Қоғам

Байлар да етік жаматып киеді

– Мен жамаған етіктердің ішіндегі бағасы ең қымбаты 180 мың теңге болды. Одан да бағалы етіктерді жамаған болуым да мүмкін. Өйткені өздері  айтпаса, өзім ешқашан етік жаматушының аяқ киімінің бағасын сұраған емеспін. Сондықтан тек  кедейлер етік жаматып киеді деуге болмайды, – деп бастады әңгімесін етікші Жібек Бабанова.

Ине мен біздің игілігін көріп отырған Жібек Бабанованың етік жамайтын орны Жібек маталар комбинаты ауданындағы «Айгерім» сауда үйінің жертөлесінде орналасыпты. Жұлығы шыққан етіктерін қолға ұстаған бірнеше адаммен бірге біз де жертөлеге еңкейіп  кіріп бардық. Бірі 1500 теңге беріп етігін алып кетсе, енді бірі екі жұп етігін жамауға қалдырып 2800 теңге төлеп кетті.

– Етік жаматып киетін елдің қатары көп сияқты ғой, – деп етікші апайды әңгімеге тарттым.

– Мен осыдан он жыл бұрын етікші болып бастағанда келетін адамдардың қатары көп болатын. Арада біраз жыл азайып қалды да, қазір қайта көбейіп келеді. Кем дегенде күніне сегіз адам, кейде одан да көп адам етік жаматуға келеді. Сонда жылына орта есеппен  үш мыңға жуық адам етік жаматады деуге болады. Міне, бәрі дәптерде жазулы тұрады. Мысалы, кеше 11 адам, алдыңғы күні сегіз адам, бүгін осы уақытқа дейін тоғыз адам етігін тастап кетті. Негізі күздің соңы мен көктемнің басы етікшінің табыс табатын мезгілі. Ол кездерде аяқ киімдердің жыртығын тігіп, жамап үлгермей жатамыз, – деп Жібек апайымыз әңгімесін бастай бергенде жасы елулер шамасындағы еңгезердей ер адам кіріп келгендіктен сөзімізді үзе тұруға тура келді.

Етігінің өкшесіне тақа қақтыруға келіпті. Етікші апай материал жоқ болғандықтан «ертең келіңіз», деп қайтарып жіберді. Жалпы осы кейбір еркектер жалқау деп әңгімесін ары қарай жалғады.

– Талай еркекті көрдім қолына балға ұстап бір шеге қақпайтын. Ал оның әйелі жатпай-тұрмай еңбек етіп жүреді. Қызық! Біз осыдан он жыл бұрын Ұланның Алғабас ауылынан қалаға көшіп келдік. Баламызды оқыту керек болғандықтан ауылдан қалаға қарай бетбұрдық. Келген соң жұмыс таппай біраз жүрдім. Бір күні осы «Айгерім сауда» үйіне жұмыс іздеп келіп, дәл осы жерде етік тігіп отырған орыс азаматын көріп қалдым. Неге екенін білмеймін бардым да:   «Маған етік тігуді үйретіңізші», –  деп едім бетіме қарап тұрды да, «шын үйренгің келе ме?» деп сұрады. Ал мен болсам оған дейін ешқашан етік жамап көрген жоқ едім. Алайда әкем іске шебер, өрмеші, етікші, ал анам ісмер адам болғандықтан барлығын көріп өстім. Санамда барлығы сақталған болса керек, етік жамауды бірден үйреніп кеттім. Бір қызығы менің қайын атам да етікші кісі болыпты. Сондықтан болар күйеуім де бұл ісіме қолдау көрсетіп отырады, –  деп бір қайырды әңгімесін етікші.

Жібек апай өз жұмысын мақтан тұтатынын айтады. «Бәз біреулер сияқты жұмысым үшін арланған емеспін», дейді. Сапалы жұмыс істесе тұрақты клиенттерінің де саны арта түсетінін жақсы түсінеді.

«Өкіметке де, өзгеге де арқа сүйегім келмейді»

 

Тетігін білген адамға тегін гранттар көп екенін айтып едік кейіпкеріміз онша жақамады. Алып та көрмегенін, алғысы да келмейтінін айтып кеңкілдеп күліп қойды.

– Жалпы ондай мүмкіндіктер бар екенін таныстарым айтқан, өзім де естіп, біліп жүрмін. Бірақ мен өкіметке де, өзгеге де арқа сүйеп өмір сүргім келмейді. Өз күнімді өзім көруді  қалайтын адаммын. Сол мінезімнен болар осындай жеке шаруамен айналысып отырғаным. Десе де мен үйреніп алу үшін осы арадағы етікшінің қол астында жеті жыл жұмыс істедім. Онда да табысты елуде-елу пайызбен бөлісетін едік. Соңғы үш жылдан бері бұл жұмысты өзіме меншіктеп алдым. Қазір өзім жұмысшы, өзім қожайын. Алдағы уақытта бірнеше шәкірт тәрбиелеп алып, жұмыстың ауқымын арттыруды армандап отырмын. Келешекте «керз» етіктер, мәсі, тағы да басқа сұраныста бар дүниелерді тігу жоспарда бар. Ол үшін біраз қаржы да керек дегендей. Ол енді уақыттың еншісіндегі дүние, – дейді.

Етікші апай тағы бірнеше клиентін аттандырып жатқан кезде менің көзім қаз-қатар ілулі тұрған кілттерге түсті. Кілт жасап, пышақ қайрау етікшінің қосымша табыс көзі екен. Үйдің, машинаның кілтін адамдар көп жоғалтатын көрінеді. Сондықтан кілт жасатуға келетін адамдардың да қатары аз емес екенін айтады. Қуықтай қуыста отырып-ақ бірнеше іс жасап, табыс тауып отырған апайдың тапқырлығы мені таңғалдырғаны рас. Сөйтсем етікші Жібек апай есепші мамандығын оқыған екен.

– Алматыдан есепші мамандығы бойынша білім алдым. Оқуым аяқталған соң әке-шешеме қолқабысым тисін деген ниетпен ауылға қайттым. Содан ауылда тұрмыс құрып, бала-шағалы болып тіршіліктің тізгінінде кеттік де мам андығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Алайда ата-анама көмегім тиді. Үйде ағам мен бауырымның ортасында өскендіктен ұл баланың шаруасына бейім болдым. Есепші оқып алып, етікші болып кеткенім содан да шығар, – деп күлді Жібек Бабанова.

«Білім – ырыстың тізгіні» деген осы болса керек. Жылдар жылжып өтсе алған білімін бизнес көзінде кәдеге жаратып отырғанына көз жеткіздік. Аядай бөлмеде кілт жасап, пышақ қайрап, етік тігіп үш бірдей іспен айналысып отыр. Қолыңнан іс келіп, басыңда білім болса кез келген уақытта кәдеге жаратуға болатынын дәлелдеп тұрғандай.

 

Көпбалалы аналар көп келеді

 

Бізге жалпы жұрттың қарыны тоқ, уайымы жоқ, киімі бүтін сияқты көрінеді. Көпшілік те солай көрінуге тырысады. Алайда жалаң аяқ қоғамның шындығы етікшінің алдында ашылып қалады екен.

– Біз біріміздің етігімізді біріміз киіп өскен ұрпақпыз. Оны көп адамдар ұрпаққа үлгі, қанағат ретінде айтып келеді. Алайда осы үрдіс әлі де жалғасып келе жатыр деуге толық негіз бар. Өйткені маған етік жөндетуге келетін көпбалалы аналар баршылық. Бірінің етігін біріне кигізу мәжбүрлік ғана емес, дүниенің қадір-қасиетін білуге де байланысты. Қазіргі киімнің сапасы да әртүрлі. Кез келген аяқ киімнің жыртылып тұратын кішігірім бір жері болады. Ал оны тастай салуға обалсынатындар бар. Әрине, ол бір жағынан дүниенің қадірін білу, екінші жағынан расымен жоқшылық деп ойлаймын. Білесіз бе, байлар да етік жаматып киеді. Қымбатқа алған аяқ киімін тастауға қимай өкшесін, сыдырмасын, табанын жөндетуге талайы келеді. Сондықтан етігі жыртылғанның бәрін кедей деуге болмайды.

Арасында етігін сүйретіп пенсиядағы апалар келеді. Алатын ақшасы дәрісінен аспағандықтан аяқ киімін жамап киюге мәжбүр. Ондай жағдайда тегін тігіп беретін кездерім болады. Ал саусағы алтынға толы апалардан тиесілі еңбек ақымды алып аламын. Өйткені маған да өмір сүру керек қой, – дейді Жібек Бабанова.

Кейде еңбегінің зая кететінін айтқан етікші апай кейбір адамдарда жауапкершілік жоқ болатынын да тілге тиек етті. Аяқ киімін жаматуға әкеліп тастап, жоқ болып кететіндер бар екен. Ондай жағдайда етіктерді бір жылға дейін сақтап қоятын көрінеді. Егер бір жыл ішінде келмесе жамалған аяқ киімдерді жағдайы жоқ, зәру адамдарға тегін беріп сауапты іс жасайтынын айтады. Ал адамдардың жағдайына қарап етігін тегін жөндеп бере салу Жібек апайдың жиі-жиі істеп тұратын ісі көрінеді.

Киімді күтіп кию ұқыптылықты қажет етеді. Етікші апайдың аяқ киімге қатысты кеңесіне де құлақ түрдік.  Оның айтуынша, қазіргі етіктердің сыдырмасы көп бұзылады екен. Балалар етігінің сыдырмасы сынбас үшін оған кір сабын жағып қойған жөн дейді. Аяқ киімнің сыдырмасына май жағуға мүлде болмайды екен. Ал етікке де үнемі өз кремін жаға беру зиян көрінеді. Етікті майлай берсе былғарысы сынып кететіндіктен, қыс мезгілінде әредік жұмсартатын май жағып қойған дұрыс деген кеңесін айтты.

Ежелден келе жатқан етікші болу кәсібі жаһандық өркениетке бүгін-ертең жұтылып кетпейтін сияқты көрінді. Өйткені жыл сайын етік жаматып киетіндердің саны артпаса, кеміген емес.

 

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button