Қоғам

БАЙТОҒАСТЫҚТАР БАҚУАТТЫ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР

БАЙТОҒАСТЫҚТАР БАҚУАТТЫ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР
Байтоғас ауылы көл жағасында орналасқан. Қазір онда 118 үй бар, тұрғындар саны – 535 адам. Негізінен балық аулап, күнкөрістерін көріп отырған тұрғындар бес жылдан бері көлден нәпақаларын ала алмауда. Оның түрлі себептері бар екен. «Алайда, таяу арада Астанадан жақсы жаңалық естіп қалармыз», дейді мал өсіріп, басқа да шаруаларды тындырып жатқан ауыл тұрғындары.

Бізді Тұғыл ауылдық округінің ауыл шаруашылығы жөніндегі бас маманы Құмарбек Сабырбаев қарсы алды. Өз ісіне мығым, есеп-қисапты жатқа соғатын азамат атқарып жатқан істерімен таныстыра бастады? – Ең алдымен аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевқа ауыл тұрғындары атынан алғысымды білдіргім келеді,-деп бастады әңгімесін Құмарбек Кеңесбекұлы.-Ауылымыз көріктене түсті. Аудан басшысының қамқорлығы нәтижесінде бұрынғы ескі клуб күрделі жөндеуден өтті. Оған 6 миллион теңге жұмсалды. Фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп, көшеге жарық тартылды. Екі миллион теңгеге жол жөнделді. Қазір ауылда «Құлыншақ» атты жеке меншік бала бақша бар. Оны осы ауылдың тумасы Нұржан Қанжекенов өз қаржысын жұмсап, 23 миллион теңгеге салып берді. Байтоғастағы орта мектепте 40 жыл жұмыс істеген, білім ордасына жетекшілік еткен сыйлы апайымыз Ғалия Мәуітханқызына алғыс білдіргіміз келеді. Ол кісі қазір балабақшаға жетекшілік етуде. Бұл күндері бақшада 22 бала тәрбиеленуде, оларға төрт мезгіл тағам беріледі. Орта мектепте тағы бір топ бала тәрбиеленуде. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген емес пе, балықшылар ауылы алдағы уақытта да көркейе береді.

– Қазір Байтоғаста екі шаруа қожалығы, екі мал бордақылау алаңы, төрт дүкен, екі наубайхана, бір кондитерлік цех, бір доңғалақ жөндеу шеберханасы, бір кірпіш шығару цехы, бір тойхана жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындары балық аулаға лицензиясы болмаса да, көрші «Рыбаки Зайсана» өндірістік кооперативі мен «Ұлтарақ», «Төретоғам» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшартқа отырып, өз тіршіліктерін жасауда. 18 балықшы биыл 20 мың келі балық аулауға рұқсат алды. Аманшылық болса, алдағы күннен үміт күтеміз, Байтоғас балықшыларының айдын көлге шығып, балық аулайтындарына, сөйтіп, мемлекет бюджетіне қаржы құятындарына сенгіміз келеді, – дейді осы ауылдың байырғы тұрғыны Мұрат Тастанбеков.

Аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев мынадай бір деректерді көлденең тартты. – «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 2013-2014 жылдары жеті адам 11,5 миллион теңге несиені 6 пайыз жеңілдікпен алып, шаруаларын шалқытып жатыр. Атап айтқанда, Нұрасыл Нұралыұлы, Мира Жұманова, Досжан Тоқсановтың әрқайсысы бір жарым миллион теңге несие алып, ірі қара мал өсіруде, кондитерлік цех ашты. Ерлан Уатқанов деген азамат бір миллион теңгеге доңғалақ жөндеу, Қайрат Наушебаев бір жарым миллион теңгеге кірпіш шығаратын цехты ашқан. Шағын ауылда жөндеу шеберханасы неге қажет деген сауалға оралсақ, ауыл адамдары бақуатты тұрады, әрқайсысының бірден, екіден көліктері бар. Ауылдағы тұрғын үйлер қандай сәнді, соңғы бес-алты жылда Байтоғастан басқа жаққа қоныс аударушылар тіркелмепті, себебін білдіңіздер, – дейді әкімнің орынбасары.

Байтоғастағы тіршілікке көңіл толады, ажарланған ауыл тұрғындарының ертеңгі күннен үміт күтетіндеріне сенімдері мол.
Оңдасын ЕЛУБАЙ
Тарбағатай ауданы.
Суреттерде: «Құлыншақ» бала бақшасының сәбилері мен тәрбиешілері, ортада құрылысты салып берген Нұржан Қанжекенов.
Суреттер автордікі.
Сур. Почта Дидар, 2017-03-12, DSC 08823, 08826.

Осы айдарда

Back to top button