Қоғам

Бөдененің жұмыртқасындай бұршақ жауды

Бөдененің жұмыртқасындай бұршақ жауды

Өткен жексенбі күні облыс орталығында көлемі бөдененің жұмыртқасындай болатын бұршақ жауды. Табиғаттың тосын мінезін әсіресе қаладағы ЖМК ықшамауданының тұрғындары анық сезінді.
Естеріңізге сала кетсек, мұның алдында ғана «Қазгидромет» орталығының мамандары Өскеменде таяу күндері қалың жауын жауып, соңы бұршаққа айналатыны туралы ақпарат құралдары арқылы ескерткен болатын. Синоптиктер болжағандай маусымның 12-сі күні шелектеп төккен жаңбырдан кейін түс әлетінде кейбірінің мөлшері бөдененің жұмыртқасындай болатын бұршақ жауып, қала жұртшылығын абыр-сабыр күйге түсірді. Соның салдарынан жайқалып өсіп келе жатқан бау-бақшаға біраз зиян келтірілген. Тіпті өскемендіктер салған әлеуметтік желілердегі фотосуреттерге қарап, кейбір көліктердің де аздап зақымданғанын көруге болады.
– Түскі асымды ішуге үйге келген бетім сол еді. Бұршақ соға кетті. Басылғаннан кейін іле сыртқа шықтым. Есік алдында тұрған көлігімнің төбесін көзге көрінер-көрінбес етіп майыстырып кетіпті, – дейді ЖМК ықшамауданының тұрғыны Айдын Ақылұлы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, әзірге бұршақтан айтарлықтай зардап шеккенін айтып тиісті орындарға хабарласқан дерек тіркелмеген.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button