Қоғам

Байланыс желісін жалғап тұрды

Байланыс желісін жалғап тұрды


Маған бұл мағлұматтарды ардагердің күйеубаласы Рахимов Өмірбек деген азамат алып келген болатын. «Соғыста қан төкпесе де, – дейді ол, – жай шақырылып, тізімде болғандардың барлығын мадақтап жазып жатырсыңдар. Ал менің атам Қадылбек Нұрғазин – соғыстың қайнаған ортасында болған нағыз майдангердің өзі. Ол кісінің ұлы Әлімжан ағамыз ұзақ жылдар бойы «Дидар» газетінде қызмет істегенімен, әкесі туралы ешқандай мақала жазбаған екен. Марқұмның аруағын бір аунатып тастайтын уақыт жеткен секілді».

Сарғайған парақтар мен жаңадан жазылған соны мәліметтерге жүгінер болсақ, Өмірбектің айтқандары шындықтан алшақ кетіп тұрған жоқ.
ҚадылбекНұрғазиннің туыстары мен оны білетін көнекөздерден естіген жайларды ол кісінің туған жиені Бақытжан Мақабаевтың Мәскеудегі КСРО Қарулы Күштерінің Бас архивіне хат жолдап алдырған мағлұматтары толықтыра түседі.

Қадылбек Нұрғазин 1922 жылы Күршім ауданының Егіндібұлақ ауылында дүниеге келіп, сол жерде өсіп-жеткен. Ұлы Отан соғысының алапаты басталған кезде ол да өзінің тұстастары секілді әскер қатарына шақырылып, майданға жөнелтіледі. 1941 жылдың желтоқсанында аттанған жауынгер соғысты аяқтап, одан соң екі жыл қызмет атқарып, елге 1947 жылдың жазында ғана оралған екен. Бейбіт еңбекке араласқан Қадылбек ағамыз ұзақ жылдар бойы колхоздың, кейіннен совхоздың есеп-қисап жұмыстарын жүргізіп, елеулі еңбек атқарды.

Ол құрамында болған Қызыл тулы 1-ші Брест дивизиясының 226-шы артиллерия полкінің екінші дивизионы да өздеріндей әскери құрылымдармен бірге қиян-кескі шайқастар жүргізе отырып, жауды батысқа қарай дүркірете қуып келе жатқан болатын. Жан бермек оңай ма, немістер де барлық қаруларынан оқ төгіп, жанталасуда еді. Бірінің артынан бірі жарылған снарядтар байланыс желісін әлденеше жерден үзіп кетіп, аса бір қысылтаяң жағдай туындады. Байланыс бөлімшесінің командирі, кіші сержант Қ.Нұрғазинге алдыңғы шептегі жауынгерлер мен дивизион басшылығы арасындағы байланысты қалпына келтіріп, үзіліссіз ұстап тұру туралы бұйрық берілді. Бұл міндеттің жүгі аса ауыр әрі жауапты болатын, оны Қадылбек те жақсы ұғынды. Ол көп ойланып тұрмастан арнайы қорапқа салынған телефон аппаратын иығына асып алып, орман ішіндегі қалың қарды омбылаған күйі алғы шепке тартты.

Жау жақын. Оның атқан оқтары ысқырып келіп, ағаш бұтақтарын қиып кетіп жатыр. Бүкшеңдеп жүріп, сымның үзілген жерін дәл тапты. Енді жалғауға кірісе бергенде өзіне қарай баспалап таяп қалған неміс солдатын көрді, көрген бойда автоматын кезеніп, атып үлгерді. Әйтпегенде өзін майып қылары даусыз еді.

Өжет жауынгер лапылдаған от пен бораған оқтың астында өз өмірі қыл үстінде жүріп, талай рет байланысты қалпына келтірді. Соның нәтижесінде алдыңғы шептегі жауынгерлер тиянақты нұсқау алып, жауға дәлме-дәл соққы беріп отырды. Сондай бір қырғын шайқас кезінде телефон сымы кешке дейін отыз шақты рет үзіліп, оны тағы да сол жанкешті қазақ жауынгері, байланысшы Қадылбек Нұрғазин қалпына келтірумен болған еді.

Оның бұл ерлігі елеусіз қалған жоқ. 1945 жылдың 14-28 қаңтары аралығында жүргізілген алапат шайқастарда байланыстың үзіліссіз жұмыс істеуіне жағдай туғызып, үлкен ерлік жасаған, екі фашистің көзін жойған кіші сержант Қадылбек Нұрғазинді 226-шы Қызыл тулы артиллерия полкінің командирі полковник А.Фуфаев 3-дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынды. Сол айдың 26-сы күні Қ.Нұрғазин Қызыл тулы 1-ші Брест атқыштар дивизиясының командирі полковник А.Карпелюктің ұйғаруымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Осының алдында ол екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін өңіріне таққан болатын.

Қанды соғыстан аман-есен оралған Қадылбек ағамыз шаңырақ көтеріп, құдай қосқан қосағы Бағдат шешеймен 35 жыл тату-тәтті тірлік кешті. Екеуі сегіз бала өсіріп, оқытып-жеткізді. Бүгінде олардан өрген ұрпақ еліміздің әр түкпірінде лайықты еңбек етіп, құрметке бөленіп жүр.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button