Тұлға

Бегештей шешен өткен бұл өлкеде

Қазақтың кең даласында дауға салар шешен, жауға салар батыр, төрге оздырар тұлғалардың талайы болған. Солардың бірі – «Керейдің есіп тұрған қызыл желі» атанған Бегеш шешен. Талаймен үзеңгі қағыстырып, Абаймен сөз қағыстырып өмірден өткен Бегеш шешен жайлы бүгінгі ұрпақ көп біледі деп айта алмаймыз. Сондықтан да жолжазбада кеңінен тоқталуға тура келді.

Ұлы Абайдың тұстасы, замандасы, аузы дуалы, сөзі уәлі кезінде би, болыс болған Бегеш шешеннің аты біздің өңірдегі бізбен тұрғыластардың біразына белгілі. Өйткені Бегеш жайлы заманымыздың заңғар жазушысы, әдебиетіміздің алыбы Мұхтар  Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында айтылады. Сол Бегеш Сабанұлы бабамыз 1834 жылы бұрынғы Дағанды болысы, одан  Семей облысының кезінде «Горный» совхозы атанған, қазіргі кезде Аягөз ауданының Байқошқар ауылдық округіне қарасты жерде, Бақанас өзенінің бойында туып, 1911 жылы қайтыс болыпты. Шын мәнінде «Қызыл жел» десе дегендей табан асты айтылатын тапқыр да ұтқыр сөздердің иесі, бойында елден ерек киесі бар өз заманының өрен жүйрігі Бегешті сөз қадірін білетін әр қазақ ерекше қастерлеп, құрметтеген. Сол Бегеш бабамыздың мәңгілік тыныстап жатқан жеріне тұрғызылған кесененің басына ескерткіш тақта орнатылады екен дегенді естігеннен кейін жайланып жата алмадық. Жол алыс, жер шалғай болса да жан-жақтан келетін Бегештей ел ардағының ұрпақтарымен жүздесіп, олардың шашбауын көтеріп, игі іс-шараларына ат салысып арнайы түсірілетін қатымына қатысып қайттық.

«Боршатас» атап еді барша халық…

Аягөзден ерте аттанған біз Шұбартауды бетке алып жолға шыққан едік. Біз мінген «Хайландер» деп аталатын күншығыс елінің жүйрік көлігі жер апшысын қуыра зырлап келеді. Соңғы бір жылдың жүзінде бұл жаққа ат ізін салмаған соң жолдың әжәптәуір жамалып-жасқалып болса да ойлы-шұңқыры тегістеліп қалғанын көріп келемін. Әсіресе, Қосағаш пен Боршатастың («Жатқан соң кескен еттей боршаланып, «Боршатас» атап еді барша халық», – деп айтыстың ақтанкері Қалихан Алтынбаев ағамыз жырына қосқандай бұл ауылдың шын мәніндегі атауы ешқандай мағына бермейтін Баршатас емес, қазақтың кәдімгі ұғынықты сөзі Боршатас) екі ортасы жақсы жөнделгені көрініп тұр. Әрине Шұбартаудың атақ-даңқы алысқа кеткен кездеріндегі  жолдың жағдайын еске алсақ салыстыруға келмес. Осындай ойдың жетегінде отырып Боршатасқа да келіп қалыппыз. Менің балалығым, жастығым өткен, жар құшып, бала сүйген, қыл-қысқасы мен үшін алабөтен ыстық мекен ғой бұл. Неге екенін білмеймін осы ауылға келгенде көңілім су сепкендей басылып, құлазып сала беретіні бар. Себебі не дейсіздер ғой. Айналамнан кезінде біліктілігімен осынау шалғайда жатқан өңір – Шұбартаудың атын бүкіл Одаққа танытқан Шаймағамбет Оразбекұлы Мақашевтай іскер басшы бастаған ел азаматтарының ерлік қолтаңбаларын іздеймін. Бәрі көрген түстей.

Біраз жүрген соң біз мінген машина Бегеш шешен жатқан жердің қырқасына көтеріліп, ойға қарай құлдилады. Сонадайдан байқадық. Шоқ талдың арғы жағындағы Багеш бабамыздың кесенесінің басы қараң-құраң адамдар. Шалғай Аягөзден ертелете шығып біз жеткенше иек астындағы Байқошқар мен Боршатастың, одан арғы Қосағаш пен Мәдениеттің  адамдары мұнда келіп те алыпты.

Осы аралықта біздің бұл топқа ақшыл джип мінген тағы да бір топ бейтаныс адам келіп қосылды. Олар Бегеш бабамыздың ұрпағы, сонау түстіктегі Тараз қаласынан осы шараға арнайы келген Бақтыбек  Бегешов бауырымыз бастаған, оның құдасы аягөздік азамат Нұрлан  Әділбеков қостаған, олардың үрім-бұтақтары болып шықты.

Амандасып, сәлемдескенше бағанағы біз келген тас жолмен тағы бір көгілдір нива мен ақ волга бізге қарай бұрылған. Олар есімі осы Шұбартау өңіріне ғана емес,  Семей өңіріне кеңінен танымал нағыз ауылдың акдемигі дейтіндей білгір қариялардың бірі, осы өңірдің арғы-бергі тарихын хатқа түсіруші, шежіреші Нәстілек Сәменбетов ағамыздың тобы болып шықты. Нәстілек ағамыз келісімен әңгіменің тізгінін қолға алды.

– Абай атамыздың тұстасы Бегеш бабамыз артына өлмейтұғын сөз қалдырған, халық арсында қадірлі, от ауызды, орақ тілді асқан шешен адам болған, – деп бастады әңгімесін Нәсағамыз. Шүкір, қазір еліміз тәуелсіздік алып, еңсеміз тіктеліп, өткенімізге ой жүгіртіп жатқан жайымыз бар. Соның бір дәлелі мына Бегеш бабамыздың басының көтерілуі, ұрпақтарының белгітас қоюы, бүгін ескерткіш тақта орнатылып жатуы. Бір кездері бабаларға  осындай құрмет көрсету былай тұрсын атын атаудың өзі мұң болған замандар болғандығы белгілі!

 

Бегеш шешеннің шыққан тегі

Бегеш бабамыздың руы он екі Абақ керейдің ішінде – Жастабан. Оның ішінде Бегімбет, Бекназар, Қожакелді, Жанбай, Ноқат табынан. Одан Ерен, Сабан екі ағайынды. Сабаннан Бегеш туады. Бегештің балалары Сүгір, Еркімбай, Барбосын, Ербосын. Сүгірден ұрпақ жоқ.

Бегеш Сабанұлы 1911 өзінің кіндік қаны тамып, кірін жуған жерінде қайтыс болған. Кесенесінің басына  1986 жылы қойылған мына тасты кезінде осы өңірде, Талдықорған облысында қызмет істеген, қазір Алматы қаласында тұратын жоғары білімді, білікті дәрігер Жайық Мүсіров өз қаражатына жасатып, Талдықорған өңіріне танымал қаламгер ағамыз Өкітай Ахметов екеуі елге жеткізген.

Бастапқыда бұл ескерткіш тасты орнатушылар Бегештің кесенесімен қатарлас бір өзектің бойында, шоқ талды бір бұлақтың екі жағында тұрған екі зиратты шатастырып Қасқай деген кісінің басына қойған ғой. Себебі екі зираттың да сырт пішіні бірдей. Екеуінде де мынау Бегештікі, анау Қасқайдікі деген ешқандай белгі болмаған ғой. Содан да шатастырған болса керек. Қасқай да Қожакелді, Манабай табынан, Бегештің аталас туысы. Артынша көп өтпей бәрі де дұрысталды.

Ол кезде Бегеш зиратының бір қабырғасы құлаған қалпы жатқан болатын. Шыққан тегі Бегеш ауылынан болып келетін Түсіпқызы Кәмен апайымыздың айтуынша зираттың бір қабырғасының ішкі іргесіне 1930-40 жылдарда қайтыс болған баба ұрпақтарының бірін қою үшін қолдан құлатылып, артынан кеңейтіліп қайта қаланбақшы болған. Бірақ алмағайып жылдардағы қиыншылық оған мұрсат бермеген. Ол туралы Кәмен апайымыздың жолдасы, еті тірі Елекенов Сапарғали ақсақалдың аузынан да талай мәрте естігеніміз бар. Ал Бегеш бабамыздың туған жылын 1834 жыл, қайтыс болған жылы 1911 жыл деп жыл қайыра отырып нақтылаған есімі елге белгілі Еңбек ері ағамыз Рыздықбай Тілеуберлин ақсақал айтқан еді.

 

 Абаймен сөз қағыстыруы

Атадан қалған асыл сөзді Нәкең Абай бабамыздың өз үйінде отырып, замандасы Бегешке «Дауасыз не, арзан не, қымбат не»? – деп қойған сауалынан бастады. Сонда Бегеш бабамыз: «Дауасыз – кәрілік, арзан – өтірік, қымбат – шындық», – деп жауап берген. Сонда Абай атамыз «Енді сендей Бекназар, Қосайдан ұл туа ма», – деп риза болған екен.

– Бегеш пен Абай замандасының арасындағы мұндай шешендік сөздер біздің елдің үлкендерінің арасында өте көп, – деп сөзін жалғады одан әрі Нәсаға.

– Бірде Бегеш бабамыз жанындағы жолдастарымен жайлаудағы Абай ауылына келіп түседі. Бегештер есіктен кірген бетте Абай: «Бегеш заманда заман болады, қарағай басын шортан шалады деген не сөз»? – деп сауал тастайды. Сонда Бегеш: «Абайжан, бұл сұрағыңа мына жас ақын жауап берсін», деп жанындағы Уәйісті нұсқаған екен. Сонда қолындағы қызыл қарағайдан жасалған үкілі домбырасын қағып-қағып жіберіп Уәйіс ақын әндете былай деген екен:

«Заманда заман бола алмас,

Қарағайды шортан шала алмас.

Заман ақыр болса егер,

Құнанбайдың баласы,

Шақпақты жайлап қона алмас»! деп жиендікпен желпіне жырлаған екен. Сонда Абай атамыз «Ой, тіліңе шоқ түссін. Мына жас жігіттің аузына сөз салып тұрған сенсің ғой Бегеш», – деп қонақтарын төрге шығарыпты. Бұл сөздерді халық ақыны Кәкім Оңдасынов ақсақалдың аузынан естіп қағазда түсірдім, – дейді Нәкең.

Тағы бірде тобықтының игі жақсыларымен әңгіме-дүкен құрып отырған Абайға қасындағылары «Абай аға керейдің бір жұдырықтай шалы Бегеш келсе бізді елеп-ескермей, бар ынтаңыз сол кісінің сөзіне ауып кететіні несі»? – деп өкпелегендей, қызғанғандай сұрақ қойыпты. Сөйтіп отырғанда алдарына ас келіп, енді ет турала бергенде Абай табақтас отырған руластарына «Астың алды не, арты не» деген сұрақ қояды. Сонда отырғандардың бірі «Астың алды – бас, арты – жамбас» десе, енді бірі «Алды – туралған ет, арты – сорпа», – деп әртүрлі жорамал жауап айтылады.

Осы кезде ауылға «Бегеш келіп түсіп жатыр» деген хабар Абайдың  үйіне де жетеді. Іле-шала «Ассалаумағалайкүм», – деп кіріп келген Бегешке сәлемін алып оң жағынан орын берген Абай «Бәке, осы астың алды не, арты не», – деп сұрақ қояды. Сонда Бегеш: «Ой, Абайжан, соны да білмейсің бе? Астың – алды біссімілла, арты – арты аллаһауакпар емес пе», деп жауап берген екен. Риза болған Абай: – Тобықтының өңшең шулағандары, сұрағаныма бірің дұрыс жауабын бермедіңдер,  сөйте отыра Бегешті менен қызғанасыңдар. Бегеш далада есіп тұрған қызыл жел емес пе, уыстасаңдарда ұстай алмайсыңдар», – депті.  Бұл сөзді Камал Тәттімбетов ағамыздан естіген едім.

Бірде сәлем беріп үйге кіріп келе жатқан Бегешке Абай: «Аяғың сиырдың боғы ғой, сүртіп кірмейсің бе», – деп аттан түскенде абайсызда етігін былғап алғандығын бетіне басып, сөзден сүріндірмекші болады. Сонда Бегеш шешен  босағадағы етікке аяғын сүртіп-сұртіп жіберіп: «Абайжан, дүние деген боқ емес пе, боқты боқпен таптау керек», – деп Абай үйінің халы кілемін адымбай басып төрге озған екен. Бұл сөзді домбыра тартып, ән айтпайтын бір күні болмайтын Сіләм Әубакіров ақсақалдың айтқанынан жазып алып едім.

 

Ел аузынан

Ал енді Алматыдағы «Жазушы» баспасынан 1989 жылы шыққан «Ел аузынан» деп аталатын шешендік сөздер атты кітапта (Құрастырушылары Балтабай Адамбаев, Төлеухан Жарқымбаева) Бегеш шешен жайлы жазылған мынадай дерек бар.

Бес болыс тобықтының белді, айтулы адамдары Абайдың алдында түйіні қиын бір дауды шешкен кезде орталарында Бегеш шешен  де бар екен. Абайдың ұйғарымымен дау Бегештің сөзіне тоқтайды. Бегеш кеткен соң беделді ел жуандары:

– Абай сенің бізге істемегенің қалмады. Бес болыс тобықтыны бір болыс керейге билеттің. Осының жөн бе, – деп  наразылықтарын білдіріпті. Сонда кемеңгер Абай: – Сендердің сөздерің Бегештікіндей негізді, шешімді болып, жүйесін тауып тұрса мен Бегештің сөзін алып не қылайын. Сен бесеуің Бегеш боламын десеңдер осы қазір атқа қоныңдар да анау керей жақтағы жонның үстіне шығып, бесеуің маған бес уыс жел ұстап әкеліп беріңдер, – депті сынай қарап.

– Абай-ау, жел ұстатушы ма еді? Мұны қандай қыр, нендей сырмен айтып отырсың деп шуласыпты. Сонда Абай: – Ендеше, Бегеш сол есіп тұрған қызыл жел емес пе? Жел ұстатата ма? Сендер Бегеш бола алмайсыңдар деген екен.

– Абай мен Бегеш дос-жар, ниеттес адамдар болған. Бір-бірімен қатты сыйласқан. Бірде Абай тобықты ішінде өтетін бір дүбірлі тойға жаратып қоспақшы болып, керейдің басты адамдары Тышқанбай мен Бегешке Қожагелді Жүзбай дегеннің «Керкекіл», «Қара қасқа» дейтін атақты бәйге аттарын сұратып, сәлем жолдап, кісі жібереді. Елдің ескі салты бойынша бәйгеге ат шапқанда аруақ шақырылып, ұрандап шабатын. Соны ойлаған Тышқанбай би мен Бегеш шешен: – Біз ат бермейді екенбіз, аруақ береді екенбіз, – деп келген кісіні құр қол қайтарады. Осыған байланысты «Абай, Тышқанбай мен Бегешке қатты өкпелі екен» дегендей қаңқу сөз халық арасына таралып кетсе керек. Арада біраз уақыт өткенде Бегеш Абайдың ауылына барады. Амандық-саулықтан соң Абай Бегештен: – Еліңде не жаңалық бар?- деп сұрайды.

Бегеш: – Ал, Бер деген екі ағайынды кісі бар еді. Соның Алы өліп, Бері тірі қалып біздің ел қатты қайғыруда, – деп астарлай сөйлеп, жауап қайтарады.

  • Е, ол елдің өсегі ғой. Соған шын өкпелеп жүр дейсің бе, – депті сонда Абай.

Бегеш бұлағының басында

Жиылған жұрт жаз жайлаудағы Бегештің бұлағын бетке алып, жолға шықты. Байқошқар ауылының үстімен өтіп, Үшқызыл биігінің бауырын басып өтетін қара жолмен Бура тиген, Таңбалы тас арқылы солтүстікте созылған Шыңғыстың күнгей бетінде жатқан Бегештің бұлағына қарай дала жолының шаңын суыра зырлаған темір тұлпарлар бірінің соңынан бірі ызғыды. Осылай тұп-тура отыз шақырымдай жол жүріп діттеген жерге жеттік. Көп кешікпей жігіттер Бегеш бұлағының басына «Бегеш бидің бұлағы» (руы Керей – Қожагелді) деген сөздермен қатар «Дауасыз – кәрілік, Арзан – өтірік, Қымбат шындық» деген Бегеш Сабанұлының  сөздері жазылған ескерткіш тақта орнатты. Жастар іске кіріскенде үлкендер әңгіме-дүкен құрысты. Мен «Осы бұлақтың басында Абай мен Бегеш, Тышқанбай, Шәкәрім, Талтүстер тәрізді игі жақсылар тап осылай демалып жатқан болар», – деп шынтақтап та, шалқалап та жатып дем алдым. Қорыта айтқанда Бегеш бабамыздың басына барып мінәжат еткен бір күн көңілімді көтеріп, ерекше қанаттандырған бір күн болды. Ұрпақтарының бүгінгі игілікті ісіне бабалары бір аунап жатқан болар. Біз Бегеш бұлағының басынан осындай ізгі оймен аттандық.    

  Ақаш Көксеген,

Қазақстан Журналистар одағының мүшесі

Аягөз – Байқошқар –Аягөз.

Осы айдарда

Back to top button