Ауыл шаруашылығы

«Бексұлтанның» тасы өрге домалап тұр

«Бексұлтанның» тасы өрге домалап тұр


Бейімбет Майлин атындағы ауыл Аягөзден солтүстікке қарай 30 шақырым жерде орналасқан елді мекен. Халқының саны шағын. Ауыл әкімі Ержан Нұрғалиевтің айтуынша, округ бойынша 60 шаруа қожалығы тіркелгенмен, нақты қарқынды жұмыс істеп тұрғанының саны қазір 20 көрінеді. Соның ішінде ең «тасы өрге домалап тұрғаны» Бақытбек Тұрысбековтің «Бексұлтан» шаруа қожалығы.

Жалпы, аудан бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқаны да осы шаруашылық. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді де тиімді пайдаланып келе жатқан ұжым. Мұнда қазір 350 бас «Жабы» деп аталатын Қамбар ата түлігінен басқа 650 бас ірі қара, 3000 қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы тіркелген. Шаруашылық басшысы Бақытбек Тұрысбековтің өзі елуді еңсеріп қалған азамат екен.

-Менің негізгі мамандығым жүргізуші. Кеңестік жүйе ыдырап, әркім жекешеленіп, нарықтық қоғам басталғанда үлкен қалаларға сиыр, қой етін апарып, саудаладық. 2002 жылы қожалықтың жұмысын бес бас сиыр, 40-50 қоймен бастаған едік,-деп еске алады қожалық басшысы Бақытбек Тұрысбеков. -2004 жылы заңды түрде «Бексұлтан» шаруа қожалығы деп аталдық. 2008 жылдан бастап мал бордақылап, оны асылдандыру жұмыстарымен айналысып кеттік. Бүгінгі күні қазақтың қызыл қасқа ақ бас сиырын қолдан ұрықтандырып отырмыз. Сол сияқты, қылшық жүнді қазақы қой өсірудеміз. Таяуда ғана көршілес Алматы облысының Талдықорған өңірінен қошқар сатып әкелдік. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктердің пайдасын көріп келеміз. «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс істейміз. Осыншама малды белгілі бір жер телімінсіз, техникасыз асырай алмайтынымыз анық. Қазір шаруашылықтың қарамағында 1941 гектар жайылым жері, жеткілікті техникасы бар. Техниканың барлығын да мемлекеттік лизингтік бағдарлама арқылы алдық. Бүгінгі күні төрт МТЗ-80, бір ЮМЗ, бір КамАЗ, бір XCMG фирмасының ZL50GN атты «Катамараны» бар. Жыл сайын әр мал басына субсидия алып тұрамыз. Мәселен, әр бас ірі қара үшін 20 мың теңгеден, қойға 3 мың теңгеден айналады. Әлбетте, мұның бәрі малымыздың асыл тұқымды болғаны үшін беріледі. Сол сияқты, асыл тұқымды айғырдың әр басына 100 мың теңгеден аламыз. Мал өсіруге кететін шығын да аз емес. Осыншама малға біз қыстамаға 6000-7000 рулон шөп дайындаймыз. Дегенмен мал өсірудің қиыншылығы мен оның өнімін өндірудегі кездесетін кедергілерді біртіндеп жеңіп келе жатқан жайымыз бар. Әсілі, қандай да бір шаруашылықтың аяғынан қаз басып жүріп кетуі үшін мемлекет тарапынан субсидия ма, дотация ма, көмек қажет. Өйткені малды өсіріп, көбейту бірнеше жылды қажет ететіні әмбеге аян.

Бақытбек Тұрысбеков есеп-қисап бойынша өзінің бір жағынан шығысып жүрген зайыбы Гүлнұр Кәрімқызы мен өзінің оң қолы мен сол қолындай болып жүрген ұлдары Серік пен Берікті мақтанышпен ауызға алады.

-Ұл-қыздарымның, келіндерімнің бәрі де жоғары білімді. Екі ұлым да, зайыбым да өзіммен бірге осы шаруашылықта жұмыс істейді. Былайша айтқанда, «Бексұлтан» шаруа қожалығы негізінен отбасылық шаруашылық деуге болады.

Жалпы, мал санын арттыру, жайылымды бір жүйеге келтіріп, оның картасын жасау мақсатында «Бексұлтан» шаруа қожалығында бүгінгі күні Қазақтың мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтымен тығыз қарым-қатынаста. Мұнда қазіргі күні ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жұмыс істеуде. Алматыдан келген Нұргүл Меделбекова, Қаныш Көшенов секілді ғылыми қызметкерлер биыл көктем айында әбден тозып, жусанды аймаққа айналған бес гектар жерге екпешөп еккендерін тілге тиек етті. Сол жерлерге шөптің түрлерін, өнімділігін қадағалайтын геоботаникалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ғылыми қызметкерлер тұтас жайылымды жылдың әр мезгіліне байланысты бірнеше бөліктерге бөлмек. Тозған жайылымдардың аумағын тынықтыру мәселесін алға қояды. Түптеп келгенде, негізгі мақсат – малға қолайлы жайылымды жақсарту болып табылады.

Бақытбек Тұрысбеков басқаратын «Бексұлтан»шаруа қожалығы заман ағымына сай жаңа технологиялардан да бас тартпайтынын байқадық. Ауылдан бірнеше шақырым жерге орналасқан «Қарасу» қыстағында желмен айналып, күннен қуат алып, электр энергиясын өндіретін құрылғы орнатылған екен. Оны бізге Бақытбектің үлкен ұлы Серік Тұрысбеков әдейілеп алып барып таныстырды. Ауылдан 8-9 шақырым жерде орын тепкен қыстақта сонымен қатар, мал бордақылау алаңы да салыныпты. Мұнда шаруашылық 300 бас ірі қараны бордақылауға арналған алаң салған. Малдың етінің жыртылып кетпеуі үшін бір жерден жемшөбі мен суын беріп отыратын бордақылау алаңы талапқа сай салынған.

-Бір өкініштісі, қожалықтардың лизингке алып жатқан ауылшаруашылық техникалары жыл өткен сайын қымбаттап келеді. Осыған дейін 3,5 миллион, 4 миллион теңгеге алып келген техникамыз қазір 8,5 млн. шықты. Жанар-жағармай да қымбат. Әлбетте, олардың доллар бағамымен есептеп отырғаны шындық. Ал ет, сүт секілді мал өнімдері бұрынғы бағамен тұр. Осы жайлар біршама көңілге кірбің ұялатады. Енді шет елге мал өнімдерін жіберетін болсақ, жағдай жақсара ма деген үмітіміз бар.

Бүгінгі күні мал бордақылап, асылдандыру жұмыстарымен шұғылданып отырған аудандағы ең бірегей шаруашылық санатындағы Бақытбек Тұрысбеков басқарып отырған қожалық өз еңбегінің жемісін жеп келеді. Ұжымда 12 адам бар. Сондай-ақ екі ұлы Серік пен Берік те әкелерінің көмекшілері.
-Екі ұл, екі қыздан оншақты немере сүйіп отырмын,-дейді Бәкеңнің өзі. -Алланың маған берген бұл да бір нығметі ғой. Келешекте осы қожалыққа да, малға да ие болатын осы перзенттерім ғой.

Аягөзден 30 шақырым жерде орналасқан Б. Майлин атындаы шағын ауылда осындай ірі шаруа қожалығы жұмыс жасап келеді.

БерікханТайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button