Қоғам

Әбдікерім болысқа ескерткіш тақта қойылды

Әбдікерім болысқа ескерткіш тақта қойылды


Көненің көзі қайта қалпына келтірілді. Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында Әбдікерім мектебінің көшірмесі бой көтеріп, әйгілі болыстың ескерткіш тақтасы ашылды.

Қызыл қарағайдан қиып салынған көне ғимарат осыған дейін Катонқарағай ауылында тұрған болатын. Жақында жергілікті кәсіпкер Ұлықбек Тумашиновтың мұрындық болуымен Шыңғыстайға қоныс аударған қоңыр үйдің қабырғасына Әбдікерім болыстың ескерткіш тақтасы орнатылып, бұл рәсім салтанатты түрде аталып өтті. Тас тақтаға болыстың портреті басылып, Әрімжан ақынның мына бір шумақ өлеңі қашалған екен:

«Шыңғыстай бір тамаша жер екен ғой,
Қаратай берекелі ел екен ғой.
Алтайда алтын ұя – мектеп ашқан,
Әпекең бір асқар тау бел екен ғой».

Ал мектеп-мұражайдың ішінде Әбдікерім Ережепұлына арналған жеке бөлме болмақ. Қазіргі уақытта жәдігерлерді жинастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал енді бір бөлме жазушы Оралхан Бөкейге арналмақ.

Сондай-ақ, жергілікті ақын-жазушылар мен осы мектептен қанат қаққан түлектерге де орын беріледі. Сол заманға сай сынып бөлмесі де жабдықталған. Мұнда ескі парталар, оқушылардың көне сөмкелері, глобус қойылған. Ал бір бұрышта контрамарка пеш орналастырылды.

– Аудандық өлкетану мектеп-музейін тамыздың соңына қарай ашуды жоспарлап отырмыз. Атқарылмаған жұмыстар әлі көп. Әзірше қолда бар жәдігерлерді жинақтап жатырмыз. Сынып бөлмесіне Ыбырайдың, Абайдың қанатты сөздері төте жазумен жазылды, – дейді Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов.

Ал мектептің ауласына иесін жоқтап тұрған жылқының мүсіні жасалды. Бұл Әбдікерім болыстың Қытайда қалғанын білдірсе керек. Одан бөлек қураған теректі артық бұтақтарынан арылтып, ақпен сырлапты. Бұл кешегі өткендердің белгісі болса, дәл жанына жас тал егіледі. Бұл бүгінгі ұрпақтың белгісі.
Аудан басшылары мен ауыл ақсақалдары, қарапайым жұртшылық көп жиналған ескерткіш тақтаның ашылуынан кейін Әбдікерім болыстың рухына бағыштап құран оқылды.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button