Қоғам

Бақыршық кәсіпорны іске қосылды

Бақыршық кәсіпорны іске қосылды


Қазақстанның өнеркәсіп картасында жаңа алтын өндірісі пайда болды. 2014 жылы Ресейдің «Полиметалл» компаниясы аталмыш кен орнын игеруге инвестор ретінде тартылған болатын. Төрт жылдың ішінде Бақыршықтың алтынын игеру жобасы жасалып, кәспорынның цехтары мен жұмысшылар қалашығы бой көтерді. Кәсіпорынның ашылуына облыс әкімінің Серік Ақтанов, «Полиметалл» АҚ бас директоры Виталий Несис қатысып, Әуезов кентінің тұрғындарын елеулі оқиғамен құттықтады.

– Шығыс Қазақстан алтын, мыс және мырыш қоры бойынша елімізде бірінші орын алады. Жылдың алғашқы бес айында металл өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 85 пайызға артты. Бұл өзгеріске «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» өлшеусіз үлес қосты, – деді Серік Ақтанов.

Бақыршық кәсіпорны іске қосылды

Инвестордың айтуынша, Бақыршық кені құрылымы жөнінен аса күрделі түзілім саналады. Қазылған кеннің 20 тоннасынан 7,7 грамм алтын өңделеді деген есеп бар. Мұндағы таза алтын қоры 280 тонна деп бағаланған.

– Соңғы 50 жылда Бақыршық кенін игеруге көптеген компаниялар күш салған болатын. Соның ешбірі оның кілтін таба алмаған. Бұл кәсіпорынның ашылуы – тек Әуезов кенті үшін ғана емес, бүкіл Жарма ауданы үшін тарихи оқиға. Қазір Әуезов кентінде жұмыссыздық деген атымен жоқ. Компания төрт жылда бюджетке 4,5 млрд теңге салық түсірді, – дейді Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов.

Бақыршық кәсіпорны іске қосылды

Кәсіпорын толық қуатына 2019 жылы енеді деп жоспарланған. Бұл уақытта жылына 10 тонна алтын өндірілмек. Алғашқы 10 жылда кен ашық әдіспен өндірілсе, екінші кезеңде 20 жылдан астам уақыт бойы шахталық тәсілмен игеріледі.

Қазір кәсіпорында 990 адам жұмыс істеуде. Оның 40 пайызы Әуезов кенті мен іргедегі ауылдардан жасақталған. Жыл аяғына дейін жұмысшылар санын 1031 адамға жеткізу жоспарлануда.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button