Бақыршықтың алтыны 30 жылға жетеді

Бақыршықтың алтынды белдерінде бүгінде ауыр техникалар атой салып жүр. Оның барлығы – ресейлік «Полиметалл» компаниясына қарасты Бақыршық тау-кен өндіруші кәсіпорнының техникасы.
Бұл компания біздің өңірге 2014 жылы әйгілі Қызыл жобасын игеру үшін келген болатын. Жобаға енген Бақыршық және Большевик кеніштері алтынға аса бай кен орны саналады. Алмақтың да салмағы болатыны белгілі. Қызыл жобасына иелік еткені үшін ресейлік компания облыс және аудан әкімдігімен әлеуметтік жауапкершілік бойынша бірнеше меморандумға отырған. Сол меморандум аясында Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны бүгінге дейін 1,74 млрд. теңге инвестиция салыпты.
Бақыршық кенішіне инвесторлардың табаны алғаш тиген кезде-ақ Әуезов кентінің қордаланған мәселелері алдан шыққан болатын. Әсіресе, жертөлесі қоқысқа толып, су құбыры ойрандалған көпқабатты үйлердің кейпі көңіл құлазытатын. Меморандум аясындағы міндеттің бірі – кенттің ауызсу жүйесін жаңалау еді. Екі жарым мың халқы бар Әуезов кентіне осылайша өркениеттің ұшығы қайта оралғандай болды. Су құбырлары жаңаланып, жертөлелер қалыпқа келтірілді. Жылу қазандығы да жаңадан салынды. Қызмет сапасына сәйкес жаңа тариф те пайда болған. 300-ден астам тұтынушысы бар жылу қазандығы мен инженерлік жүйе кен өндіруші компанияның балансында қала бермек.
Әлеуметтік жауапкершіліктің шапағатын көрген тағы бір нысан – кенттегі амбулатория.
-Емхана көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатқан. Инвестор салған қаржының арқасында әуелі бірінші қабат күрделі жөндеуден өтіп, шатыр мен қасбеті жаңа кейіпке енді. Ал тозығы жеткен есік пен терезелер пластикпен алмастырылды. Қажет құрылғылар алуға да компания көмектесіп тұрады. Көздің қысымын өлшейтін қымбат құралды солар алып берген, – дейді бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрзада Смағұлова.
Жаңа жедел жәрдем көлігін де кен өндіруші компания алып беріпті. Компания жыл аяғына дейін аталмыш нысанның екінші қабатын жөндеп, бірнеше кабинетті қажет құралдармен және жиһазбен жабдықтамақшы.

Инвестордың көмегімен кенттегі «Аққу» балабақшасының екінші рет өмірге келгенін газеттің бұған дейінгі сандарында да жазғанбыз. Тоқсаныншы жылдары есік-терезесі тоналып, тоқал тамға айналған ғимарат бүгінде бала бақытының базары іспетті. Сәбилердің дұрыс дамуына қажет дүниенің барлығымен қамтылған балабақша 180 орынға шақталған. Соның арқасында кенттегі балабақша мәселесі алғашқы бірнеше жылға шешілді деуге болады.
-Балабақша ашылғанда, қуанған адамның бірі мен едім. Өйткені, қолдағы баланы бағатын адам болмады. Ондай адам тапқан күннің өзінде мамандығыма сай жұмыс табылмас еді. Қазір осы «Аққуда» тәрбиешімін. Балам да көз алдымда жүреді, – дейді Назгүл Маратқызы.
-Қызыл жобасының аясында біздің кәсіпорында 590 адам жұмыс істеп жатыр. Соның 40 пайызы жергілікті тұрғындар. Бұл жердің алтынын қазу жоғары технологияны талап етеді. Сондықтан сырттан нағыз мамандарды тартуға тура келіп отыр. Бағасы екі миллион долларға дейін жететін импорттық көліктерді білікті адам айдауы керек қой, – дейді Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының директоры Юрий Овчинников.
Кәсіпорын біртіндеп болса да жергілікті жастарды кен өндірісіне баулуға көшкен. Жыл сайын Шалабай мен Әуезов кентінен төрт мектеп түлегі инвестор ұсынған грант бойынша кенші мамандығын игеруде.
-Биыл біздің мектепке үш грант бөлмекші. Бақыршықтағы қайнаған жұмысты көріп жүрген түлектердің осы мамандыққа деген қызығушылығы да ерекше, – дейді Бақыршық орта мектебінің директоры Дәулет Шаяхметов.
Кенттегі жөндеуге сұранып тұрған тағы бір нысан – осы орта мектеп. Қасбетінің өзі кеңес дәуірін еске салатын ғимаратты күрделі жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылған екен. Инвестор сол күрделі жөндеудің жобалық сметасын дайындауға алты миллион теңге бөліп отыр. Ғимараттың бір бұрышынан күрес залын жабдықтауға да кен өндіру кәсіпорны демеушілік жасаған.
Жобаның жүзеге аса бастауы Жарма ауданының өндірістік тынысына да жаңа леп қосты. 2010 жылдан бергі төрт жыл ішінде Бақыршық пен Большевикте өлі тыныштық орнаған. Өйткені, бұған дейін бас сұққан шетелдік компаниялар Бақыршықтың алтынын аршудың тиімді әрі зиянсыз тәсілін таба алмай, қайласын арқалап кері қайтқан болатын. «Полиметалл» компаниясы кенішті әуелі ашық түрде игермек. Кен 700 метрге дейін ашық әдіспен алынады да, кейін шахталық тәсілге көшеді.
Кәсіпорын директоры Юрий Овчинников алғашқы алтын концентратын 2018 жылы ала бастайтындарын айтады. Ал 2019 жылы өндіріс толық қуатына енеді. Осы кезде жылына 10 тоннадан астам алтын өндіру жоспарлануда.
-Бұл кеніште шамамен 282 тонна алтын қоры барланған. Бұл алдағы 30 жылдың азығы деуге болады. Біз қайта қалпына келтірген балабақшада тәлім алған сәбилер ертең осы кәсіпорынға білікті маман ретінде келіп жатуы да мүмкін, – дейді Юрий Овчинников.
Жоғарыда аталған меморандумдарға сәйкес компания жыл сайын аудан әкімдігіне 30 млн. теңгенің көлемінде демеушілік жасап келеді. Биыл бұл сомаға Шалабай және Солнечное ауылының жолдарына автобус аялдамасын орнату, Әуезов кентіндегі амбулаторияның екінші қабатын жөндеу, «Арман» жастар клубы мен кент әкімдігінің акт залын жөндеу, Қалихан Алтынбаевқа ескерткіш қою және ақын атындағы республикалық айтысты қаржыландыру, Әуезов кентіндегі орталық саябақты абаттандыру жобалары енген.
Елбасы Жолдауында: «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс», – делінген. Жоғарыда айтылған игі шараның бәрі осы міндеттерден туындап отыр.
Есжан Ботақара