагедияны да, драманы да сәтті шығаруға талпынуы керек, музыкалық шығармаларда да ән айтып, шыңдала беру керек. Әртіс деген – бір-ақ сөз. Сен ән айтасың, клоун да боласың, көркемсөз оқып көсіліп, көрермен көңілінен шығатындай болғаның дұрыс.

– Сіздердің шығармашылық отбасы екендеріңіз белгілі. Отыз жасыңызда отбасын құрдыңыз. Әйеліңіз де өнерден құралақан емес. Шығармашылық отбасы болу қаншалықты ауыр немесе жеңіл?

– Дұрыс айтасың. Бұл бір қарағанда солай болып көрінуі мүмкін. Жан жарым – Абай атындағы музыкалық драма театрының актрисасы Назым Мұратханова. Бүгінгі күні өз ортасында мойындалған әртістердің бірі деп айта аламын. Бұл сөзді жақын адамым болғаннан емес, көріп, куә болып жүрген соң айтып отырмын. Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының хореография мамандығын бітірген. Еңбек жолын «Қазақконцертте» бастап, көптеген мәдениет мекемесінде қызмет еткен.

Таныстығымыз Абай театрының қабырғасында басталды. Бүгінгі күні Абай театрында, бір шаңырақ астында жұмыс істеп келеміз. Мұның жақсысы мен жаманы да бар дер едім. Жаманы – ол кісі образ сомдап жатқанда қылпылдаған ұстараның ұшында отырғандай күй кешесің. Ал жақсы жағы – менің шалыс басқан жерім болса немесе оның кемшіліктері болса, талқылап, кеңесуге болады. Сахнаға шығып ән орындауда да кеңесіп, әнді бірге таңдап, музыкалық туындыны талғамымызға қарай таңдап алуға тырысамыз. Өнерлі жұптарға бірге жұмыс істеу қиынға түседі дегенді айтады, бізге мұның пайдасы керсінше шаш етектен дегім келеді. Спектакльдерге бірге дайындаламыз, бір сахнада көрермен қошеметіне бөленеміз. Қыздарымыздың қызығына тоймай аман жүрсек, өнерімізді дамыта берсек деп тілеймін.

– Сіз 2005 жылы Шымкент қаласындағы халық әртісі Құрманбек Жандарбеков атындағы конкурстың, 2010 жылы Павлодар қаласында өткен Иса Байзақов атындағы конкурстың, Семей қаласында Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурстың және басқа да халықаралық, республикалық өнер байқауларының лауреаты атандыңыз, алайда өз қатарластарыңыз алып жатқан ресми атақ-даңқтардан алыс қалғандай көрінесіз. Мұны айтып отырғаным, бүгін актер мамандығын алған жас ертең сахнаға шығып, одан арғы күні марапатқа бөленіп жатады. Осы сөзімізбен біраз адамға тиіп кететініміз рас. Өкпелесе, өздері білсін. Өнер адамына марапат пен атақ керек пе, сіздің пікіріңіз?

– Осы күнге дейін мен де солай ойлайтын едім. Өнер, ән, театр болса, халықтың құрметі, ықыласы болса болды, басқасы бұйырар деп жүрдік. Өзің айтқандай, кеше ғана театрдың қыр-сырын түсініп, бүгін ғана еңбек етуді бастап жатқан жастар атаққа шығып жатыр. Бір қарағанда, ол да керек пе дейсің. Қазір көп нәрсе сонымен өлшенетін болды. Қарап тұрсаң, атаққа бөленгендерді таланты емес, атағы асырайды. Олар сол атымен театр мәртебесін көтереді, өнер мекемесінің беделін асырады. Ал кейбір басшылар да бар, бүкіл атақты өзіне ғана жапсыра береді. Бұдан театр ешқашан өспейді. Мұны театр басшысынан бастап, мәдениет мекемелерінің басында отырған мемлекеттік деңгейдегі мекеме қызметкерлері қолға алғаны дұрыс. Осыдан бастап театрға деген көзқарас, көрермен бағасы артпаса кемімейді.

– Қоғамда өз орныңыз бар, адамдармен етене жақын араласып жүрсіз, жиындарда, көпшілік орталарда көп жүресіз дегендей. Адам ретінде дәл бүгін не толғандырады сізді?

– Шұбарланған тілді, дүбәра болған дінді ойлайсың. Біз осыны дұрыс түсіне алмай қазақы құндылықтарымызды құртып алып жатырмыз. Қолдан келгенше ұлт руханиятына адал еңбек сіңіріп, театрға келген бір адамға болсын санамызда сақталған салтымыздан, дәріптеуге тұрарлық дәстүрімізден нәр бере алсам, еш арман-тілегім болмас та еді. Анау солай, мынау былай болды деп айту оңайға, тіптен жеңілге түседі. Әркім өзінен бастау керек. Абай айтқандай, өзіңе-өзің есеп бергенің жөн. Бойыңды түзеп, өзіңді жөнге келтір.

– Ішіңіздегіні сарқып шығара алдыңыз ба?

– Солай болған сияқты.

– Танымдық әңгімеңізге көп рақмет айтамыз. Адастырмайтын арман жетегінде толайым табысқа жетіңіз.

Сұхбаттасқан –Қуат Қиықбай,

Семей.

Осы айдарда

Back to top button