Қоғам

Бекшентаевтар отбасы қалалықтарға скейтпарк сыйлады

Бекшентаевтар отбасы қалалықтарға скейтпарк сыйлады

Өскемен мен Семейде төбесі жабық скейтпарктер бой көтеруі тиіс. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында тұрғындарды қабылдаған аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ спорт және денешынықтыру басқармасына осындай тапсырма берді.
Облыс әкімінің қабылдауына бірінші болып кәсіпкер Серікқазы Құрманғалиев кірді. Оның иелігіндегі «Азия-Кран» ЖШС құрылысқа қажет мұнаралы крандар шығаруды қолға алған. Салмағы алты тоннаға дейінгі затты 140 метр биіктікке дейін көтере алатын ТБ-630 маркалы көтергіштер әлемдік нарықтағы QTZ-630 кранының баламасы десе де болады. Серікқазы Құрманғалиевтің өзі ТМД бойынша бұл кранға теңдесетін техника әлі құрастырылмағанын айтады.
– Әуелі кранды құрастыруға қажет қондырғылар мен матрицаларды, кран бөлшектерін сатып алдық. Одан кейін мамандарымызды Қытайдың Шандунь аймағында «Huata» компаниясынан оқыттық. Алғаш құрастырған бес кранның үшеуі Алматы, Талдықорған және Астана қалаларында жұмыс істеп тұр. Қалған екеуін өткізу қиынға соғып отыр. Жыл сайын облысқа сырттан 14 мұнаралы кран әкелінеді екен. Соның 12-сін өзімізде құрастыруға мүмкіндік бар. Біздің баға Қытайдан әкелінетін крандардан 12-15 мың долларға арзан. Осы мәселені тиісті орындардың алдына қойғанда біздің өнімнің бағасы бәсекеге сай емес деген уәж айтып, шығарып салды. Шындығында олай емес, – деді кәсіпкер.
Ол облыс басшысынан «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» АҚ-ның грантын алуға, шығарған өнімдерін жергілікті мазмұнды көбейту аясында өткізуге көмектесуін сұрады. Бұл мәселенің анық-қанығын зерделеу аймақ басшысының орынбасары Димитрий Гариков пен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевқа жүктелді.
– Облыс көлемінде 100-ге жуық көпқабатты үй салынып жатыр. Осы нысандарда жұмыс істеп жатқан компаниялардың тізімін, олардың құрылыста пайдаланатын мұнаралы крандарды қайдан әкелгенін анықтаңыздар. Өзімізде өндірісі бола тұрып Ресей, Қытай, Беларусь сияқты елдерден кран әкелу дұрыс емес. Оның үстіне бұл азамат өз крандарының шетелдік техникалардан әлдеқайда арзан екенін айтып отыр. Тіпті, отандық қондырғы шетелдіктен 20 пайызға дейін қымбат болғанның өзінде жергілікті өндірушіге басымдық берілуі керек. Екінші кезекте бұл кранның сапасын да сараптау қажет, – деді аймақ басшысы.
С.Құрманғалиев өз кезегінде ұсынылып отырған крандарды банк арқылы лизингке алуға болатынын жеткізді. Кәсіпкер осыдан 15 жыл бұрын Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай екі адамдық ұшақтар құрастырған екен. Оның айтуынша, бұл жобасы да өз кезінде қолдау таппай, әлгі ұшақтардың бірін Ресейге сатуға мәжбүр болған. Қалған бір ұшақ қоймада қаңсып жатса керек. Бұл ұшақтар ауылшаруашылық мақсаттағы шаруаларға таптырмас құрал болады деп үміттенген екен кәсіпкер. Облыс басшысы кәсіпкерге әуелі құрылыс крандарының мәселесін біржақты етуге кеңес берді.
Кезінде облыстың білім беру саласын басқарған Валерий Зуенко аймақ басшысының алдына Өскемендегі №12 Гумбольт мектеп-гимназиясын «гимназия» мәртебесінен айырмау мәселесін көтере келіпті. 2000 жылы балабақша базасында құрылған бұл ошақ білім беру ісінде алманиялық тәжірибелерге сүйенеді. В.Зуенконың айтуынша, ондағы мұғалімдердің тоғызы халықаралық дәрежедегі диплом иегері болса, сегізі неміс және ағылшын тілдерінде сабақ бере алады. Оларға қосымша тағы бірнеше ұстаз Алманиядан біліктіліктерін арттырып қайтқан. Ең бастысы, гимназиялық сыныптарда білім алған түлектер неміс тілінде оқытатын әлемнің кез келген жоғары оқу орнында білім алуға құқылы. Осындай жетістіктеріне қарамастан бұл білім ошағы лицейлер мен гимназияларды жаппай тексеру кезінде өз мәртебесін қорғай алмаған болатын. Ал В.Зуенко мектептің ата-аналар комитеті комиссия шешімінің әділдігіне күмәнданатынын жеткізді. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ білім басқармасының басшысы Айжан Садықоваға аталған мектептің гимназиялық сыныптарына қайтадан тексеру жүргізіп, әділ шешім шығаруды тапсырды.
– Біз бұл жерде гимназиялық сыныптарға сабақ беретін ұстаздардың 20 пайыздық үстемеақыдан қағылатынын түсініп отырмыз. Алайда, олардың беретін білімі орта мектептер деңгейінен де төмен болса, оқушылар мен ата-аналарды алдаған болып шықпаймыз ба? Біз лицей немесе гимназия дәрежесі бар 40-тан астам білім ошағын тексердік. Соның 11-дегі білім сапасы орта мектептерден төмен болған. Сондықтан мәселеге біржақты қарауға болмайды, – деді аймақ басшысы.
Қала тұрғыны Рафаэль Бекшентаев қабылдауға жағымды жаңалықпен келіпті. Оның ата-анасы Ирина және Жәнібек Бекшентаевтар Америка Құрама Штаттарында оқып жүріп, жол апатынан қаза тапқан ұлдарының бала кезгі арманын орындау үшін облыс орталығындағы №11 мектептің артқы ауласынан экстрималды спорт алаңын салып шыққан екен. Пәтер мен саяжайды, астарындағы көлікті сатып, бұл жобаны іске асырған отбасы енді нысанды әкімдік балансына қайтарымсыз негізде табыстамақ.
-Біз ол үшін ешқандай қаржы да сұрап отырған жоқпыз. Ең бастысы, інімнен бір естелік қалса екен. Ол бала кезінен скейтбордингпен қатты әуестенді. Бірақ арнайы орын болмаған соң үнемі тәуекел үстінде жүретін. Қазір де өскемендік жеткіншектердің орталық алаңда тәуекелге барып жүргенін көріп жүрміз. Бір жағынан осы спортқа әуес балалардың қауіпсіз жерде жаттыққанын қаладық, – дейді Рафаэль.
25 млн. теңгеге салынған бұл нысан ашық аспан астында тұрғандықтан, қымбат қондырғылар жел мен жаңбырға желінетін көрінеді. Сол себепті Рафаэль аймақ басшысынан нысанды жабық кешенге айналдыруға көмектесуін өтінді. Ол үшін арнайы жоба әзірлеп, сметасын да түзген екен. Облыс басшысы нысанның төбесін жабуға қаржы бөлінетінін, бірақ парк жан-жағы тұмшаланған, қыста жылытылатын кешен болмайтынын ескертті. Сондай-ақ, ол дәл осы жобамен Семейде де скейтпарк салуды облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Елдос Чикеновке тапсырды. Бұл құрылыстарға Р.Бекшентаев та атсалысатын болады. Р.Бекшентаев жуықта скейтпарктың ашылу салтанаты болатынын айтып, Павлодар, Қарағанды, Астана, Алматы, Қостанай, Риддер, Семей қалаларының қатысуымен экстрималды спорт түрлерінен ел біріншілігін өткізуге қолдау керектігін жеткізді.
-Сіздердің бұл бастамаларыңыз маған ұнап отыр. Арамызда осындай ізгі ниетті адамдардың бар болғаны көңіл қуантады. Экстрималды спорт әлемдік әуестікке айналып барады. Сондықтан бастамаларыңызды толығымен қолдаймыз, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button