ҚоғамТОП

Байрағымыз төрде желбірейтін болды

Тәуелсіз мемлекеттің тұрғыны ретінде туымызды енді еркін пайдалана аламыз. Осыған дейін өз туын балконға ілген бірқанша азаматқа айыппұл салынғаны белгілі. Енді көк туды көңілі қалаған адам төріне іліп қоя алады. Премьер-Министр Мемлекеттік Туды үйлердің қасбетіне, балкондарға ілуге рұқсат беретін қаулыға қол қойды.

Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Туды кеңінен қолдану туралы ұсынысты қолдайтынын айтқан болатын. Ал туды қолдану туралы Ата Заңымызда тайға таңба басқандай етіп жазылған.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» №801 қаулының 4-тармағының бірінші бөлігінде былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үй емес үй-жайларда), оның ішінде балкондар мен салтанатты шаралар өтетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана (орнату орналастыру) алады».

– Парламенттің бірқатар депутаты мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, Мемлекеттік Туды кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын. Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік Рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Елдің кез келген азаматы өз туын мақтан етіп төріне іліп қойса, досына айбар, дұшпанына сес болары анық. Осыған дейін қазақстандықтар «Мен туымды мақтан етемін» флешмобын ұйымдастырған болатын. Ол атышулы «Борат-2» фильмінің шығуына байланысты қолға алынды. Фильмге Қазақстан Туын пайдаланып, жарнама жасалуы халық наразылығын тудырды.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button