Қоғам

Байжан мен Мария тұрғындарды көкөніспен қамтып отыр

Байжан  мен  Мария тұрғындарды көкөніспен қамтып отыр


Тағдыры қызық адамдармен кездесіп қалғанда, мәре-сәре болып, шүйіркелесетініміз шындық. Зайсан ауданында іссапарда болғанымызда, аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев Қайнар ауылының тұрғыны ерлі-зайыпты Байжан Дуанбаев мен литван қызы Мария Петрокаспен таныстырды. Литван қызының жарты ғасыр қазақпен тұрмыс құрып, қазір шаруасын шалқытып отырғанына куә болғанымызда, ризашылығымызды білдірдік.

— 1990 жылдың маусымында Зайсан ауданында қатты зілзала болғаны көпшіліктің есінде шығар, — деді сол күндерді еске алған Байжан ініміз. — Мен ол кезде Қайнар ауылында тракторды тізгіндеп, кеңшарда жұмыс істейтінмін. Табиғат апатына қабырғалары қайысқан ел басқарған азаматтар еліміздің барлық облыстарының басшыларын жұмылдырып, ауданның барлық елді мекендерінде мектептер мен тұрғын үйлерді сала бастады. Менің болашақ өмірлік жарым Мария Антоновна Қостанай облысынан келіп, қасында бес қыз бар, аспазшы болып құрылысшыларға қолғабыс жасай бастады, арасында Қайнар ауылына келіп тұрды. Қазақ тілін жетік білетін, жаны жомарт, құрбылары арасында беделге ие қыз маған қатты ұнады, ақыры екеуіміз тұрмыс құрдық. Міне, содан бері ширек ғасыр өте шығыпты.

— Әкем Антон Петрокастың ұлты литван, ал анам Ирина Петрокения украин қызы, олар ертеректе Қостанайға көшіп келіп, тұрақтап қалған. Жаны жомарт, қонағы келсе, төрден орын беретін бауырмал қазақ көршілері дегенде ата-анамның құрметі ерекше болатын. Қазақтың салт-дәстүрін, тілін көкейлеріне түйіп, бізге дұрыс тәрбие берді. Зайсанға келгенде зілзала апатын бастан кешкен жергілікті тұрғындарға көмек көрсетуді басты міндетім санадым. Бойы екі метрге жуық, аузын ашса, жүрегі көрінетін батыр тұлғалы Байжанды ұнаттым, тұрмыс құру жөніндегі ойын айтқанда, бірден келістім, —дейді литван қызы Мария Антоновна.

1996 жылы Байжан жұбайы Мариямен ақылдасып, шаруа қожалығын құруды ұйғарды. «Өркен» қожалығы бастапқыда ірі қара малын бордақылап, бертін келе жылқы, қой өсіре бастады. Кейін бақша дақылдарын өсіруді мықтап қолға алды. Қазір қожалық 10 гектарға картоп, сәбіз, қияр, басқа да көкеністі егіп, оны күтіп, баптап жатыр. «Балапанды күзде санайды» дегендей, сосын аудан тұрғындарына сата бастайды. Өткен жылы олар тек картоптан 50 тонна өнім жинаған. Қайнардың топырағы құнарлы, қарбыз, қауын ексең, күзде мол өнім алуға болады. «Біз көкөніске силитра қоспаймыз, малдың көңін пайдаланамыз, табиғи өнімге сұраныс да көп, сапасы керемет. Сондықтан болар, көкөніс піскен кезде, тіпті, көрші аудандардан келіп алып жатады, — дейді қожалық иелері.

Күзде көкөніс жайқалып піскен кезде, оны жинау оңай шаруа емес. Қожалықта еңбек ететін бес-алты адамның оған шамасы жетпейді. Не істеу керек? Іскер жандар оның амалын тауыпты.

— Бұрындары бір қап картоп жинағандарға 100 теңгеден төлейтінбіз. Ол аз, екі есе көбейтіңдер деген соң, келістік. Өткен жылы шаруаға пысық ауыл тұрғындары жанұясымен келіп, бір ауысымда 40-50 қапқа дейін картоп жинап жүрді. Бір күнде 10 мың теңге қарату аз қаржы емес. Өзіміздің көкөніс сақтайтын қоймамыз бар, алдағы уақытта оны кеңейту ойда. Мал өсіріп, көкөніспен шұғылданғандарға жер-ананың тартар сыйы ерекше ғой, — дейді Байжан мен Мария.

Байжан мен Марияның ұлы Райымбек әскери қызметте, ал қыздары Райхан жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірген. Халықаралық грантты жеңіп алған, күзде Қытайға барып оқуын жалғастырмақ. Зайсан ауданының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жатқан Байжан мен Марияның алға қойған мақсаттары зор екен.

Оңдасын Елубай

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button