Базарға барғың келмейді

Өскемендіктер сенбі соқса, «ФрешМаркетті» бетке алуды әдет қылғалы қашан. Өзі арзан, өзі таза өнімге әркім де қызығады әлбетте. Көкорай көктемде де, сарша тамыз бен семіз күзде де асық. Оларды тіпті Алтайдың аязы да тұсап ұстай алмайды.
Әне, аладорбасын асынған ел екі беті алмадай боп, автобусқа ентелей еніп жатыр. Барлығы бағыттас, жолдас екенін іштей біледі. Меніңше, олар өздерімен бірге ұдайы барып-келіп жүрген газет тілшілерінің де өң-түсін жаттап үлгерді. Межелі жерге жеткенде қоғамдық көліктен бір қора болып, сау ете түстік. Асығады. Қайда асығады? Ауыл шаруаларының мол қоржыны жетпей ме бәріне? Әбден мүмкін. Тонналап ет әкелген жәрмеңкенің түске жетпей «тоналып» қалғанын талай көргенбіз.
Қош. Жәрмеңкеге бойлай ендік. Қос тізгін Ұлан және Жарма ауданында екен. Екі жақтың өнімінде бәлендей айырмашылық бар деп айта алмаймыз. Өздері де жік-жік болмай, қоян-қолтық саудаға кірісіпті. Бағаны жарыса асырып, я болмаса жарыса түсіріп жатқан ешкім жоқ. Ал екі бірдей аудан болғандықтан, шаруа өнімінің екі есе көп екені айтпаса да түсінікті ғой. «Абысын тату болса, ас көп» демей ме қазақ?! Оның үстіне Тәуелсіздік тойы. Бұл жәрмеңке береке мен бірлікке жайылған қазақ дастарқаны деп білдік.
– Сөзсіз, баға базардағыдан айтарлықтай төмен. Сапа сыр бермейді. Бүгін аста-төк өнім келді. Әйткенмен, түс әлетіне дейін тып-типыл болды осының бәрі, – дейді фермер Әсия Жұмақанова.
Иә, айтқанымыздай ауылшаруашылық өнімдері мол. «Ет дегенде бет бар ма?!» дейтін елдің баласы тоқты-торпақтың етін таңдап жүріп алды. Бұл жерден төрт-түліктің өнімі тегіс табылады.
Дорбасын етке толтырып, ұрты майланып келе жатқан ағайынның бірі міне алдымыздан шықты.
– Сауда сәтті болған-ау, ағасы?
– Айтпа, сенбі сайын бір жырғап қаламыз, әйтеу.
– Жиі келемін деңіз?
– Біз, жұбайымыз екеуіміз, әр сенбі сайын жәрмеңкеге келуді әдетке айналдырдық қой. Әрдайым арзан да, сапалы өнім. Жас ет дегендей. Білесіз бе, осы жәрмеңке бір кездері тоқтап қалды ғой…көктем уағында ғой деймін. Кәдімгідей абдырап қалдық. Базарға барғың келмейді…
Иә, иә, базарға барғың келмейді.
Рамазан Жеңіс