Қоғам

БАЙҚАУҒА БАРЫП БАҚ СЫНАЙДЫ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

КОНКУРСҚА СЕГІЗ КӘСІПОРЫН ҚАТЫСПАҚ

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының  шағын және орта бизнес өкілдері  өз кәсіпорындары өндіріп жатқан тауарларын тиеп, буып-түйіп Астанаға аттанғалы жатыр. Олар 8 қазанда елордада өтетін  «Қазақстанның үздік тауарлары» дәстүрлі республикалық конкурсына қатыспақ. Үміттерін үкілеп отырғандардың арасында былтыр ғана ашылған зайсандық «Arnna Minerals» ЖШС де бар.

Шілде айында Өскеменде өткен «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсының аймақтық кезеңіне Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарынан  72 тауар өндіруші өз өнімдерін әкеліп, қатысқан болатын. Солардың ішінен үздік атанғандар республика деңгейінде өткізілетін конкурста облыс намысын, ұжым намысын қорғамақ.

Конкурстың ұйымдастырушысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан маңызды шараның басты  мақсаты  – отандық, жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету, оларды өз өнімдерінің сапасын арттыруға ынталандыру. Кәсіпкерлер палатасы осындай конкурсты өткізе отырып,  жергілікті тауар өндірушілерді тұтынушыларға кеңінен таныстыруға, олардың нарықтағы танымалдылығын арттыруға, отандық бренд болып қалыптасуына көмектесуде.

Жазда облыс орталығында ұйымдастырылған көрме- конкурста қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті кәсіпорындарымыздың өнімдерін өз бағасына сатып алып, кәсіпкерлер болса әлеуетті тапсырыс берушілермен, жеткізушілермен жақынырақ танысып, жаңа байланыстар орнатқан болатын.

«Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсына қатысатындар – сол аймақтық конкурста үш аталым бойынша жеңіске жеткен сегіз кәсіпкерлік субъектісі.

ӨНДІРІСТІК МАҚСАТТАҒЫ ҮЗДІК ӨНІМ

Біле жүріңіздер, жерлестер. Облыста (қазіргі Абай облысын қоса алғанда) ең сапалы, халыққа аса қажетті, бәсекеге қабілетті және қолжетімді деуге тұрарлық өнім түрін өндіріп жатқан сегіз кәсіпорын қай қалада, қай ауданда орналасқан екен.

Облысымызда өндірістік мақсаттағы ең үздік өнімдерді шығарып жатқан шағын кәсіпорын – өскемендік «SP Jet» ЖШС. Облыстық конкурста «Өндірістік мақсаттағы үздік өнім» аталымы бойынша бірінші орынды иеленген бұл кәсіпорын осы аталымда «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсына қатысады. Жеті жылдан бері еліміздің тау-кен өндірісі құрал-жабдықтарына қажетті қосалқы бөлшектер құрамаларын шығарумен айналысып отырған кәсіпорын 2018 жылдан бастап қазақстандық кеніштерге гидравликалық, пневматикалық тығыздаушы құралдар бөлшектерін де жеткізіп келеді. Өнімдерін CTX 510 Ecoline, DMH500M және SEAL JET NG060  тәрізді шетелдік бесаспап станоктармен шығарып жатқан кәсіпорын тауар түрлерін барынша көбейтіп отыр.

Кәсіпорынның өндірістік цехтарында өндірілетін өнімдер зауыт жанындағы  «Центр гидравлики» деп аталатын арнайы дүкенде сатылып жатыр. Серіктестік басшысының айтуынша, шетелден сатылып алынған құрал-жабдықтарда жұмыс істеудің жай-жапсарын шетелдік мамандардың өздері келіп, үйретіп кеткен.

Қазіргі күні   «SP Jet» кәсіпорнында  еңбек етіп жатқан 30 маманның бәрі де өз ісінің шебері. Ұжымның кез келген күрделі тапсырысты сапалы орындап шығатынына әлдеқашан көздері жеткен тапсырыс берушілер өскемендік зауытты сенімді серіктестеріне айналдырған.

Республикалық конкурсқа қатысып, отандық өндірістің дамып келе жатқанын дәлелдей алады делініп отырған келесі шағын кәсіпорын  – «MSK Group kz» ЖШС. Бұл да – өскемендік өндіруші. Кәсіпорын бұрын «Қазақстанның майы мен майлаушылары» деп аталған екен. Ескі атауы ескертіп тұрғандай шығыста гидравликалық, индустриалдық, толып жатқан түрлі өнеркәсіптік майлар мен майлаушыларды шығарып отырған жалғыз шағын кәсіпорын.

«Өндірістік мақсаттағы үздік өнім» аталымында үшінші орынға лайық деп танылған тағы бір кәсіпорын – Семей қаласындағы  «Казэлектромаш» ЖШС. Кабель өткізгіштерін шығаруға маманданған өндіріс орны қазір Қазақстан нарығының он пайызға жуығын жауып отыр.  Жоғары кернеулі, монтаждық, эмальданған тағы да басқа кабель өткізгіштері түрлерін өндіретін семейлік шағын кәсіпорын да республика бойынша осындай тауарларды өндіріп отырған бірден-бір өндіруші.

«КЕРЕМЕТТІКІ» КЕРЕМЕТ ДЕЙДІ

Қазақстанның экономикасы деградация шырмауынан шығып, шағын және орта бизнеске қолдау шындап көрсетіле бастағаннан бері сөрелерде, сауда орындарында халыққа, тұрмыстық қажеттілікке арналған тауарлар легі пайда болды.  Шүкір дейік, көп кездесе қоймаса да шетелдікінен ерекшеленіп тұратын халыққа арналған қазақстандық тауарлар қатары молайып келеді. Бағасы да, сапасы да тұтынушылар талғамынан шығып жатқан ондай өнімдерге деген сұраныс та артып отыр.

Өскемендегі «Керемет» ЖК жиһаз өнімдерінің түр-түрін шығарып жатыр. «Кереметтің» еуропалық трендтерге, жиһаз нарығындағы соңғы сәндік үлгілерге сай өндіріп жатқан өнімдері жыл сайын жаңартылып, тың топтамалармен толықтырылып келеді. Халық қалап, сатып алып жатқан жиһаз өнімдері сарапшылар көңілін аудартып, «Халыққа арналған үздік өнімдер» аталымында бірінші орынға лайық деп бағаланған.

Облыстық конкурста семейлік «Терра Вита» ЖШС-нің медицина саласына арналған жиһаздарының сапасы да жоғары бағаланып, халыққа арналған үздік өнім қатарына жатқызылды.

Семейдегі  «Роза киіз басу комбинаты» ЖШС-нің киізден жасалған аяқ киімдері, пималары бұған дейін үш рет қатарынан «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсының жеңімпазы атанғанын ел жақсы білер.  Киіздің жеті, аяқ киімнің оннан астам түрін шығарып жатқан комбинат 2019 жылы Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.

КҮРШІМНІҢ ШАБАҒЫ, ЗАЙСАННЫҢ СУЫ

Биыл облыс көлемінде өткен «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымының жеңімпазы болып Зайсан ауданындағы «Arnna Minerals» ЖШС танылды. Кәсіпорын жерасты артезиан суын өңдеп, құтыға құйып, газдалған, газдалмаған ауызсу түрін шығарып жатыр.

Бір жыл бұрын іске қосылған зауытта күніне 20-25 текше метр су шығарылады. Сапалы өнім шығару үшін кәсіпкер зауытқа заманауи құрал-жабдықтар орнатып, өндірісті табиғи газға қосқан.

Күршімдегі «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС кеңестік заманнан бері су көздеріндегі балық қорын қалпына келтірумен, толтырумен айналысып келеді. Зайсаннан, Ертістен өзге де өзен, көлдерден ауланып жатқан тұқы, сазан, ақ амур, көксеркенің біразы бүгінде осы шаруашылықта өсіп-өніп жатыр. Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен ГЭС-тері, тағы да басқа табиғат пайдаланушылар балық шабақтарын осы шаруашылықтан сатып алып, суға жіберіп келеді. Алдағы уақытта шаруашылық өсірілетін шабақтардың түрлерін көбейте түсуді жоспарлап отыр. Балық деген байлықты көбейтуге тікелей үлес қосып жатқан «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» да облыстағы «Үздік азық-түлік өнімдері» аталымының жүлдегері атанды.

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛСЫН

Астанада өтетін «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсында үш аталым бойынша 27 кәсіпорын финалға шықпақ. Одан әрі үміткерлер онлайн  дауыс беру арқылы анықталып, олардың арасынан көп дауысқа ие болған тоғыз үздік республикалық конкурстың жеңімпазы атанады.

Биылғы республикалық конкурсқа Қазақстанның әр облысынан барлығы 153 кәсіпорын қатыспақ. Олардың әкелген өнімдері өндірушінің бағасымен «ЕХРО» халықаралық көрме орталығында сатылады.

Бұған дейін әр жылдары облысымыздағы «Силумин Восток», «Эмиль», «Шығыс Сүт», «Бриссоль» кәсіпорындары «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық конкурсының жеңімпаздары атанған болатын. Зауыт ашып, өндірісін өркендетіп, жаңа кәсіп көзін тауып, өзгелерді жұмыспен қамтып, түрлі тауар шығарып, сапасын арттырып және сатып алушысын тауып, қысқасы, әркімнен артық ойлап, бизнес қазанында қайнап жүрген жерлестеріміз жеңіспен оралсын.

Осы айдарда

Back to top button