Білім

БАЙЫРҒЫ ОҚУ ОРНЫ

 Қазақстанның шығысындағы ең байырғы, әрі зор беделге ие танымал оқу орны – Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті. Іргетасының қаланғанына 85 жыл толғалы отырған университет төл тарихын 1934 жылы құрылған Семей мемлекеттік педагогикалық институтынан бастайды.

Қаламызда әр кездері ашылған зоотехникалық-ветеринарлық (1952), технологиялық (1963), қаржы (1995) институттары өңірдің ғана емес, республика ғылымы мен өндірісінің көптеген салаларына жоғары білімді мамандарды сапалы даярлауға жетісті.

Қазақстан үкіметінің қаулысымен 1995 жылы жоғарыда аталған институттар біріктіріліп, «Семей» университетін құру туралы шешім қабылданды. 1999 жылғы үкімет қаулысымен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті  болып аталды. Өткен сексен бес жыл біздің оқу орны үшін де, тұтастай Қазақстан білімі мен ғылымы үшін де ірі тарихи белес.

Жоғары оқу орнын алпыс мыңнан астам түлек тәмәмдап, өмірге жолдама алды. Олардың ішінде атағы елімізге әйгілі тұлғалар М.Сағдиев, министрлер Қ.Балахметов, Т.Нұрқиянов, Ф.Новиков, Сенат пен Мәжіліс депутаттары Т.Мұхамеджанов, Ғ.Есім, Н.Қалиев, А.Милютин, Социалистік Еңбек Ерлері Ж.Шайжүнісов, В.Еременко, Олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіровтер біздің мақтанышымыз.

Оқу-әдістемелік жұмыстарды жан-жақты дамыта отырып, оқу сапасының жоғары деңгейде болуына жетісу – университет ұжымының алдындағы басты міндет. Университет педагогикалық, аграрлық, инженерлік-технологиялық, экономикалық бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Шәкәрім университеті Германиядағы сапалы білім беруде алдыңғы қатарда тұрған Вильгельм Вестфаль университетінің озық оқыту технологияларын ұтымды пайдалануарқылы студенттерге сапалы білім беруде. Бүгінгі таңда «Электрондық университет e-Shakarim» орталығы арқылы 2000-нан астам адам білім алуда.Электрондық оқыту – қазіргі заман талабына сай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жаңа ақпараттық технологияларды игерген білікті маман болуға ұмтылатын талапкерлерге арналған технологиялардың бірі.Шындығында да, электрондық оқытудың шегі жоқ. Аталмыш орталық арқылы мүмкіндігі шектелген жандар, сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарынан студенттер білім алуда.

2016 жылы жасалған меморандум аясында, 2017 жылдың 12-ші мамыр күні Шәкәрім университетінде Кьюнгдонг университетінің SKACC халықаралық факультетінің ашылу салтанаты өтті. SKACC халықаралық факультетінде студенттер қосдипломды бағдарлама бойынша білім алуда. Бірі – қазақстандық болса, екіншісі – Кьюнгдонг университетінің дипломы. Кампустары  Малайзия, Вьетнам, Индонезия және Тайландта жұмыс істейтін корейлік жоғары оқу орны әлемдегі таңдаулы білім ордаларының қатарында. SKACC Халықаралық факультеті бірнеше мамандықтар бойынша әзірленген және бекітілген интеграцияланған оқу бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяның KYUNGDONG университетімен тығыз жұмыс істейді. SKACC Халықаралық факультетінің деканы – IT саласының жоғары деңгейлі маманы, Үндістан азаматы. профессор Бакиярадж. Сонымен қатар халықаралық факультетте Оңтүстік Кореядан, Қытайдан, Үндістаннан, Швейцариядан келген профессорлар дәріс оқиды. 2019 жылдың қыркүйек айынан факультетте Оңтүстік Кореяның Кьюнгдонг университетінің Смарт Компьютинг координаторы профессор Азам Хоссейн онлайн сабақ өткізеді. Биылдан бастап SKACC халықаралық факультеті қос дипломды бағдарламаны Қытайдағы Шэньжэнь университетімен де жүзеге асыруда.

Оқытушылар мен студенттердің ғылыми жұмысы басшылықтың жіті бақылауында. Университетте жүйелі жұмыс атқарып келе жатқан ғылыми-зерттеу лабораториялары өз жемістерін беруде. Биылғы оқу жылында құрылған ғылыми кафедралар зерттеу нәтижелерін оқу процесінде кеңінен пайдаланып ,ғылым жетістіктерін тікелей өндіріске енгізуге жол ашатындығына сеніміміз мол.

Өңіріміз үшін университет жанынан құрылған франшиза мен технологиялар орталығы жаңа технологияларды коммерциализациялауға, бизнес тарапынан қаржы тартуға мүмкіндік береді. Жас ғалымдардың гранттық жобаларға қатысуына көмектеседі. Аса қажетті мамандықтар бойынша PhD докторантураға университет қаржысымен оқытуға да мән беріледі.

Университет жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын ойдағыдай іске асыруда. Атап айтқанда, 6D072700 – Азық-түлік тағамдары технологиясы, 6D073500 – Тағам қауіпсіздігі, 6D072400 – Технологиялық машиналар және жабдықтар, 6D072300 – Техникалық физика мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Сондай-ақ 6D120100 – Ветеринариялық медицина, 6D011400 – Тарих мамандықтары бойынша PhD докторантура бар.

Университетте тәрбие саласы да алдыңғы орынға қойылған. Студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдары жүйелі түрде жұмыс атқаруда.«Конгресс», «Парасат» интеллектуалды дебат клубы, «Карагөз» жастар театры, «Қазақстан студенттер Альянсы», «Жас Отан», «Серпін» іскерлер одағы, «Еріктілер» тобы, «Enactus» ұйымы, «Artunion» өнерлілер ұйымы қазіргі уақытта облыс, республика деңгейінде танымал.

Атаулы әлеуметтік көмектің нақты Шәкәрім университетінде жүзеге асу нәтижелері мен атқарылмақ істер төңірегінде ой өрбітейік. Аталмыш мәселені университеттің ғылыми кеңесінде жан-жақты талқылай келе, «Әлеуметтік Университет» жобасын бекіттік. Бұл – ұжымда қызмет істейтін және әлеуметтік жағынан аз қамтылған  қызметкерлер мен жұмысшыларға  жүйелі қолғабыс жасауға бағытталған жоба. Өз мүмкіншіліктерімізді егжей-тегжейлі сараптай келе, университет ғылыми кеңесінде төмендегі ауқымды үш мәселе шешілді:

Бірінші. 2019 жылдың 1 қаңтарынан жалақы мөлшері ең төмен 217 оқу ісіне қолдау жасайтын және техникалық құрам қызметкерлеріне  жалақы           20-50%-ға  дейін  жоғарылатылды. Ақпан айынан кітапхана қызметкерлерінің еңбекақысы 35-45 пайызға дейін өсті.

Екінші. Осы жылдың 1 ақпанынан төрт және одан да көп балалы қызметкерлерге әр баласы үшін 10 000 мен 15000 аралығында, сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін баласы бар ата-аналарға еңбек өтіліне байланысты 20 000 теңгеден қосымша көмек ретінде төленуде.

Үшінші.Тұңғыш Президент Парламент пен Үкіметтің бірлескен отырысында ипотекалық несиелендірудің жаңа бағдарламасын және өзге де ауқымды әлеуметтік реформаларды іске асыруды ұсынған болатын. Осы орайда баспана мәселесінің аса көкейкесті екендігі ескеріліп, университеттің 13 қызметкеріне қызметті күйдің кілті табысталды.

Дәл осындай қамқорлықтың жалғаса түсетіндігі сөзсіз. Мұнымен шектелмей ұжым аясында басталып кеткен және шешілуі ғылыми кеңесте қадағаланған істерді көрсете кету артықтық етпес. Денсаулық сақтау мекемелерімен ынтымақтаса отырып және келісім негізінде университет студенттері мен қызметкерлеріне амбулаторлық және стационарлық қызмет көрсету, қажет етсе жоғары санатты жеке саладағы мамандардың кеңесін ұйымдастыру, 50 000 теңгеден аз жалақы алатын қызметкерлердің қоғамдық көлікте жүруіне ай сайын 1900 теңгеден үстемақы төленеді.

2019 жылдың қаңтар айынан 190 ғылым докторлары мен кандидаттарына ғылыми дәрежесі үшін төленетін айлық ақша мөлшері 3 041 667 теңгеге көбейді. Жазғы демалысты ұйымдастыру жағдайы да құнтталған. Атап айтқанда, биылғы жылдан бастап университет қызметкерлеріне демалу мен емделу үшін 60 жолдама, олардың балаларына 100 жолдама бөлінбек.

Университет ұжымы өзінің кадрлық резервін дайындауға үнемі назар аударуда. Бұл мақсатта мұқтаж мамандықтарға әріптестерімізді докторантура мен магистратурада өз қаражатымызбен оқытуды ұйымдастырып келеміз. Егер қызметкер мен жұмысшының баласы Шәкәрім университетінде білім алуға тілек білдірсе, 10-50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ өңірдің ғылым, шығармашылық, спорт саласында бейімі бар, конкурстарда жеңімпаз атанған түлектеріне университетке түсу гранты табысталады. Мәселен, «Жастар жылына» орай және наурыз айында өткен дүниежүзі қазақтарының «Халықаралық білім құрылтайы» аясында түрлі конкурстар ұйымдастырылып, мүшәйра, әдебиет, сурет, музыка, спорт салалары бойынша 120-дан астам жас талапкерлер бақтарын сынады. Солардың арасынан алты өнерлі ұлан атаулы оқу грантын жеңіп алды.

Бір сөзбен түйгенде,  Шәкәрім университетінде атқарылмақ сан тармақты істердің көздеген мақсаты біреу. Ол – сапалы білім беру, саналы, отансүйгіш маман даярлау.

Арап Еспенбетов,

Шәкәрім университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Семей.

Осы айдарда

Back to top button