Қоғам

«Байыстың» бас авторының бірі Болат Нұрғалиевтың есімі естен шықпаса екен…

	«Байыстың» бас авторының бірі Болат Нұрғалиевтың есімі естен шықпаса екен...


Қазақ даласында ертеден құйрықты қой, яғни, етті-майлы бағыттағы қылшық жүнді қой тұқымы өсірілгені мәлім. Жер аумағының үлкендігі, табиғи-климаттық жағдайдың алуан түрлілігі, күтіп-бағу, өсіру әдістерінің де әрқилылығына орай әр аймақтағы қойлардың белгілі бір айырмашылығы, өзіндік ерекшелігі болды. Өйткені, құйрықты қойдың биологиялық ерекшелігі, негізінен табиғи сұрыптау әсерінен қалыптасты. Ондағы басты талаптар: дене бітімінің мықтылығы, жергілікті жағдайларға бейімделуі, жас төлдің тез жетілуі, сақа қойлардың жайылымда тез дене салмағын арттырып, құйрығына май жинауы, алыс жерлерге жайып баруға және ауа райының қолайсыз жылдары азық жетіспеушілігіне төзімділігі.

Жалпы, қазақ жерінде өсірілетін құйрықты қойлардың таралу тұрғысынан 22 жағрафиялық нұсқасы болған. Олардың ішінде бағаналы, қарқаралы, тама, керей, басбай, зайсан қойлары деген аттармен белгілі болған жергілікті тұқымдар бар. Алайда, олардың ет өнімділігі мен сапалық қасиеттері жоғары болғанмен, көбінесе құрғақ және өлі талшықтардан тұратын қылшық жүн беретін. Онымен қатар, мұндай жүннің басым бөлігі түрлі-түсті, көбінесе қара болып келетін. Сондықтан сапасы мұндай жүн шикізат ретінде жүн өнеркәсібі үшін соншалықты құнды болып есептелмеді.

Осы жағдайды ескерген қазақ ғалымдары етті-майлы бағыттағы қой шаруашылығындағы селекциялық-асылдандыру жұмыстарының басты бір міндеті ретінде қазақтың құйрықты қойларының құнды қасиеттерін сақтай отырып, тоқыма өнеркәсібіне технологиялық сапасы жоғары маталар, әсіресе, кілем тоқу өндірісіне аса қажетті ақшыл түсті әртекті ұяң жүн беретін қой тұқымын шығаруды қолға алды. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғарыда айтқан талаптарға сай келетін көршілес Түркіменстанда өсірілетін сараджы, Тәжікстандағы академик Әлиевтің басшылығымен шығарылған тәжік қой тұқымдарын негізге ала отырып, республикамыздың жағдайына бейімделген жергілікті жаңа қой тұқымын шығаруды міндет етіп қойды. Сөйтіп, бұл бағыттағы жұмыстар көп жылдар бойы Қазақстанның үш аймағында жүргізілді: Орталықта – Қарағанды облысы, Батыста – Ақтөбе облысы және Шығыста – бұрынғы Семей облысында.

Көп жылғы жұмыстардың нәтижесінде 1994 жылы жаңадан шығарылған «Қазақтың ұяң жүнді құйрықты қойы» сараптамадан өткенде, Орталық Қазақстандағы қойлар тобы «Қарғалы» тұқымішілік типі ретінде басқадай екі тұқымішілік түрімен («Ақтөбе» және «Байыс») бірге жаңа тұқымның құрамына кірді.

Бұл қойлар етті-майлы құйрықты тұқымдас қойлар секілді тірілей ірі салмағымен ерекшеленді. Асыл тұқымды қошқарларының тірідей салмағы – 90-100 кг, саулықтары – 57-64 кг, қырқылған жүн тиісінше – 3,8-4,4 кг және – 2,4-2,7 кг. Жүн шығымдылығы 64-72%. Қошқарларының жүнінің ұзындығы 23,3 см, түбіт талшығының биіктігі 14,3 см, ал саулықтары тиісінше 20,0 және 11,0 см.

Бұрынғы Семей облысында бұл бағыттағы жұмыс Жарма ауданындағы «Бірінші май» кеңшарында 1967 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының «Қой шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғ.Қыдырниязовтың жетекшілігімен басталды. Бұған дейін бағалы биязы жүн беретін «Оңтүстік қазақ мериносы» қой тұқымын шығаруға үлкен үлес қосқан қой шаруашылығы ғылымының асқан білгірі Ғадылша Ниязұлы бұл жұмыстарды жүзеге асыруды кафедраның тәжірибелі оқытушысы, ғалым Карнаковқа жүктейді. Жоспарға сәйкес алдымен жергілікті қылшық жүнді құйрықты қойларды еділбай қошқарларымен будандастырып, олардан алынған саулықтардың ірілері ұяң жүнді тәжік қой тұқымының қошқарларымен будандастырылды. Осындай күрделі жолмен алынған будандарды және оның талаптарға сай келетіндерін сұрыптап, ары қарай таза тұқым өсіру әдісімен «өз ішінде» өсірді.

1969 жылы шаруашылыққа Тәжік ғылыми-зерттеу мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Дагана-Киик» тәжірибе шарушылығынан 25 бас бір жарым жасар қошқарлар кеңшар орналасқан Үшбиік жеріне әкелінді. Олардың 3,5 жастағы тірідей салмағы 100,4 кг, ал қырқылған жүн 4,15 кг болды.
Жалпы, бұл шаруашылыққа ұяң жүнді тәжік қой тұқымын әкелгенде, тәжік қойының жүні құнды техникалық және технологиялық қасиеттері арқасында әртүрлі маталар, тоқыма және кілем бұйымдарын дайындауда таптырмас шикізат екені ескерілді. Жүні ұзын және аздап толқынданып келген, жіңішкелігі орталау түбіттен, көп мөлшерде ұзын аралық талшықтан және аздаған қылшықтан тұрады. Құрғақ және өлі жүн кездеспейді. Көктемде қырқылған жүннің құрамы 74,9 % түбіт, 21,3 % аралық талшық және 3,8 % қылшықтан тұрады.

Тағы бір ерекшелігі, сараджы және басқадай ұяң жүнді қой тұқымдарына қарағанда тәжік қойының жүнінде қайызғақ мүлдем жоқ және люстра тәріздес жылтырлығы да бар. Сонымен бірге, тәжік қойы салмағы және етті-майлы өнімділігі жөнінен басқадай ұяң жүнді қой тұқымдарымен салыстырғанда да алдыңғы орын алады.

1974 жылдан бастап Ғ.Қыдырниязов бұл жұмысқа өзінің бұрынғы студенті, бірнеше жыл шаруашылықтарда істеп, тәжірибе жинақтаған зоотехник, кафедраға ғылыми қызметкерлікке алған Болат Нұрғалиевты тартты.

Болат Бапышұлы Нұрғалиев Семейдің малдәрігерлік-зоотехникалық институтын үздік бітіргеннен кейін, жоғары білімді мал маманы болып туған ауданы – Марқакөлге оралып, 1969 жылы Жырақұдық бөлімшесінде зоотехник болып еңбек жолын бастады.

1960-шы жылдардың басында елдегі қой тұқымын асылдандыру мақсатында алтай мериносы тұқымды қойларын өсіру қолға алынған кезде, бұл іске Шығыс Қазақстанда Марқакөл ауданының Қарашілік пен Жырақұдық фермалары облысымызда алғашқылардың бірі болып кіріскен. Ғылым мен өндірістің байланысы өз жемісін берді. Суыққа, қарлы өңірге төзімді биязы жүнді қойлар өсіріліп, осы екі бөлімше де асыл тұқымды қой фермасы атанды.
Кеңес өкіметі «құлар» 1990-шы жылдардың басында Марқакөл өңірінде өнімділігі бұрынғыдан да жоғары австралиялық коридель және полворс тұқымдарының будандарын өсіру міндеті қойылды. Бұл бағыттағы жұмыс Марқакөл ауданында 1988 жылы басталып, «Марқакөл» кеңшары 200 бас, «Боран» кеңшары 300 бас асыл тұқымды қошқар сатып алып еді. Өмірдің өзі коридель және полворс тұқымдарының өнімділігі өте жоғары екендігін көрсетті.

Бағымы мен күтімі дұрыс болса, салмағы 95-105 келі тартып, 13 келіге дейін жүн берді; биязы талшығы 14 сантиметрге дейін жетті. Міне, осы іске де жас маман жетекшілік жасады.

-Бөкең Марқакөл өңіріндегі Боран ауылында 1942 жылы туған,-деп еске алады ғалымның жұбайы Фатима Нәзірқызы Ғайнуллина.- Мен Болаттың ақкөңіл, адалдығын ерек бағаладым да, өміріне тірек болуға тырыстым. Жүзінен нұр төгіліп тұрған, келбетті, тұлғалы, биязы мінез, терең ой, таудай талап, жігердің адамы еді.

Бала кезінен математикаға жүйрік болыпты. Кейін институтты да өз күшімен оқыды. Әке-шешесі ескінің адамдары ғой, ұлдарының оқу қуғанын қара жұмыстан қаштың деп жақтырмай да отырады екен.

Әкесі Нұрғали батыр тұлғалы, денесін тік ұстайтын адам еді. Бөкеңнің жақын достары ол кісіні өте қатал деп отыратын. Тура айтып, тік сөйлейтін мінезді екен. Өз ортасына беделі жоғары, сыйлы болған.

Бапыш атасы Марқакөлде, Бөкеңнің төрт-бес жасқа келген кезінде қайтыс болған. Атасы мейірімді кісі болса керек. Бөкеңді ерекше жақсы көріп, қойнына бірге алып жатады екен. Атасын өте бір сағынышты көңілмен еске алып отыратын. Сол кісіге деген балалық сезімінің ерекше болғаны соншалық, «Бапышұлы» деп атасының атымен жазылып, ал тегіне әкесінің есімін алған.

Семейге қайта келу ойында болмаған. Бірақ өмірлік жағдайлар себепкер болды. 1974 жылдың жаймашуақ жазында іс-сапармен келіп жүргенде Семейдің көшесінде атағы жер жарған ғалым Ғадылша Ниязұлы Қыдырниязов кездесіп қалады. Ол кісі бұл кезде факультет деканы, кафедра меңгерушісі. Ғадылша аға – қара көздері отшашқан, нұрлы адам еді; адамды ішінен көріп-танитын ерекше сезімтао қыры болған. Білімі ұшан-теңіз ғұлама ғалым еді. Сол кісі «Студент кезіңнен өзіңнен көп үміт күтуші едім,-деп, қызметке шақырады.

Жас ғалым басталған жұмысты білгірлікпен жалғастырып әкетті. Ең бастысы, селекциялық-асылдандыру жұмыстарының, атап айтқанда, қойды бонитировкадан өткізу, бағалау, сұрыптау және жұп таңдау секілді маңызды іс-шаралардың басы-қасында ұдайы өзі жүрді. Селекциялық жоспарға сәйкес, қой отарларының өнімділігін, сапалық қасиеттерін, биологиялық ерекшеліктерін жетілдіру үшін 1974 жылы Бөкең Тәжікстанға барып, тәжік тұқымының 30 бас қошқарын машинаға тиеп Үшбиікке әкелді. Бұл жаңа тұқымды жақсартуға тағы бір серпін берген шара болды. Сонымен бірге бұл жұмысқа 1981 жылдан бастап, Қазақтың қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында көп жылдар істеп, Семей мал дәрігерлік институтына кафедра меңгерушісі болып қызметке келген белгілі ғалым Нұрал Майтқановтың да араласып, бел шеше кірісуі жұмыстардың қарқын алуына септігін тигізді.
Әрине, ғалымдардың көп жылғы жұмыстарының нәтиже беруі бірінші кезекте шаруашылық басшылары, мал мамандары мен шопандардың қажырлы еңбегінің арқасында болғанын баса айту орынды. Осы жерде «Байыс» қойының отаны болып саналатын «Бірінші май» кеңшарын көп жылдар басқарған Биахмет Жампозов, Сағынған Каметов, бас зоотехник Лесбек Тұрсынбетов, селекционер-зоотехник Мұхаметрахым Жанділдинов еңбектерінің үлкен болғанын айтқан жөн.

Тағы бір атап кететін жағдай, 1980-ші жылдардың екінші жартысынан бұл іске Мәскеулік ғалымдар тартылды. Әлемге әйгілі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының кафедра меңгерушісі, профессор А.Ерохин жұмыстарға ғылыми кеңесші болды. Одаққа белгілі ғалым бірнеше рет іссапармен Үшбиікке келіп, жүргізіліп жатқан зерттеулермен танысып, ақыл-кеңесін аямады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына бірнеше аспирантын жіберіп, олар кандидаттық диссертация да қорғады. Жүн, ет, тері сияқты өнімдердің бірқанша үлгілері Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институттарының зертханаларында сараптамадан өткізілді.

Дегенмен, негізгі жұмыстарды басынан аяғына дейін Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ғалымдары жүргізді. Олардың жұмыстарының сәтті, зерттеулерінің құнды болғанын Н.Майтқановтың докторлық, Б.Нұрғалиев пен Н.Борамбаеваның ғылым кандидаттары дәрежесін қорғағанынан және оқытушы П.Габдуллинге доцент атағы лауазымы берілгенінен де білуге болады. Ал ең бастысы, Жарма ауданындағы «Бірінші май» (директор С.Каметов) және «Жарма» (директор А.Мұсылманқұлов) кеңшарларында отыз жылға таяу жүргізілген селекциялық- асылдандыру жұмыстарының басты нәтижесі деп, 1994 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарағанды, Ақтөбе және Семей облысы шаруашылықтарында өсіріліп жатқан қой отарлары «Қазақтың құйрықты ұяң жүнді қой тұқымы» атты бұйрығымен бекіткенде, семейлік ғалымдар мен мамандар шығарған қойлар ресми «Байыс» тұқымішілік типі деген атқа ие болды немесе «Байыс қойы» деген атаумен тарихқа енді.

Сонымен, үш түрлі қой тұқымдарының негізінде шығарылған «Байыс» жоғарыда аталған тұқымдардың құнды биологиялық-өнімділік ерекшеліктерін бойына сіңіргендігімен сипатталып, дене бітімі мықты, етті-майлы өнімділігі жоғары, жүні сапалы маталар, кілем тоқуға жарамды және т.б. қасиеттерімен ерекшеленді. Селекциялық топқа жататын қошқарлардың (25 бас) тірідей салмағы -111,8 кг, ал саулықтарынікі (2950 бас) – 64,6 кг айналса, қырқылған жүн тиісінше 4,32 кг және 2,64 кг құрады.

Айрықша еңбегі сіңген ғалымдар мен мамандар қазақтың құйрықты ұяң жүнді қой тұқымы авторлары атанды. Олардың қатарында атақты ғалымдар В.Бальмонт, М.Ермеков, А.Голоднов, К.Қанапиндармен бірге семейлік Г.Қыдырниязов, Н.Майтқанов, Б.Нұрғалиев, З.Тоқаев С.Каметовтер де жаңа қой тұқымы авторлары болып бекітілді. Бұл атақтың ерекше мән-маңызын мына мысалдан да көруге болады: Кеңес Одағы кезінде жаңадан шығарылған мал тұқымдары авторларына КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген жоғары атақ берілетін-ді! (Әрине, берілмей қалды…).

Қазіргі күні ұяң жүнді байыс типіндегі қойларды Шығыс Қазақстанның көптеген жерлерінде шаруа қожалықтары өсіріп жатыр. Сонымен бірге еліміздің басқа аймақтарында бұл қойларға сұраныс үлкен. Мысалы, Жамбыл облысы Шу ауданы «Баскөл» шаруа қожалығында өсіріп жатқан байыс қойлары Шығыстағы Жарма ауданынан әкелінген. Қайбір жылы баспасөзде жарияланған «Баскөлді» жерсінген байыс қойы» атты мақалада мал өсірушілер бұл тұқымның еділбай қойлары сияқты құмға, шөлге төзімді екендігін айтыпты. «Қылшық жүнді қазақы қойлар құйрықты келеді, ал байыс қойларының бір ерекшелігі сол – қоңын құйрығына жинамайды, мойыны мен сүбесіне жинайды; байыс сүлесінің тағы бір ерекшелігі, олар жыл бойы жайылымда бағылып, сонымен бірге, қозысын өрісте туып, өзімен бірге ертіп жүре береді», – деп баға беріпті.

-Болат Бапышұлымен таныстығым 1977 жылдардан бастау алады. Өзім қызмет істейтін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қой шаруашылығы бөліміне ол кісі жиі келіп жүретін. Сол кездің өзінде ол кісінің шаруашылықты дамытуға байланысты ой-пікірлері, әсіресе, селекциялық жұмыстарға ерекше пейілі қызықтыратын,-деп еске алады бүгінде астаналық ғалым Өмірзақ Сұлтанов. – 1986 жылы Мәскеу аспирантурасын бітіріп, жолдамамен Семейдің зооветинституына келдім. Міне, сол кезден бастап Болатпен қызмет барысында қоян-қолтық араласып, етене жақындасып кеттік. Бөкең біз сияқты жас ғалымдардан ақыл-кеңесін, тәжірибе-ойын аямайтын. Ал жүргізіп жатқан ғылыми жұмыстарымыздың нәтижелері жайында есеп бергенде, қатаң сұрайтын. Өйткені, ол кезде институттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіретін сектордың меңгерушісі болатын. Ол кісі осы қызметті атқара жүріп, өзінің ғылымдағы қызметінің өзегі болған қазақтың жартылай қылшықты, құйрықты қой тұқымының жаңа түрін шығару жолындағы жұмыстарын, ізденісін жалғастыра жүргізе берді.

Ал енді, оның маңыздылығы неде еді? Қазақ жерінде қой түлігінің қаншама тұқымы өсін-өніп, өсіріліп жатса да, сол кезеңде біздің елде кілем тоқуға жарайтын жүн беретін қой тұқымы жоқ еді. Кілем бұйымдарының кеңес заманында қаншама қат, былайғы жұрттың қолы жете бермейтін зәру тауар болғанын қалың ел ұмыта қойған жоқ. Осы зәрулікті қанағаттандыратын ең тиімді жол – арнайы қой тұқымдарын өсіру болатын. Оның үстіне бұл шақта Алматыда кілем тоқитын фабрика пайдалануға берілген болатын. Ал кілем тоқуға жарамды қой тұқымдары – «Сараджа» тұқымы Түркіменстанда, «тәжік» қойы – тек Тәжікстанда ғана өсірілетін.

Сондықтан республиканың Ауыл шаруашылығы министрлігі осы екі тұқымның негізінде шығарылған қойдың жаңа тұқымын үш аймақта – Ақтөбе, Алматы және Семей облыстарында өсіріп шығаруды ұйғарды.

Ақылдаса келе, Семей облысында шөл және шөлейт аймақта орналасқан Жарма ауданына қарасты «Бірінші май» кеңшарының негізінде өсіруге нұсқау беріледі. Бұл 1960-шы жылдардың аяғында болған жай.

Ғадылша Ниязұлы өзі бастаған істі аяғына дейін жеткізе алмай, дүниеден озды. Бірақ осы істі Болат Нұрғалиев сәтті жалғастырып, бақандай жиырма жыл бойы, жаңа қой тұқымы ретінде бекітілген 1994 жылға дейін тыным таппады.

Міне, осындай тауқыметі бастан асатын селекция саласын саналы түрде таңдап алған Болат Нұрғалиевтың ғалымдық жолы тақтайдай даңғыл болды деуге әсте келмейді. Даяр тұрған докторлығын да қорғап үлгермеді.

-Ол қол жеткізген табыстардың қандай еңбекпен, маңдай термен келгендігіне өзім талай куә болған едім,-дейді Өмекең. – Жаңа қой тұқымын шығару жұмысы жоғарыда айтқан «Бірінші май» кеңшарында жүрді. Бөкеңнің жанына еріп өзім де Үшбиік жерінде талай рет болған едім. Сондағы байқағаным – ол кісінің ұйымдастырушылық қабілеті өте күшті еді.

Малдың биологиялық ерекшеліктерін, өнімділік қасиеттерін сараптауды анықтайтын бонитировкалау жұмыстарын Бөкең өз қолымен атқаратын. Бұдан өзге сұрыптау және іріктеу жұмыстары барысында құрылған қой топтарының өсіп-өнуін, күтімін әркез бақылауында ұстайтын.

2000-ші жылдың мамыр айының шуақты бір күндерінде Болат ағамен сапарлас болып, Зайсан өңіріне бірге шыққаным есте. Сол кездері енді ғана қанатын жайып келе жатқан «Қара Ертіс» шаруа қожалығының жетекшісі Жеңісбек Кәрібаевтың шақыруымен келе жатыр екен. Сол сапарында біраз күндер осы шаруашылықта болып, байыс қойын көбейту бағытында ақыл-кеңестерін беріп қайтқанына куәміз.

Осы шаруашылық бертінде асыл тұқымды байыс қойын өсіретін шаруашылық мәртебесін иеленіп, бүгінде бүкіл елімізде танымал ірі қожалыққа айналды.
1994 жылы жармалық Сати Рахымжанов сынды іскер азамат та бұрынғы «Бірінші май» кеңшарынан 65 саулық пен 5-6 қошқар сатып алып, оны «Рассвет» колхозының жеріне әкеліп өсіре бастайды. Малдың сапалық көрсеткіштерін жақсарта түсу үшін, тұқымдық сапасын ары қарай жетілдіре түсу үшін ғалым Болат Нұрғалиевтан көмек, қол ұшын беруін сұрайды. Сөйтіп, екеуара бірлесе жұмыстың арқасында жұмыс жандана бастайды. Келе-келе жаңа қой тұқымы қанатын жайып, оның саны бір отарға жуықтайды.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар. Елімізде байыс қойын өсірудің тиімділігіне әбден көзі жетіп, шаруасын шалқытып отырған шаруашылықтар жетерлік. Сол ақтүлік малдың тұқымын жетілдіру жолына бүкіл ғұмырын сарп еткен нағыз ғалымдардың есімі ел есінен шықпаса екен деген тілектен туған жазба еді мұнымыз.

Сайлау Өміртай
Семей.

Осы айдарда

Back to top button