Бекбердинов ел-жұртын берекеге бастап жүр

 Бекбердинов ел-жұртын берекеге бастап жүр
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен дүниеге келген «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында соңғы бес жылда жергілікті кәсіпкерлер қыруар қаржыға әлеуметтік ғимараттар салып, жерлестеріне түрлі сый-сияпаттар жасағаны белгілі. Туған жердің, туған елдің жарқын болашағы үшін күн-түн демей тер төгіп келе жатқан осындай азаматтардың бірі «Елім-ай-Көкпекті» жауапкершілігі шектеулі серіктесітігінің басшысы Болат Бекбердинов деуге әбден болады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, біз құр мақтаумен шектеліп қалмай, «Елі-май-Көкпекті» ЖШС-нің соңғы үш жылда «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында тындырған жұмыстарын тізіп беруді жөн санадық.
2011 жыл. Құны 170 миллион теңге болатын «Елім-ай» мәдени-демалыс орталығының құрылысы аяқталды. 2012 жыл. Көкпектідегі демалыс саябағының және «Жеңіс» саябағының аумақтары абаттандырылып, су тоғанын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудан орталығындағы интернаттың ескі ғимараты қалпына келтіріліп, жерді қопсыту шаралары қолға алынды. Бұған қоса, Көкжайық – Талапкер бағытындағы жол күрделі жөндеуден өткізілді. Осы және басқа да жұмыстарға жалпы көлемі 220 миллионнан астам теңге жұмсалыпты.

«Ел адамымен сөйлессең, ауыл-аймағын айтады» демекші, Болат Миғражұлының сөзінде де ауылдағы ағайынға деген ыстық ықылас сезіліп тұрды.

– Істеліп жатқан шаруа жетеді. Жоспарларымыз да көп, қайсы бірін айтайын. Ең негізгісі, мұның бәрі ел үшін жасалып жатқан шаруа ғой. Ауылдың тірегі – ынтымағы мен берекесі жарасқан тұрғындары емес пе? Сол себепті, ауылдағы бір қауым жұрт бір-біріне мүмкіндігінше қарайласып жүруі керек. Кей жағдайда ауылдастарымызға шөп пен отын жағынан қол ұшын беріп жатамыз. Жеке бас жағдайына байланысты да көмек сұрайтындар бар. Оларға да көмектесеміз және мұның бәрін кәсіпкер ретінде емес, ауылдас, бауыр ретінде жасаймыз, – дейді кәсіпкер.

Оның сөзіне сенуге әбден болады. Қазір «Елім-ай-Көкпекті» серіктестігінде 120-дан астам адам, өзінің жерлестері жемісті еңбек етуде. Болат Миғражұлының айтуынша, жуық арада олардың саны тағы 50 адаммен толықпақ. Ең қуантатыны, жұмысшылардың арасында жас буын өкілдері көп екен. Оларды баспанамен, көтермеақымен қамту жағы да дұрыс жолға қойылған-ды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша туған жерге қайтып келген жастармен қатар, аймағымыздың өзге аудандарынан, тіптен Алматы облысынан келген мамандар да бар көрінеді.

– Келер жылы жаңа техника алып, біраз нысанға жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбек ойымыз бар. АҚШ-тан асыл тұқымды ірі қара малын жеткізіп, жерді қопсыту жұмыстарын жалғастырмақпыз. Бәрі – уақыттың еншісінде. Бұйыртса, межелеген жоспарымызды орындап шығуға әлеуетіміз жетеді, – дейді іскер азамат.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button