Қоғам

Беделді басылымдардың бірі

Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз – облыстық DIDAR газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Өткен ғасырда қарапайым «Жұмысшы» газетінен басталған DIDAR газеті еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Сол кезде алғашқы ұлттық жұмысшы табын қалыптастыруға елеулі үлес қосқан газет бүгінде аймақтың іргелі басылымдарының бірі. Ел арасында «Социалистік Алтай», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» деген атаулармен жарық көрген газет тәуелсіздік жылдары DIDAR деген жаңа атқа ие болып, өңірдің ақпарат кеңістігінің жарқын дидарына айналды.

Газетте елімізге, шет елдерге кеңінен танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар Шерияздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Ғаббас Қабышев, Меңғали Мусин, Мүсілім Құмарбеков, Тұрғазы Нұқаев, Серік Ғабдуллин, Тоқтарбек Қызықбаев, Жүніс Ыбыраев, Кәдірбек Сегізбаев, Уахап Қыдырханов, Оралхан Бөкеев, Кеңес Юсупов, Тоқтархан Шәріпжанов, Ұлықбек Есдәулетов, Дидахмет Әшімханов сынды азаматтар еңбек етті.

Шығыс Қазақстан өңірінің игі істерге толы шежіресін қалыптастыруда DIDAR газетінің сіңірген еңбегі зор. Қай уақытта болмасын уақыт талабына сай аймақтың толымды жаңалықтарын жұртшылық арасында кеңінен паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты.

Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, әлеуметтік мәселелерді батыл көтерді. Бүгінде аталған басылым еліміздің іргелі аймағы – Шығыс Қазақстан облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді.

Бүгінгі мерейтойда облыстық DIDAR газетінің ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін. Еліміздің өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер дегім келеді.

Дүйсенғазы Мусин,

Парламент  

Сенатының депутаты

Осы айдарда

Back to top button