Бақылау тәулік бойы жүргізіледі
Өңірдің далалық аймақтарында қыстайғы қардың басым дені еріп кетті. Тасқынның бірінші толқыны еш қиындық тудырмай ойдағыдай өтті. Бұл жөнінде аудан-қала әкімдері арнайы өткен жиын барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ алдында есеп берді.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жетекшісі Нұрлан Мадияровтың мәлімдеуінше, қар тек таулы учаскелердің ағын түзуші аймақтарында ғана қалып отыр. Бұл жағдай өз кезегінде айдың соңына қарай өзендерге құйылу қаупін туындатуы мүмкін. Мамандар елді мекендерді су басып қалмас үшін қажетті шараларды қолға алып, жайылма суларды айдап шығару, мұз кептелістері орын алған жерлерде тасқынның алдын алу жарылыстарын жасау секілді жұмыстарды уақытымен жүргізуде. Тасқын қаупі бар учаскелердегі 16 мыңнан астам тұрғынға су басу қаупі төнгенде қалай әрекет ету керектігі түсіндірілген.
Даниал АХМЕТОВ мамандарға ауа-райын ескере отырып, қар суының су қоймаларына қарқынды құйылуына жол бермеу үшін Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларындағы алдын ала болжамдарды әзірлеуді тапсырды.
Ал қалалар мен аудандар әкімдері көктемгі тасқынның алғашқы легі ешқандай қиындық тудырмағанын айтты. Дегенмен, тәуліктік бақылау тоқтатылмайды. Себебі, мамыр айында таудағы қар суының тасқыны күтіліп отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі