Байкшеринг стансалары ашылады

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың мәліметінше, 22 шілдеде шаһарда алғашқы байкшеринг (велосипедті жалға алу) стансалары өз жұмысын бастауы тиіс. Кез келген тұрғын велосипедті жалға алып, өзіне ыңғайлы жердегі стансаға қайтара алады.
– Қазіргі уақытта төрт стансаға 20 велосипед таратылды. Барлық станса бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, «Сергек» камераларының қамту аумағында орналасқан, – дейді қала басшысы.
Аталмыш қызмет сұранысқа ие болып жатса, стансалардың саны артады. Ал әзірге уақытша төрт нүкте ашылмақ. Олар Өзен вокзалында, Жеңіс скверінде, Астана көшесінің бойындағы жағалау мен «Самал» саябағында орналасады.
Жүйені пайдалану үшін тұрғындар атаулы болып табылатын және Жібек жолы, 3 мекенжайы бойынша ресімделетін арнайы карталарды алуы қажет. Карта күн сайын велосипедті 30 минут ішінде пайдалануға мүмкіндік береді. Ал одан ұзақ уақытқа өзге тарифтер қарастырылған.
Сәрсен Қабылым