Қоғам

Байыс баққан бауырлар

Байыс баққан бауырлар


Жарма ауданына барған сапарымызда Қара адырда қазақтың асыл тұқымды байыс қойын бағып отырған үлкен әулеттің ақсақалы Хусан Хасиевтің шаңырағына арнайы ат басын бұрғанбыз.

Осалдың омыртқасын опырып, беріктің белін бүгілдірген (Ә.Нұршайықов) сұрапыл соғыс жылдары елімізге мыңдаған өзге ұлт өкілдерінің депортацияланғаны белгілі. Хасиевтер отбасы да сол уақытта тағдырдың тауқыметімен қазақ жеріне табан тірейді.

«1944 жылы Кавказдан жер аударылған шешендердің бір тобын Бородулиха ауданының Ивановка деген ауылына әкеп түсірді. Ол кезде мен 4 жаста едім. Бес класс қана бітірдім. Ары қарай оқуды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Жағдайымыз нашар, шамамыз келмеді. Халықтың жағдайы да қиын болды ғой ол кезде. Бүгінде 77 жасқа келген мен өз өмірімді үш кезеңге бөліп қарар едім. Алғашқы 25 жыл қиыншылықта өмір сүрдік. Талғажау етер түк таппай, шөп жеген кездеріміз де болды. Одан кейінгі 25 жыл жаман болған жоқ. Ел қатарлы өмір сүрдік. Ал енді үшінші 25 жылдығымда өмірдің бар қызығын көріп, сезініп жатқан жайым бар. Мал ұстауға рұқсат бермеген заманды да бастан өткердік қой. Бір немесе екі сиырдан артық ұстауға рұқсат етпейтін. Қазір құдайға шүкір, алдымызда ақтылы малымыз бар. Қанша мал өсіремін десең де ешкім шектеу қоймайды», – деген шешен қарт қиын күндерде жандарына пана болған қазақ халқына қарыздар екенін айтып, «қазақ еліне таулықтардың жасын берсін» деп ағынан жарылды.

1940 жылы Кавказда дүниеге келген Хусан Хасиев кеңестік кер заманды да айналып өтпеді. Өзінің алты әріптен тұратын тегін дұрыс жаза алмайтын әкесі Баснакайдың 1986 жылы Дінмұхаммед Қонаевты қызметтен алып тастағанда: «Мұнысы несі?! Басқа сауатты қазақ табылмады ма?» деп қатты күйініп, күйзелген сәтін еске түсіріп, ақыры әділеттің салтанат құрып, тәуелсіз мемлекеттің тізгінін Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қолына алғанда елмен бірге ерекше шаттанғанын айтады.

«Менің құрдасым жарап тұр. Әлі күнге дейін мінберде. Жиырма бес жыл бойы тақта отыру оңай деп ойлайсыңдар ма? КСРО-ны басқарған Горбачёв: «Бір қадам алға, бір қадам артқа» деуші еді. Біздің Елбасымыз: «Тек қана алға. Бір емес, он емес, 100 қадам алға басуымыз керек» дейді. Әттең, менің қолымда тұрса, бес жұлдызды, әдемі бір орден шығарып, кеудесіне тағар едім. Мен осыны армандаймын», – деді ақсақал.

Бородулихадан Жарма ауданына 1961 жылы көшіп келген Хасиевтер әулеті бүгінде байыстың Отаны саналатын Үшбиік ауылына қарасты аумақтағы Қара адырда төрт бірдей қыстаққа иелік етіп отыр. Ағайындылар қоныс тепкен қыстақтардың арасы да алшақ емес. Ақсақалдың ағасы Хасан өзінің қыстауында 900, ол кісінің немересі 700, Хусан Хасиевтің үлкен ұлы Рамзан 1500, тағы бір ұлы Бесланмен бірге тұратын өзі 2500 бас байыс қойын өсіріп отыр.

Он жеті жылға жуық комсомолда жұмыс істеген, бес баланың әкесі Хусан қария Жарма ауданының бренді саналатын байыс қойын өсірумен 1966 жылдан бері шұғылданып келеді. Сонау 60-ыншы жылдары Семейдің малдәрігерлік институтының қой шаруашылығы саласы кафедрасының ғалымдарымен жергілікті мықты шопандар бірлесе отырып, Тәжікстаннан қошқар әкеліп, оны Еділбай, Дегерес, Сараджа қой тұқымдарымен будандастырып, нәтижесінде байыс қойы дүниеге келгені белгілі. Қысқа төзімді, салмақты, тек құйрығына ғана емес, өн бойына май жинап, бір май, бір ет болып келетін, төлі де тез ширап, тез өсетін байыс қойының жүні Кеңес үкіметі кезінде жоғары бағаланып, кілем тоқу фабрикаларына ең қажетті шикізат болғанымен, бүгінде елімізде бұл өнімге сұраныс жоқ. «Кезінде қой жүнінің бір келісі 25 рубльге бағаланатын, қазір бар болғаны 10 теңге», – дейді Хусан Хасиев. Алайда, байыс қойының өзіне елімізде сұраныс жақсы көрінеді. Ресейден де «құда түсіп», қолқа салатындар аз емес екен. Бірақ Хусан ақсақал ресейліктерге асыл тұқымды қойды аз сататынын, негізінен еліміздің өңірлеріне, оның өзінде тек ұрғашы тоқтыларды ғана сатылымға шығаратынын жеткізді.

«Әлемде қазақ жерінен асқан жер жоқ»

Әулетімен байыс бағып отырған қария қазақ жеріне әбден бауыр басып қалғанын, ұлдарының да, немерелерінің де бұл мекенді ешқашан тастап кетпейтініне сенімді. Ағайынды Хусан мен Хасан Хасиевтер қазақпен құдандалы екен. «Рамзан деген ұлымның келіншегі қазақ. Есімі – Айжан. Оның әкесі менің досым болған. Комсомолда бірге жұмыс істедік. Ағам Хасанның Бауди деген ұлы қазақтан қыз алды. Қазақстанда тұрып жатқаныма 73 жыл болды. Біз үшін әлемде қазақ жерінен артық ешқандай жер жоқ. Бұрынырақта колхоз директорының: «Айтшы, Хусан, мен сені шетелдің жақсы бір курортына жіберейін» дегені бар. Сонда айтқанмын: «Жолдама берсең, осы Жармадағы Суықбұлаққа барайыншы. Маған алыстың қажеті жоқ» дегем. Әлі де сол пікірдемін», – дейді қария.

Қоштасарда ақсақал екі өтініш айтты. Біріншісі – үйінде жарық жоқ, мотормен отыр екен. «Осыған бір көмек болса, жақсы болар еді», – деді. Екіншісі, осыдан бір-екі жыл бұрын Семейде бас сүйегіне ота жасатыпты. «Газет арқылы маған ота жасаған, жанымды аман алып қалған жас жігіт Тілеуқұл Қойшыбаевқа алғыс білдіргім келеді. Енді қанша ғұмырымыз қалды дейсің?! Осы тілегімді жеткізіңдерші, қарақтарым!»,- деді ақсақал. «Жарайды, тілегіңізді орындауға тырысайық», – дедік біз. Қария кетерімізде: «Келе жатқандарыңды ертерек ескертсеңдер ғой, қой сояр едім», – деген қалжыңмен шығарып салды.

А.Әбіл

Осы айдарда

Back to top button