Руханият

БАЛКОНҒА БАЙЛАНҒАН БАЛУАН

 

–Менің санағым бойынша таң атқалымына көшеден 1366 мәшине өтті. Түскі үзіліс кезіндегісін, шамамен, 100 деп есептедім,– дедіәдеттегідей бізбен жарқылдай амандасқан үй иесі.Адамның жүзіндегі мұң-наланыбір сәтке болсын күлкісі жасырар. Ал көзіндегі мұңды ешнәрсе жасыра алмайды екен.
Қол арбасымен жылжып кеп дастарқан басына жайғасып жатқан атпалдай азаматтың жанарында мынау опасыз жалғанға деген өкпе ме, өкініш пе, жоқ болмаса әлдебір өшпенділік пе, нақ басып айту қиын, дегенмен бір мұң бар. Әрі ол мұңның жуық арада сейіле қояр түрі де байқалмайды.
Алдан аға ере барған досыммен шүйіркелесіп, амандық-саулық сұрасып жатқан кезде көзім еріксізден-еріксіз кең залдың төріндегі жиһаз үстіне қатар-қатар қойылған кубоктар мен қабырғаға ілінген түрлі медальдарға түсті…

Жігіттің төресі едің, қайран ағам

Пай-пай-пай! Мына марапаттың барлығын ешкім де жиып-теріп, «Мә!» деп қолына ұстата салған жоқ шығар-ау. Осының әрқайсысы қандай еңбекпен, қаншама маңдай термен, темірдейтабандылықпен келді ғой. Кезінде боз кілемде құлжадай ойнақтаған оғланды күндердің күні дәл осылайша мүгедектер арбасына таңылып, мүсәпір боп қалады деп кім ойлаған.

Қазақ «тіл, көз» деп жатады, болса болар. Өзі де сымбатты, тал бойында тарыдай міні жоқ жігіттің төресі еді ғой. Балуандығын айтпағанда, домбырамен салған әні, кез келген ортаны шырқ үйіріп әкететін шешендігі қандай еді… Балуандығы демекші, республиканы былай қойып, КСРО-ның менмін деген балуандарының өзі мұның алдында қарадай ығып, кәдімгідей тайсақтап тұратын. Өйткені бұл, не құдіреті барын кім білсін, алыса кеткен адамын қас пен көздің арасында алып ұратын. Шапшаңдығына көз ілеспейтін балуанның білек күші де алапат еді.

Сол кездердегі облыстық газеттер мен радио, теледидарлар екі күннің бірінде атағынан ат үркетін қазақ балуаны Алданыш Ағзамұлы жайында жарыса жазып, тамсана айтып, жан-жақты жарнамалап,жариялап жататын. Ағамыз араға айлар салып, елге жүлдемен оралған сайын осы елдің төресі мен қарасы улап-шулап әуежайдан, вокзалдан құшақ-құшақ гүл шоқтарымен қарсы алып жататын еді-ау. Солардың ортасында жүзі қуаныштан бал-бұл жанып ағамыз тұратын.

Е-е, алдамшы,жалған дүние-ай!«Басқа түссе, баспақшыл» деген осы болар, сірә… Қайта ағамыз қайсар, арбаға таңылғанына бес-алты жылдың жүзі болса да, сыр беріп, сынып көрген емес. Әсілі, мұндайда құдай қосқан қосағыңның да ақылы мен парасаты, қайырымы мен мейірімі көп нәрсеге әсер етеді-ау, шамасы.

Менің жекелене қалған ойымды Алдекеңнің:

–Қане, жігіттер, келіңдер, дастарқанға жайғасыңдар. Ағаларыңның жағдайы осы баяғы, жатқан жамбастап,– деп, самбырлай сөйлеген сөзі бөліп жіберді. Алданыш аға меймандарының келісімін сұрамастан, қолындағы шөлмектің мойнын «бырт» еткізіп бұрады да, рюмкелерді толтыра-толтыра құйып қойды. Сосын ешкімнің сөзін тоспастан:

– Жатпағанда не істейсің, «Жүрген адам той қуар, жатқан адам ой қуар» деген, күні бойы үйде жалғыз отырған адам зерігіп кетеді екен.Балконда отырып, өткен-кеткен машиналарды санайтыным да содан ғой. Бір мезгіл анау қара домбырамды ермек етем. Өзім білетін жеті-сегіз күйім бар,солардың әрқайсысын, әй, бір 10-15 реттен қайыратын шығармын. Сосын газет-журнал, кітап оқимын, ара-арасында темір-терсек көтерем дегендей…

Бүгін күн сенбі болғасын, сендерді әдейі шақыртып алдым. Оның үстіне,мына Секім салдың әнін тыңдамағалы да біраз болыпты, солай емес пе, Серікжан, – деп сол қолымен иығымнан қағып-қағып қойды.Ағамыз арбаға таңылып отыр демесең, қолдары гүрзідей.

Осы кезде ас үй жақтан буы бұрқыраған бір табақ қуырдағын алыпҚамар жеңгеміз де келіп қалды. Қашанғы әдетінше өзімсіне сөйлеп:

–Уақытымызды алды деп айыпқа бұйыра көрмеңдер, айналайындар. Ағаларыңның кей-кейде өстіп еркелеп қоятыны бар. Кеше күн кешкіріп кетсе де, телефон шалып жатқаным да сол ғой жатақханаларыңа. «Секемнің әнін сағындым, әңгімесін сағындым» деп неше күннен бері қоярда-қоймаған соң, – деді ақталғандай болып.

– Оқасы жоқ, жеңгей. Қайта дұрыс болды. Әйтпесе мына Жәкең екеуіміз «Ертең кешкі асты қайдан ішеміз?» деп басымыз қатып жатқан, – деп сөзді әзілге бұрдым.

«Бұра сөйлеген күлгенге жақсы» дегендей, дастарқан басындағылар ду күлді. Сол жарасымды әзіліміз жалғасып, терең мағыналы термелер мен небір әсем әндер айтылды. Ара-арасында өмір жайлы, өнер жайында әңгіме тиегін ағытып отырып, уақыттың біраз жерге барып қалғанын байқамай да қалыппыз…

Шарлаған жолы жатыр жер бетінде

Бұл кезде елгезек жеңгеміздің еті де пісіп үлгерген екен…
–Сендер мына етті біздің Арқа дәстүрімен әдемілеп тұрып жапырақтап тураңдар. Мен сендерге бір ән айтып берейін, – деп домбырасын күмбірлете қағып-қағып жіберген ағамыз «Қандай ән орындасам екен?» дегендей, бір сәт үнсіз қалды.

Жәнібек –жөн-жоралғыны бір адамдай білетін, не нәрсеге ептілігі бар Баянауылдың жігіті. Қолындағы қылпылдаған мүйіз сапты сары бәкісімен етті, ағамыз айтқандай, жапырақтап турап жатыр. Қамар жеңгеміз де бар дәмдісін аяп қалмаған екен. Қыстан қалған қазы мен қартаға қосып асқан қойдың жамбасы мен өзге де мүшелері қазақ даласы қандай кең болса, оныңхалқының да пейілінің сондай мәрт екендігін паш етіп тұрғандай.

Домбыраның төменгі сағасынан басталған әлдебір таныс әуенді құйқылжыта ойнап кеп, тамағын бір кенеп алған Алдекең алтыауызын:

–Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі көл бетінде.
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде?! – деп жарықтық Қасымның әйгілі әнімен бастады. Орындаушының дауысы қандай!Барқыраған орынсыз жуан да емес, шырқыраған әсіре жіңішке де емес. Тыңдаған адамның бойын баурап, жүрегін жаулап алатын құлаққа жағымды қоңыр сарын. Кезінде талай мықтының жағасын шеңгелдей сығымдаған, кішігірім балғаның басындай саусақтары перненің өн бойында еркін қозғалады. Аға әнді көзін жұмып ап орындайды екен. Өткен күндері, келмеске кеткен сол бір жемісті де жеңісті күндері көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр ма, кім білсін…

Иә, Алданыш ағамыздың да шарлаған жолы жатыр жер бетінде және ол қандай жол десеңші?! Екініңбірінің маңдайына жазыла бермейтін, екініңбірі болам десе, бола алмайтын, жетем десе, жете алмайтын өзіндік сара да дара жол ғой…Оның бәрін айта берсек, ұзақ әңгіме.

Баяулап барып аяқталған ән отырғандардың қабағына кірбің ұялатты.Саналарға ой салды. Мына жалған дүниенің, біздер өзімізше «сапар» атап жүрген,өмір атты бұралаңы мен қиралаңы мол қара жолдың күндердің бір күнінде, өміріміздің бір шетінде түйін боп түйілетіндігін есімізге салды. Бірақ қай күні, қай жерде, қалай түйілетіні белгісіз – жұмбақ…

…Добалдай қолынан оймақтай боп қана көрінген рюмкесін қолына алған үй иесі тебірене отырып тілек білдірген. Сөздері қысқа әрі нұсқа болса да, мірдің оғындай екен.

– Жігіттер! Ізімді басқан інілерім менің. Ертең-ақ үйленіп, бір-бір үйдің қожайыны атанарсыңдар. Алла қаласа, ертең-ақ балалы-шағалы боларсыңдар. Сендерге айтарым: баланы шектен тыс еркелетпеңдер…Ерке бала өліп кетсе – қылығы естен кетпес, тірі жүрсе – қадіріңе жетпес, – деп бір сәт үнсіз қалды.Сосын жанарын бір нүктеге қадап сәл үнсіз отырды да, ешкімнің қолдау-қолпаштауын күтпестен қолындағы ащы суды тартып кеп жіберді.
Апырым-ай, ә! Талай жерде болып, қаншама тілекті де, небір батаны да есітіп жүрміз ғой. Мынау бір түйеден түскендей, жо-жоқ, санаңа сілкініс жасайтындай, бұрын-соңды еш жерден естімеген кесек сөз екен.

Тағдырдың талқысына түскен атпалдай азаматтың нені меңзегенін ептеп түсінгендей болдым… Ертеректе бұл кісілердің жалғыз ұлдары болыпты. Жеті жасында ма, Ертіске тұншығып, көз алдарында мерт боп кетіпті деп естігенім бар.Содан қайтып жеңгеміз бала көтере алмаған көрінеді. Сол балапанын әлі де ұмыта алмай жүр екен ау. Өкінішті, әрине…

…Қоштасар сәт жақындап қалғанда Алдекең:

– Әй, сендер мына түн ішінде қаланың о жақ, бұ жағына тентіремей, осында қона салмадыңдар ма? – деген екеуімізге кезек қарап, қимаған көңілмен.
Әрине, «Ағаның үйі ақ жайлау» деп жата кетсек те болар еді. Үй де кең, бақандай бес бөлмелі. Бірақ таңертеңгі автобуспен екеуіміз де Екібастұзға жол жүруіміз керек.Кеншілер күніне арналған үлкен мәдени шара бар болатын.

Арбасымен жеңіл қозғалып, есіктің аузына дейін шығарып салған балуан ағамыздың інілерін жібергісі жоқ. Ас үй жақтағы келіншегіне дауыстап:

–Әй, Қамария! Мына ұлдарға сарқыт салып бердің бе? Жатақханаларына барғасын шай ішсін, – деп қояды ағалық қамқорлықпен.
Ас үйден жүгіре шыққан жеңешеміз:

–Түу, Әлеке, осы сенің шыдамсызың-ай, өзім де білем ғой,–деп қолындағы қомақты пакетін ұсына берді.

…Ай туған екен. Мұндайда қазақ «Жаңа айда жарылқай гөр!» деп тілек тілемейтін бе еді. Мен де тілеу тіледім.
Иә, Алла! Алданыштай ағатайымның аяғынан тік тұрып кетуіне өзің жар болғайсың!

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button